Альпі туры. Александр Власов 2-орынға ие болды

1204

4-кезең қорытындысы бойынша Александр Власов жалпы есепте 3-орынға көтерілді.

Альпі туры. Александр Власов 2-орынға ие болды

Astana - Premier Tech командасының капитаны Александр Власов "Альпі турының" төртінші таулы кезеңінде өзін жақсы көрсетіп, жарыс жолының соңғы метрлеріне дейін кезеңде жеңіске жету үшін күресті. Нәтижесінде тек испаниялық Пейо Бильбаоға жол беріп, екінші орынға ие болды. Осы нәтиженің арқасында Власов жалпы классификацияда 3-орынға көтерілді. Соңғы кезең алдында қазақстандық-канадалық команданың капитаны жарыстың қазіргі көшбасшысы Саймон Йейтстен 1 минут 6 секундқа қалып келеді.

22-сәуір Astana – Premier Tech командасы үшін ерекше күн. Өйткені бұл күні команда шабандозы Микеле Скарпонидің қайғылы қазасына төрт жыл болды.

"Бүгін бүкіл команда жігерлі болды. Күні бойы алдыңғы қатарда болу үшін команда маған көмектесіп, керемет жұмыс атқарды. Содан кейін соңғы асу маған байланысты болды. Асуға көтерілу барысында барымды салдым. Бүгінгі кезеңде жеңіске жетуге біртабан жақын болдым. Күн сайын бабымның жақсарып келе жатқанын сеземін және бұл "Джиро д'Италия" алдында жақсы көрсеткіш. Мен дұрыс бағыттамын деп ойлаймын. Ертең бізді тағы бір кезең күтіп тұр. Енді қандай нәтижеге қол жеткізетінімізді көреміз", - деді Александр Власов.

Испания чемпионы Луис Леон Санчес екінші күн қатарынан көшбасшы топта болып, кезеңдегі жеңіске таласуға тағы да талпынып көрді. Алайда, барын салғанына қарамастан Санчесті және оның командаластарын пелотон өз бақылауында ұстап, шешуші асу алдында қуып жетті.

Александр Власов соңғы асуды жойқын шабуыл жасады. Оған тек жарыстың көшбасшысы Саймон Йейтс қана қолдау көрсете алды. Власов пен Йейтс бірге мәреге қарай жүре бастады. Бірақ мәреге екі жарым шақырым қалғанда оларды Пейо Бильбао қуып жетті. Спринтте үш шабандоз арасынан Бильбао ең жылдам болып шықты. Власов екінші, Йейтс үшінші орынға ие болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу