Алты қазақстандық боксшы әлем чемпионатының ширек финалына шықты

1264

Әлем чемпионатының жеңімпаздары 100 мың доллар, финалистер 50 мың доллар, қола жүлдегерлер 25 мың доллар сыйақы алады.

Алты қазақстандық боксшы әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Стамбулда бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының алты өкілі ширек финалға өтті. Сонымен турнирдің ¼ кезеңінде Алуа Балқыбекова (48 келіге дейін), Жайна Шекербекова (52 кг), Дина Жоламан (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (70 кг) және Гүлсая Ержан (81кг) сынға түседі.

Әлем чемпионатының жартылай финалына шығу үшін қазақстандық былғары қолғап шеберлері бүгін, 16 мамыр шаршы алаңға шығады.

Қазақстандық боксшы қыздардың қатысумен өтетін жекпе-жектердің кестесі:

Күндізгі сессия (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 17:00-де басталады)

Алуа Балқыбекова - Ниту (Үндістан)

Жайна Шекербекова - Олена Савчук (Италия)

Карина Ибрагимова - Микаэла Уолш (Ирландия)

Валентина Хальзова - Кей Скотт (Австралия)

Гүлсая Ержан - Габриэле Стонкуте (Литва)

Кешкі сессия (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 21:00-де басталады)

Дина Жоламан - Елена Зекич (Сербия).

Әлем чемпионатымен қатар Стамбулда Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) кезектен тыс конгресі өтті. Конгрестің қорытындысы бойынша ұйымның басшысы болып Умар Кремлев қайта сайланды. Оның қарсыласы голландиялық Борис ван дер Ферст болуы керек еді. Бірақ тағы төрт үміткермен қатар ол да сайлаудан шеттетілді. Ұйым мәлімдемесінде сайлаудан шеттетілген үміткерлер басқа халықаралық бокс ұйымдарында жұмыс істеген кезде IBA-ның қажетті талаптарын сақтамаған делінген. IBA-ның жарғысына сәйкес, қауымдастықтағы кез келген лауазымға ұсынылған жалғыз үміткер бірауыздан қызметке сайланған болып саналады.

Еліміздің атынан конгреске Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Әзиз Қожамбетов өкіл болып келді.

Сондай-ақ IBA-ның тәуелсіз сайланған 10 директорының кем дегенде бесеуі әйел болуы керек. Барлық үміткерлердің ұйымның талаптарына сәйкестігі мұқият тексерілді. Жаңа кеңес құрамына континенттік конфедерациялардың бес өкілі мен екі спортшы кіреді. Дегенмен барлық кандидаттар IBA-ның континенттік және ұлттық федерациялармен байланыста болмауы керек. Съезд алдында Умар Кремлев жаңа бағдарламамен таныстырды. Онда ол алдағы төрт жылда назар аударатын бірқатар мәселелердің тізімін ұсынды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу