Алты президент Путинді қастандықтан құтқарып қалды ма?

2709

Халықаралық сарапшылар Кремль қожайыны ТМД елдерінің лидерлерін Украинаның әуе шабуылына қарсы "қалқан" ретінде пайдаланды деп жазуда. Бұл олардың ары қарайғы бедел-ажарына қалай әсер етеді? 

Алты президент Путинді қастандықтан құтқарып қалды ма? Фото: akorda.kz

Осыдан бір айдай бұрын РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков биылғы Жеңіс парадына шетелдік қонақтар қатыспайтынын жеткізді. Былтыр да сондай болған.

Америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) парад туралы сөз қозғай келе, "Орталық Азия елдері Кремльдің қысымына қарамастан, соғысқа әлемнің көзінше және тікелей қолдау көрсеткісі келмейді" деп тұспалдаған.

Бірақ жағдай өзгеріп сала берді. Алдымен Украина тарапы әлдебір дронның Кремльдің үстінен қалықтап, оның ішкі ауласын егжей-тегжейлі түсіріп алған видеосын таратты. Ал алты күн бұрын, 3 мамырда, яғни Жеңіс парады қарсаңында шағын қос беспилотник Кремльге шабуыл жасап, оның Сенат сарайының күмбезіне тиіп, жарылды. Киев бұған еш қатысы жоқтығын мәлімдеді. Дегенмен, РФ мұны өз президентіне қастандық жасау талабы деп танып, қылмыстық іс қозғады, кек алу мақсатында Украина аумағына зымырандар жаудырып, қаншама бейбіт тұрғынды қырып салды.

Қалай болғанда, әлгі масқара видеоны бүкіл әлем көрді. Бүкіл әлем өңірлер түгіл, тіпті Мәскеудің ұзақ жыл мақталған әуе қорғанысы тіпті Ресейдің №1 тұлғасын да қорғай алмайтынын білді. Содан жаһан жұртшылығы Мәскеудің 9 мамырдағы әскери парадтан бас тартуын күтті. Себебі, шетелдік сарапшылар дәл осы күні Украина тарапы Мәскеуді қаптаған дрондармен шабуылдауы мүмкін деген болжам  жасады. Мұны растамаған және жоққа шығармаған Украина тарапы әскери парадқа соғыс техникасы көптеп жиналатынын, ал олар соққы беру үшін заңды нысана екенін меңзеді.

Путин болса, өзі үшін "сакральды" саналатын (киелі деген қазақ сөзін қию қиын) Жеңіс парадынан бас тарта алмайды. Қайтпек керек?

Күтпеген жерден В.Путиннің шақыруымен 9 мамыр күні Мәскеуге посткеңестік кеңістіктің бірқатар елінің басшылары сау ете қалды. В.Путиннің қасында, ресейлік ардагерлер арасына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат  Мирзиёев және Армения Премьер-министрі Никол Пашинян жайғасты. Белгісіз жауынгер бейітіне гүл шоғын қою рәсімінде де В.Путин осы көшбасшылардың қоян-қолтық, тығыз қоршауында жүрді.

МемДуманың бұрынғы депутаты, ресейлік қоғам қайраткері, әлеуметтанушы, оппозициялық саясаткер Игорь Яковенко В.Путиннің бәрін алдап соққанын айтады.

"Жеті елдің көшбасшысын жанына шұғыл жинап алу арқылы Путин ең сенімді, тиімді қалқан түзді. Егер қалқайып жалғыз тұрғанда, жазатайым оқиға болуы мүмкін еді. Бірақ Киев осынша президент жиналған жерді шабуылдамайды. Бұл жауапсыздық болар еді. Путин ештеңеден тайынбайтынын паш етіп, украиналық соғыс дрондарының алдына жеті ел басшысын қойды. Мәскеу шабуыл жасалатынын күтті. Өйткені соққы үшін заңды нысаналар – әскери техника, дұшпан әскері бір жерде шоғырланған еді. Олардың бәрі сол жерден соғысқа аттанады, ендеше олардың бәрі соққы үшін заңды нысана. Кремльде парадты өткізу не өткізбеуге қатысты түрлі нұсқалар қарастырылған. Соның ішінен ең тиімдісін таңдап алыпты. Яғни, өзге елдердің басшылары арқылы Мәскеуге қарсы украиналық шабуылға тойтарыс берді. Шынымды айтайын, мен бұлай болатынын күтпеген едім", – деді Игорь Яковенко.

Ресейлік саясаттанушы Александр Морозов Мәскеудегі парадқа қатысу әрбір президент үшін "күрделі таңдау" болғанына сенімді.

"Өйткені көшбасшылары қатысқан жеті мемлекет те Ресейге тәуелді. Беларусь Мәскеудің отарына айналды, оның жерінен Украинаға зымыранмен соққы берілуде, оның әскери техникасы майдан даласында пайдаланылуда. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан көші-қон жөнінен тәуелді: миллиондаған азаматы Ресейде нәпақасын тауып жүр. Армения да мемлекет ретінде кезекті рет жойылып кетпеу үшін бәрібір Ресейге арқа сүйеуге мәжбүр. Мәскеу Қазақстанға қанды қаңтар оқиғаларында бүлікті басуға көмектесті. Оның үстіне бұл елдегі бейбітшілік бірінші кезекте Ресейге байланысты", – деді А.Морозов.

Ол осы қадам аталған көшбасшылардың беделіне кір келтіруі мүмкін деп тұспалдады.

"Жеті ел басшылары осы қадам арқылы әрине, "Ресеймен тарихымыз бір" дегенді көрсеткісі келген шығар. Яғни, ортақ ерлік, ортақ жеңіс деген сияқты. Бірақ жаһандық қауымдастық Кремль бастаған қантөгіс кезінде Жеңіс парадына қатысуды агрессияны қолдау ретінде тануы мүмкін. Қазақстан жұртшылығы бұл жеңістің қалай келгенін түсінеді. Кеңес өкіметі қазақтың беткеұстарларын атып асты, қудалады, қос ашаршылық ұйымдастырды. Ұлы Отан соғысында жүздеген мың қазақ жан тапсырды. Қазақтар өз тарихын жақсы біледі, жете меңгерген. Сондықтан келесі парадтарға Қазақстан көшбасшысы келмеуі де мүмкін. Себебі, Путинмен бірге Жеңіс парадына қатысу кез келген тұлғанын биографиясын бүлдіретін жайт", – деді ресейлік саясаттанушы Александр Морозов.

Оның пікірінше, егер жеті елдің көшбасшысы В.Путинді қанқұйлы әскерін Украина аумағына әкетуге, соғысты доғаруға көндіре алса ғана абыройына түскен дақтан құтылып, мерейі таси алады.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірінше, Қазақстан басшылығының Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысуы Астананың саясатта Ресейге тәуелділігін көрсетеді.  

"Қазақстан басшысы Мәскеу үшін жоспарларын өзгертуге дайын екенін аңғартты. Путиннің халықаралық оқшауланғанына, РФ армиясының әскери қылмыстарына қарамастан, Мәскеуге Путинді қолдауға аттанды. Бұл жердегі проблема сол, 9 мамырды Кремль өзінің солақай сыртқы саясатын, Украинаға шапқыншылығын, қантөгісін ақтау үшін пайдалануда. Парадтағы сөзінде де Путин осыған екпін түсірді. Бұған Орталық Азия режимдерінің ресейлік экономикаға санкцияларды айналып өтуге көмектесуі, оның сұр импортын қолдауы қосылып отыр", – деген саясаттанушы бұдан осы елдер салмақты репутациялық шығын шегуі мүмкін екенін ескертті.

Бірақ бірқатар сарапшылар Қазақстан басшылығының басты мақсаты мен міндеті – елдегі бейбітшілікті сақтап қалу екеніне назар аудартты. РФ пропагандасы уағыздап жүргендей, Ресей "жылдам жеңіс" үшін Қазақстанға басып кірсе, онсыз да аз халқымыз қырылып, қалаларымыз қирауы ықтимал. Ал оған жол бермеу үшін Мәскеудегі парадқа қатысу керек болса, оны неге жасамасқа? Демек, бір жағынан, бұдан "саяси көрегендіктің көрінісін" де байқауға болатындай. Тек бұл қадам Астананың Мәскеуге шектен тыс тәуелді болып, азаттығын жоғалтуына соқтырмауы шарт.

Жалпы, 45 минутқа созылған Мәскеудегі Жеңіс парадында оқыс оқиғалар болды. Мысалы, бір президентті жоғалтып алыпты.

"Парад аяқталды. Путин Мәскеуге шұғыл алдыртқан прзиденттерге таяп барды. Алдымен Лукашенкомен ілтипат алмасты, содан соң Орталық Азиядан келген мәртебелі меймандарымен шүйіркелесті. Лукашенко өзіне қызығушылық жоқтығын сезіп, декорация үшін іріктелген "халыққа" бұрылып, тілдеспек болып, бұрылған. Дәл осы кезде Путин ҰҚШҰ елдерінің президенттерімен бірге әлдеқайда жөнеп берді. Ал Лукашенконы... ұмыт қалдырды. Оны аз десеңіз, осы кезде президенттер тобын қорғайтын күзет оларды қалқалап, бірнеше қабаттық шеңбер түзіп тастаған. Олардың сыртын ала "волонтёр" деген жазуы бар қыз және ұл балалар қоршады. Ал ПапаКоли ақымақ жағдайда қалды. Жалғыз қалу ұят, қуып жету күрделі, әрі-сәрі күйде тұрды", – деп жазады беларустік саясаттанушы Игорь Тышкевич.

"Мәскеудегі парад кезінде бірдеңе тарс ете қап еді, Путин тоқтап теріс бұрылды. Шынымен-ақ үрей бар екен...", – деп видеоға түсініктеме берді қазақстандық құқықтанушы Өмір Шыныбекұлы.

Мәскеудегі "маскарад" аяқталды, одан әркім әртүрлі пікір түйіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу