Алты боксшы алтын жүлдеге үміткер

1776

Польшаның Кельце қаласында жастар арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатының финалына алты қазақстандық боксшы жолдама алды.

Алты боксшы алтын жүлдеге үміткер

Санжар Ташкенбай (49 кг) жартылай финалда үнді боксшысына қарсы шаршы алаңға шықты. Бишвамитра Чонгтам мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы арасындағы кездесу тартысты өтті. Нәтижесінде бұл бәсекеде Санжардың дәлдігі жоғары бағаланып, кездесу қазақстандық боксшының пайдасына 4:1 есебімен аяқталды. Финалда Ташкенбай ресейлік Роберт Бадалянмен кездеседі.

Тағы бір ресейлік боксшы, жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионы Алексей Шендрикті Ерболат Сабыр (56 кг) жарыстан шығарды. Ерболат қарсыласын 4:1 есебімен жеңді. Енді павлодарлық былғары қолғап шебері алтын медаль үшін үндістандық боксшы Сачинмен жекпе-жекке шығады.

Қарағанды ​​бокс мектебінің түлегі, жастар арасындағы ел чемпионы Сабыржан Аққалықов (64 кг) жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері үндістандық Анкит Нарвалмен кездесті. Жекпе-жек 4:1 есебімен жерлесіміздің пайдасына аяқталды. Сабыржанның финалдағы қарсыласы Украина өкілі Бозорбой Матякубов болмақ.

Елнұр Сүйінбай (60 кг) жамбылдық бапкерлерін қуантып, жартылай финалда тәжірибелі колумбиялық Джон Оробионы 5: 0 есебімен тізе бүктірді. Енді Елнұр финалда жапон спортшысы Рейто Цуцумимен алтын медальді сарапқа салады. Бұл салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары және екі финалистің әрқайсысы осыған дейін 4 жекпе-жек өткізіп үлгерді.

Сонымен қатар ресейлік Михаил Усовқа жартылай финалда жол берген Диас Молжігітов (75 кг) жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдесін қанағат тұтты.

Алматылық Дана Дидай (75 кг) ширек финалдық кездесуде венгриялық боксшыға жеңілген болатын. Алайда бапкерлер бұл шешіммен келіспей, төрешілерден жекпе-жекті қайта қарауды талап етті. Нәтижесінде жеңіс Данаға берілді. Осылайша жартылай финалда қазақстандық боксшы өзбекстандық Сохиба Рузметовамен кездесіп, алғашқы раундта-ақ оны нокдаунға жіберді. Кездесу қорытындысы 3:1. Дана финалда үндістандық Санамачи Чана Тхокчомен кездеседі.

Жұлдыз Шаяхметова (60 кг) - өзінің жастығына қарамастан, бұл чемпионатта байсалдылықпен және дәл соққыларымен ерекшеленді. Кельцеде ол үш жекпе-жек өткізді. Жартылай финалды ол Өзбекстан өкілі Дилфуза Бекованы 5: 0 есебімен жеңіп, ақтық мәреге жетті. Финалда үндістандық Винкамен сынға түседі.

Жасмин Қизатова (69 кг) поляк боксшысы Барбара Марцинковскаядан 1:4 есебімен, ал Әсел Сағатова (81 кг) ресейлік Ксения Олифиренкодан 1:4 есебімен ұтылды. Сонымен қатар Молдова спортшысы Дарья Козорез Елдана Талипованы (+81) жеңді.

Осылайша, жастар арасындағы Әлем чемпионатының финалында алты қазақстандық боксшы алтын медальға үміткер. Ұйымдастырушылар әйелдер мен ерлер арасында өтетін финалдық жекпе-жекттерді екі күнге бөлді. Бейсенбі, 22-сәуірде қыздар рингке шығады және кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де басталады.

5-жұп Жұлдыз Шаяхметова (60 кг) - Винка (Үндістан)

8-жұп Дана Дидай (75 кг) - Санамача Чану Токчом (Үндістан)

23-сәуірде Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де жігіттер өнер көрсетеді.

1-жұп Санжар Ташкенбай (49 кг) - Роберт Бадалян (Ресей)

3-жұп Ерболат Сабыр (56 кг) - Сачин (Үндістан)

4-жұп Елнұр Сүйінбай (60 кг) - Рейто Цуцуми (Жапония)

5-жұп Сабыржан Аққалықов (64 кг) - Бозорбой Матякубов (Украина)

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу