Арада екі жыл жуық уақыт өткеннен кейін ғана таяуда сот шешімімен ҰҚК мен Шекара қызметінің қызметкерлері азаптау, ақша бопсалау фактісі бойынша қамауға алынды. Бұл ақпаратты inbusiness.kz тілшісіне алтын ұрлығы бойынша айыпталғандардың бірінің туысы Құралай Өмірбаева растады.
"Бұл іс бойынша менің туған бауырым қамауда отыр. Жалпы азаптау, бопсалау фактілері бойынша күш құрылымдарының бес қызметкеріне айып тағылды. Шекара қызметінің қызметкерлеріне ақша бопсалады деген айып тағылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкеріне қатысты да біздің арызымыз бойынша іс қозғалды. Олар қамауға алынды", - деді Құралай Өмірбаева.
Оның айтуына қарағанда, осы іс бойынша ұсталғандардың азапталғаны сот-медицина сараптамаларымен дәлелденген.
"2021 жылдың наурызында біздің туған-туыстарымызды ұстап алып, оларға азаптаудың түр-түрі көрсетілген: олардың аузына ыстық су қайнатқыш тығып, бастарын унитазға батырған. Резеңке дубинкамен, ағаш таяқпен соққан. Мұның бәрі ұсталғандар бір-біріне айыпты тақсын деген пиғылмен жасалған. ҰҚК қызметкерлері ақша бопсалау ісімен де айналысқан. Ол да дәлелденіп отыр", - дейді азапталғандардың туған-туыстары.
Іс неден басталды?
Айта кетейік, 2021 жылдың 12 наурызында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Шығыс Қазақстандағы кәсіпорынның бірінде ұзақ уақыт бойы құрамында алтыны бар шикізатты ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың құрықталғанын хабарлаған еді. Ұсталғандардың ішінде құқық қорғау органдарының сол тұстағы және бұрынғы қызметкерлері болған. Оларға бірқатар қылмыстық бап бойынша, атап айтқанда, бопсалау, адам ұрлау, кісі өлтіруге оқталу, экономикалық контрабанда, трансұлттық қылмыстық топ құру және басқару баптары бойынша айып тағылғаны хабарланған.
"16 адам ұсталды. Ұстау кезінде олардан ірі көлемде ақшалай қаражат, материалдық құндылықтар мен байланыс құралдары, қылмыс жасағанын дәлелдейтін заттар табылды. Жедел тергеу ісі жалғасып жатыр", - деп ақпарат таратқан еді сол тұста ҰҚК баспасөз қызметі.
Осы хабардан кейін, туған-туыстары ұсталғандар туралы бір жылға жуық уақыт ештеңе білмеген.
Тоқаевқа шағым
"Алтын банданың" ісі ел ішінде үлкен резонанс туғызды. Қоғамға қарақшыларды кімнің "қорғап", ұзақ жылдар бойы жазасыз қалуына жол беріп отырғандар кім екені жұмбақ болып қала берді. Бірақ бұл мәселенің артында кім тұрғанын ҰҚК жүргізген тергеу де, сот та анықтай алмағандықтан, мәселе ашық күйінде қалды. Айғақтардың жоқтығынан іс сотта тоқтап қалған болатын.
Осы аралықта туған-туыстарының айтуынша, ұсталғандар адам төзгісіз азапты бастан кешірген.
Азапталған азаматтардың туған-туыстары әділдік іздеп Астанадағы Бас прокуратура ғимаратының алдына бірнеше рет жиналып, пикет өткізген. Оның алдында ұсталғандардың туыстары – Әсем Тезекпаева, Құралай Өмірбаева, Аниса Кәкімова, Алтынай Әбеуова мемлекет басшысынан да көмек сұрап, әділдік талап ететінін айтқан еді.
Азапталғандар өз-өзіне қол салған
Ұсталған Орынбек атты азаматтың зайыбы Әсем Тезекпаева БАҚ-қа берген сұхбатында күйеуінің өз-өзіне қол салғанын айтқан. Күйеуі аман. Ал Ғалия Елубаева күйеуінің өз-өзіне қол салып, көз жұмуы – сол азаптаудың салдары деп біледі. Алтынай Әбеуова ағасы Атыбайды тергеу органдары бірнеше ай бойы азаптап, адвокаттан бас тартуға мәжбүрлегенін айтады. Оның айтуынша, Атығай Әбеуовтен 40 мың доллар тауып әкелуін талап еткен.
"Тергеушілер ағаларымызға тергеу кезінде аталған іс ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бақылауында тұрғанын айтқан. Ұсталған азаматтардың жартысының еш кінәсі жоқ. Олардың көбі қарапайым күзетші, оператор болып істеген", - деген еді Әбеуова былтыр арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.
Сот үкімі
Ақыры осы іс бойынша 14 адам күдікті (біреуі Түркия азаматы) деп танылды. Сот тыңдауы барысында олардың үшеуінің трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысы бары дәлелденді. Қалғанының кінәсі дәлелденбей, олар ақталып шықты.
2022 жылдың 27 маусымында Астана қаласының Есіл аудандық сотында үкім шығып, Я. және С. атты азамат трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғаны экономикалық контрабанда үшін сотталғанымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылыққа ілінді. Сот сотталғандардан 18,7 келі алтынды тәркіледі.
Алайда "туысымызды азаптады" дегендер бұған дейін наразылығын тоқтатқан жоқ. Енді бүгін де Семейден басталып, резонансы бүкіл елді дүр сілкіндірген осы істе азапталған азаматтардың туған-туыстары "әділдік шырағы жанды" деп қуанып отыр. Енді олар соттың әділ өтіп, азаптау, ақша бопсалау фактісі бойынша кінәлілердің жазаланғанын талап етеді.