"Аltyn Оimaq" тасадағы таланттарды танытады

2013

"Атамекен" отандық дизайнерлерге масс-маркетке шығу мүмкіндігін ұсынады.

 "Аltyn Оimaq" тасадағы таланттарды танытады

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры отандық дизайнерлер арасында "Аltyn Оimaq" атты республикалық байқау жариялады.

Аталмыш байқауға еліміздің кез-келген азаматы шығармашылық жұмысын ұсына алады. Байқау ұлттық үлгідегі киімдер мен әшекейлер топтамасын қалыптастыру арқылы еліміздің жеңіл өнеркәсібіне серпін беруді және тасадағы таланттарды танытуды көздейді.

"Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде www.fundwomen.kz сайты арқылы өтінім қабылданып, арнайы құрылған комиссия отырысында лауреаттар іріктеледі. Екінші кезеңде үміткерлер қоғамдық онлайн-дауыс беруге қатысады. Үшінші кезеңде, яғни желтоқсан айында марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Мұнда топ жарып шыққан 6 дизайнердің есімі жарияланып, Гран-при табысталады", – деді орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында "Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры" ҚҚ директоры Адиля Түгел.

Басқосу барысында "Аltyn Оimaq" республикалық байқауына қатысты "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова пікір білдірді.

"Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті дамытуға басымдық бере бастады. Бүгінгі таңда осы салада еңбек етіп жатқан адамдардың 90%-ын әйел адамдар құрайды. 2019 жылдың алғашқы айындағы дерек бойынша, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласында 992 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 13-і ірі, 27-сі орта, 952-сі шағын кәсіпорын", – деді Ләззат Рамазанова.

Оның сөзінше, жеңіл өнеркәсіп саласы өнімдерінің экспорты 2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығында 108,5 млн долларды құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 21% кем көрсеткіш.

"Біз ЕАЭО аясында Ресеймен, Қырғызстанмен ортақ нарықты тең бөліп отырмыз. Бұл жерде кедендік шекара мен шектеу болмағанымен, бәсекелестік пен мүмкіндік бар. Біз өткізу нарығын кеңейте аламыз. Мақсатқа жету үшін өнім өндіру көрсеткішін ұлғайту қажет. Біздің елде сапалы тауар шығаратын, оны қолжетімді бағамен ұсынатын компаниялар жоқ емес бар. Бізге олардың танымалдығын арттыру қажет. Мысалы "Семирамида" компаниясы пальто, "Назартекстиль", "Балтекстиль"   компаниялары кілем өнімдерін, "Мимиорики" компаниясы балаларға арналған киім өндіреді", – деді спикер.

Ләззат Рамазанованың пікірінше, "ALTYN OIMAQ" республикалық байқауы арқылы жеңіл өнеркәсіптің тамырына қан жүгіртіп, салаға серпін беруге болады.

"Отандық өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында биыл 7-8 маусым аралығында Астанада салалық форум ұйымдастырылады. Онда жеңіл өнеркәсіптің күнгейі мен көлеңкесіне қатысты маңызды мәселелер сарапқа салынып, тиісті шаралар қабылданады", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Ләззат Рамазанованың мәлімдеуінше, "ALTYN OIMAQ" республикалық байқауы киім өндірушілер мен дизайнерлер арасындағы алтын көпірге айналып, отандық сән әлеміне тасадағы таланттарды танытады.

"Бұл байқау үздіктерді анықтап қана қоймай, болашағынан үміт күттіретін жас дизайнерлердің танылуына және топқа түсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар жаңа брендтердің алға ілгерілеуіне, әлеуетті серіктес, бизнес-әріптес, инвестор табуға мүмкіндік береді", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Ләззат Рамазанованың айтуынша, отандық дизайнерлердің өнімдері қымбат. Сондықтан қалың көпшілікке қолжетімсіз.

"Бізге баға саясатына өзгеріс енгізу үшін дизайнерлерге масс-маркетке шығу мүмкіндігін ұсыну қажет. Осылай болғанда ғана отандық дизайнерлердің киім үлгілеріне қызығушылық пен сұраныс артады. Алдағы уақыта біз осы бағытта жұмыс істейміз", – деді ол.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу