Компанияның коксохимиялық газ құбыры жүйесіне қондырғы орнату кезінде газ атылды. Салдарынан 6 адам зардап шекті. Олардың төртеуі – газ, біреуі – кокс цехының, енді бірі газдан құтқару қызметінің маманы.
Жарақат алғандардың үшеуі Теміртау қаласындағы орталық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. 2-, 3-ші дәрежелі күйік жарақатын алған 3 жұмыскердің жағдайы ауыр. Олардың тыныс алу жолдары зақымданған. Үшеудің біреуі осы уақытқа дейін тілге келген жоқ.
Күйік шалған тағы үш адам Қарағанды қаласының травматология және ортопедия орталығына жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайы қалыпты деп отыр.
"Бізге түскен 3 адамға алғашқы көмек көрсетілді. Оларды ары қарай емдейміз. Науқастар 3-, 4-ші дәрежелі күйік алған, сондықтан саусақтарының қимыл-қозғалысында өзгеріс пайда болуы мүмкін. Қалай болғанда да алдын ала ештеңе айта алмаймыз. Дәл қазір жарақат алған адамдардың денсаулығы қалыпты", – деді abctv.kz-ке травматолог-ортопед Видади Джамаледдинов.
"Арселор Миттал Теміртау" компаниясында төтенше жағдайдың себебін анықтау мақсатында комиссия құрылды. Компания өкілінің айтуынша, бірнеше жыл бұрын дәл осы газ құбырында ұқсас оқыс оқиға орын алған.
"Бұл газ құбырлары батарея қойылған уақыттан бастап, қателеспесем 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұндай батареялардың жұмыс істеу мерзімі 30 жылдан 50 жылға дейін жалғасады. Технологиялық немесе апаттық жағдайда ауытқушылық болған жоқ, сондықтан газдың жарылу себебі неден болғанын айта алмаймыз, мұны арнайы құрылған комиссия анықтайды", – деді "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы болат департаментінің еңбек құқығын қорғау және өндіріс қауіпсіздігі бойынша директоры Андрей Маркин.
Айтпақшы компания аумағында осыдан бір күн бұрын мердігер ұйымның бригадасы автокранды жөндеп жатқанда дәнекерлеушінің өлі денесін тапты. "Техол монтаж" ЖШС-ның дәнкерлеушісі тепловоздың астына түсіп, мерт болған. "Арселор Миттал Теміртау" басшылығы бұл қайғылы жағдайдың қалай болғанын түсіндіріп бере алмады.
"Жұмыскер тепловоздың астына түсіп қалып, осындай бақытсыз жағдайға тап болды. Қазір тексеру жүріп жатыр. Сондықтан артық ауыз сөз айта алмаймыз. Жағдайды комиссия анықтап жатыр. Қаза болған адамды жерлеу шығындарын компания өз мойнына алады", – деді "Техол монтаж" ЖШС бас инженері Дмитрий Зейбельд.
Арайлым Еркебаева