"АЛМЭКС" Halyk Bank акцияларының бір бөлігін сатуы мүмкін

333

Қаржы холдингі inbusiness.kz-ке ықтимал мәміленің жай-күйі мен мәнін түсіндірді. 

"АЛМЭКС" Halyk Bank акцияларының бір бөлігін сатуы мүмкін Фото: Максим Морозов

"АЛМЭКС" холдингтік тобы "Қазақстан Халық банкі" АҚ (Halyk Bank) акцияларындағы өз үлесінің бір бөлігін сатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"АЛМЭКС" Холдингтік тобы" АҚ инвесторлық қауымдастықтан кері байланыс ала отырып, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ ("Halyk Bank") акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттар өтімділігін арттыру мақсатында бірқатар балама нұсқаларын, соның ішінде капитал нарығында АЛМЭКС өз үлесін ішінара сату мүмкіндігін қарастыратынын жариялағаны белгілі болды. Қарастырылып жатқан нұсқалар қолайлы нарықтық жағдайларға байланысты болады. Мұның өзінде АЛМЭКС Halyk Bank-те басым үлесін сақтап қалады және Halyk Bank-тің ұзақ мерзімді табыстылығына деген ұстанымды толығымен қолдайды", – делінген холдинг таратқан мәлімдемеде.

"АЛМЭКС" холдингтік тобы заң департаментінің директоры Дәурен Суиндыков Halyk Bank акцияларының бір бөлігін сату мүмкіндігі қарастырылып отырғанын растады.

"Инвестициялық қоғамдастықтан кері байланыс алғаннан кейін холдинг акциялардың және банктің жаһандық депозитарлық қолхаттарының өтімділігін арттыруға бағытталған бірнеше балама нұсқаларды қарастырып жатыр. Үлестің бір бөлігін ықтимал сату нарықтық конъюнктураға байланысты. Бұл ретте "АЛМЭКС" акциялардың бақылаушы пакетін сақтайтынын және Halyk Bank-тің мажоритарлы акционері болып қала беретінін, оның ұзақ мерзімді табысына деген ұстанымды толықтай қолдайтынын атап өткім келеді. Әзірге соңғы шешім қабылданған жоқ, сондай-ақ ықтимал мәміле өткізілетін алаңдар немесе басқа параметрлер бойынша да шешім шығарылмады. Холдингтің негізгі мақсаты – Halyk Bank акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарының өтімділігін арттыру және оның инвестициялық тартымдылығын одан әрі дамыту", – деді Дәурен Суиндыков.

Сарапшылар негізгі акционердің Halyk Bank акцияларының бір бөлігін сату жөнінде шешім қабылдауы нарыққа теріс әсер етпейді деген пікірде.

Қазақстандық қаржыгер Расул Рысмамбетовтың айтуынша, бұл жағдайда "АЛМЭКС" акционер ретінде дұрыс әрекет етіп отыр, яғни "үлесінен және бақылауынан бас тартпайды, керісінше нарыққа жол ашып, оның қажеттіліктеріне жауап береді".

"Үлестің ықтимал және ішінара бір бөлігін сату кету дегенді білдірмейді, керісінше активтің өтімділігі мен сапасына деген сенімділікті көрсетеді. Бүгінде Halyk Bank халықаралық деңгейде жария болуға қабілетті Қазақстандағы санаулы банктердің бірі. Инвесторлардың қызығушылығы банк бренді тұрақты, ашық әрі нарықтық деп қабылданғанын көрсетеді. Меніңше, бақылау сақталады, стратегия өзгермейді. Банк басқаруды жоғалтпай, нарықтың сенімін монетизация жасайтындай кезеңге өтті. Бұл біздегі банк жүйесі үшін жақсы белгі", – деді сарапшы.

Ал экономист және TALAP орталығының директоры Асқар Қысықов "АЛМЭКС" холдингінің шешімі Halyk Bank тұрақтылығына қауіп төндірмейтінін баса айтты.

"Ірі акционер өз акцияларының бір бөлігін сату арқылы өтімділікті қолдауы қалыпты тәжірибе болып саналады. Әсіресе, Halyk Bank акцияларына деген инвестициялық сұраныстың артқанын ескерсек, бұл ірі табысты компания, тұрақты дивиденд төлейді, акциялары бұрыннан бері ұлттық және Лондон биржаларында саудаланып келеді. Мәлімдемеге сәйкес, "АЛМЭКС" холдингі бақылауды сақтайды, сондықтан мұнда ешқандай қауіп-қатер жоқ. Керісінше акцияларды сатып алатын қосымша миноритарлық инвесторлардың пайда болғаны жақсы. Бәлкім, институционалдық инвесторлар қосымша кіруі мүмкін", – деді экономист.

Energy Insights & Analytics аға басқарушы серіктесі Әлихан Байдүсенов мажоритарлы акционерлердің қоғамдық компаниядағы үлесінің бір бөлігін сатуының бірнеше ықтимал себептерін атады.

"Нарықтық тұрғыдан алғанда, мажоритарлық акционер пакетін бір бөлігін орналастыру – бағалы қағаздардың өтімділігін арттырудағы қалыпты тәжірибе. Кейде мұндай жағдайларда нарық үшін жеңілдік жасалады, өз кезегінде бұл бағалы қағаздарға деген қызығушылықты арттыруы мүмкін. Бірақ акционерде басқа себептер де болуы мүмкін, мысалы, пайданы бекіту, басқа активтерге инвестиция салу үшін қаражаттың бір бөлігін босату, инвесторлар базасын кеңейту және т.б.", – деді Әлихан Байдүсенов.

Оның сөзінше, соңғы 10 жылда Halyk Bank акциясының құны 30 теңгеден 350 теңгеге дейін өсті, ал соңғы жылдары өсім шамамен 60% болған. Сарапшы Halyk Bank жыл сайын акционерлерге көп дивиденд төлейтініне тоқталды.

"Жалпы алғанда, Halyk Bank-тің өткен динамикасы мен қаржылық көрсеткіштері оны тұрақты акция құнының өсімімен ерекшеленетін, сапалы дивидендтік кейс ретінде сипаттайды ", – деді сарапшы.

2019 жылы "АЛМЭКС" банк акцияларының өтімділігі мен тартымдылығын арттыру мақсатында осындай операция жүргізген. Бұл банк акцияларының еркін айналымдағы үлесінің өсуіне, акциялармен жасалатын мәмілелер көлемінің артуына және банк капитализациясының 3,5 есе ұлғаюына әкелген.  

Сонымен қатар Halyk Bank екінші жыл қатарынан кері сатып алу бағдарламасын жүзеге асыруда. Ұқсас бағдарлама 2024 жылы 50 млн долларға дейінгі сомаға жүргізілді. Банк өкілдерінің сөзінше, мұндай шаралар бағалы қағаздардың нарықтық құнын қолдауға, капитал құрылымын оңтайландыруға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған. Нарық мұндай бағдарламаларды банк менеджментінің бизнес тұрақтылығына және акциялардың әділ бағалануына сенімділік белгісі ретінде қабылдайды, себебі банк өз акцияларын оларды нарықта төмен бағаланған деп есептегендіктен қайта сатып алады.

"Қазақстан қор биржасы" АҚ дерегінше, Halyk Bank-тің нарықтық капиталы 7,2 млрд долларға жуықтаған. Банктің ірі акционерлері қатарында банктің жай акцияларының 69,52%-ына иелік ететін "АЛМЭКС" холдингтік тобы мен жай акциялардың 28,51% номиналды ұстаушысы The Bank of New York бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу