Алтайдың "қара маржаны" әлем рекордшысынан озды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2252

Шығыс Қазақстанның Кениядан қалап алған қыздарының бірі Ослода төрткіл дүние үздіктерінен озды.

 Алтайдың "қара маржаны" әлем рекордшысынан озды Фото: Ильяс Омаров

Ослода 2019 жылғы "Diamond League" бәйгесінің бесінші кезеңдік жарыстары мен сайыстары өтті. Онда әйелдер арасындағы стипл-чейз (кедергілер арқылы 3 000 метрге жүгіру) бәйгесінде Шығыс Қазақстан облысының "Алтай Атлетикс" клубы спортшысы Нора Джеруто топ жарды. Көрсеткіші – 9.03.71.

"Алтай Атлетикс" жеңіл атлетика клубының екінші қызы, яғни Дейзи Джепкемей бесінші орынға ие болды (9:10.71). Өкінішке қарай, екеуі де IAAF (Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы) сайты мен шетелдік басылымдарда Кения спортшылары ретінде жарияланып отыр. Қазақстан жеңілатлетері деп көрсетілмеген.

Негізі, Ослодағы стипл-чейз бәйгесіне осы жарыс түріндегі әлемнің ең үздік жүйріктерінің бәрі қатысқан. Бастапқыда олар бір-бірінен қалыспай, иық тіресе жарысты. Бірақ алтыншы айналымнан соң, әлем рекордшысы Кения аруы Беатрис Чепкоеч пен оның қазіргі қазақстандық отандасы Нора Джеруто суырылып алға шықты.

Мәре сызығын шамамен 25 метрдей қалғанда, "Алтай Атлетикстің" Норасы қарқынын үдетті. Сөйтіп, жарыстың осы түріндегі әлем рекордшысын шаң қаптырып кетті. IAAF сайтында Кения спортшылары ретінде жарияланса да, "Алтай Атлетикстің" екі қызы мен олардың бапкерлері Кеннет Кипиегоны аталмыш бәйге қарсаңында Норвегиядағы Қазақстан елшілігі қабылдап, ақ жол тілеген.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу