Финалдық ойын төрешінің соңғы ысқырығынан бұрын аяқталды. Төрт кезеңге созылған тартысты матчтың үшінші кезеңінде-ақ ойын тағдыры шешілді. Бұған дейін командалар тең дәрежеде өнер көрсетіп жатқан. Ал үшінші сет құдды бір матчқа тең болды.
Талдықорғандық клуб кездесуді жақсы қарқынмен бастады. Тіпті, түрік маманы Бурхан Жанболаттың шәкірттері екі ұпаймен алға шықты. Бірақ, "Алтай" тез арада басымдықты қолға алды. Өскемендік команда Сара Лозоның шабуылынан кейін бірден төрт ұпаймен алға шықты - 24:20.
Алайда, "Жетісу" есепті теңестіріп қана қоймай, бес ұпай айырмашылығымен көш бастады. Нәтижесінде, екі команда да 11 сетбол жинады және оның тек біреуін ғана жүзеге асыра алды. Үшінші сет 31:30 есебімен, "Алтайдың" пайдасына аяқталды. Бұл жолы да өскемендіктер сапынан сербиялық легионер Сара Лозо көзге түсіп, шешуші ұпай жинады.
Жалпы, осыдан кейін де матчты аяқтауға болар еді. Бірақ, кездесу форматы төрт кезеңге есептелгендіктен, матч одан әрі жалғасын тапты. "Жетісу" матч тағдырын өзгертуге барынша тырысты. Тіпті Паласио Мендосаның күшімен үш ұпай алға озды - 18:21. Бірақ, соңында, өскемендіктердің қарсыластары қателікке бой алдырды. Нәтижесінде "Алтай" қатарынан бес рет допты қайтарып, қарсыластарын тізе бүктірді. Осылайша "Жетісу" мен "Алтай" арасындағы екінші финалдық кездесу өскемендіктердің пайдасына аяқталды.
Матчтың қорытынды есебі 3: 1 (21:25, 25:23, 32:30, 25:22). Алтай өз тарихында бесінші рет Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. "Жетісу" күміс медаль иеленсе, қола медальды Петропавлдың "Қуаныш" клубы еншіледі. "Қуаныш" намысын қорғайтын Светлана Парукова мен "Жетісу" ойыншысы Надежда Кодола турнирдің "Үздік шабуылшысы" атанды. "Үздік либеро" атағын "Алтай" ойыншысы Мадина Бекет алса, өскемендік команда мен Ұлттық құрама үздігі Сана Анарқұлова чемпионаттың "Ең бағалы ойыншысы" атанды.
Ермұхамед Мәулен