Алты қазақстандық боксшы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

1201

Әлем чемпионатында 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшылар жүлдеге таласуда.

Алты қазақстандық боксшы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Нью-Делиде бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Ләззат Күнгейбаева ширек финалдық жекпе-жегін өткізді. 81 келіден жоғары салмақта Күнгейбаева Үндістан өкілі Нупурмен кездесті. Қазақстандық бұл жекпе-жекте төрешілердің шешімімен 4:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Күнгейбаева жартылай финалға шығып, кем дегенде қола жүлде алады.

Сонымен қатар Валентина Хальзова әлем чемпионатының 1/2 финалына шықты. 75 келіге дейінгі салмақта оған түркиялық Элиф Гунери қарсы шықты. Жекпе-жек 4:0 есебімен Хальзованың пайдасына аяқталды. Осы жеңістің арқасында қазақстандық боксшы қыз кем дегенде қола жүлдеге ие болады. Айта кетейік, Хальзова 2016 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақса, 2022 жылы Стамбулда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды, 2017 жылы Хошимин қаласында (Вьетнам) өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ме болды.

Әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Надежда Рябец ширек финалдық жекпе-жек өткізді. 66 келіге дейінгі салмақта оған Кабо-Вердеден келген Ивануса Гомес Морейра қарсы шықты. Жекпе-жек 5:0 есебімен қазақстандық боксшы қыздың сенімді жеңісімен аяқталды. Осылайша, Рябец жартылай финалға өткеннен кейін кем дегенде жарыстың қола жүлдесіне кепілдік берді. Айта кетейік, Рябец 2020 жылғы Олимпиадада қазақстандық әйелдер боксының жалғыз өкілі болған. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен және жасөспірімдер Олимпиадасында қола жүлдегер атанған болатын.

60 келіге дейінгі салмақта Римма Волосенко қытайлық Вен Лю Янгпен кездесті. Жекпе-жек 5:0 есебімен төрешілердің шешімімен қытайлық спортшының жеңісімен аяқталды.

Жайна Шекербекова әлем чемпионатының 1/4 финалында өнер көрсетті. 54 келіге дейінгі салмақта Шекербекова колумбиялық Марсела Ариас Кастанедамен кездесті. Жекпе-жек 3:0 есебімен төрешілердің шешімімен Марселаның пайдасына шешілді.

Сонымен қатар Фариза Шолтай бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында өнер көрсетті. 81 келіге дейінгі салмақта ол кениялық Адиамбо Элизабет Андиегомен кездесті. Жекпе-жек 5:0 есебімен Фаризаның пайдасына аяқталды.

Карина Ибрагимова да Нью-Делиде (Үндістан) өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. 57 келіге дейінгі салмақта оған венесуэлалық Омайлин Алкаланы 5:0 есебімен жеңді.

Бүгін, 23 наурызда Нью-Делиде (Үндістан) бокстан әйелдер арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалдық ойындары өтеді. Қазақстаннан алты бұрымды боксшымыз өнер көрсетеді.

1-жұп, А рингі. 48 келіге дейін. Алуа Балқыбекова - Ниту Гангас (Үндістан)

5-ші жұп, B рингі. 57-ге дейін. Карина Ибрагимова - Лин Ютин (Тайвань)

8-ші жұп, B рингі. 66-ға дейін. Надежда Рябец - Ян Лю (Қытай)

10-шы жұп, B рингі. 75-ке дейін. Валентина Хальзова - Кэйтлин Паркер (Аустралия)

11-ші жұп, B рингі. 81-ге дейін. Фариза Шолтай - Ван Лина (Қытай)

12-ші жұп, Б рингі. 81-ден жоғары. Ләззат Күнгейбаева - Айнұр Рзаева (Әзербайжан)

Барлық жекпе-жектер Астана уақытымен 18:30-да басталатын кешкі сессияда өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу