Альпі туры. Александр Власов таулы аймақта өткен кезеңде 4-нәтиже көрсетті

1186

"Альпі Туры" көпкүндігінің екінші кезеңінде қазақстандық-канадалық команданың капитаны Александр Власов кезең жеңімпазы және жалпы есептің жаңа көшбасшы Саймон Йейтстен 58 секундтан кейін мәреге келіп, төртінші орынға ие болды.

Альпі туры. Александр Власов таулы аймақта өткен кезеңде 4-нәтиже көрсетті

Соңғы асу алдында жалпы есептің фавориттері шағын топ құрды. Оның құрамында Александр Власов та бар болатын. Шыңға жақындағанда британиялық Саймон Йейтс сол топ арасынан шабуылға шығып, біраз басымдылыққа ие болды. Бұл көсеткіш оның жекелей жеңіске жетуі үшін жеткілікті болды. Мәреге бірнеше шақырым қалғанда қуғыншылар тобынан ресейлік шабандоз Павел Сиваков шабуылдап, жарысты екінші болып аяқтады.

Александр Власов шағын топпен бірге жарысты аяқтап, 4-нәтиже көрсетті. 

"Жарыс күні өте қиын болды. Мен әлі де толықтай бабымда емеспін. Бірақ күннен күнге өзімді жақсы сезінудемін. Сондықтан, бүгінгі нәтижеге көңілім толады және төртінші орын жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Бұл менің "Джиро д'Италияға" дұрыс бағытта келе жатқанымды көрсетеді. Алда тағы үш кезең бар. Жалпы есепте не істеуге болатынын, сондай-ақ менің "Джироға" соңғы дайындығым туралы жоспарлардың қалай орындалатынын көре жатармыз", - деді Александр Власов.

Естеріңізге сала кетсек, 19-сәуір күні Аустрияда "Альпі турының" алғашқы кезеңі өткен болатын. Жарыс күнінің қорытыныдысы бойынша Astana - Premier Tech шабандозы Фабио Феллине төртінші, ал оның командаласы Луис Леон Санчес 11-ші болып мәреге келді.

Кезең басталғаннан кейін көп ұзамай үш шабандоздан тұратын көшбасшы топ құрылды. Ал қазақстандық-канадалық команда жарысты бақылауға алып, көшбасшы топтың ізіне түсті. Нәтижесінде олар 140 шақырымдық жарыс жолының екінші жартысында шабандоздарды қуып жетті.

Мәреге шамамен 20 шақырым қалғанда пелотон көшбасшы топты қуып жетті. Содан кейін көптеген шабандоздар шабуылда өз күштерін сынай бастады. Александр Власов пен Луис Леон Санчес пелотон алдында өте белсенді болды. Бірақ шешуші шабуылды италиялық Джанни Москон жасады. Ол қысқа асуда және мәреге бастайтын жолда сәл басымдылыққа қол жеткізді. Соған қарамастан мәреге жақындағанда Москонды норвегиялық Идар Андерсен қуып жетті. Алайда италиялық шабандоз жеңіске жетті. Андерсен мәреге екінші болып келді. Бірақ пелотон мәре сызығында оны қуып жетті. Спринтте Александр Рябушенко үшінші орынға ие болды, ал Astana - Premier Tech шабандозы Фабио Феллине пелотоннан екінші болып келіп, кезеңде төртінші орынды иеленді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу