Биыл 13 желтоқсанда "Алтын Сапа" сыйлығы кезекті мәрте салтанатты түрде табысталады. Ресми рәсімде еліміздің ең үздік кәсіпорындары лауреат атанып, "Алтын Сапа" ҚР Президенті сыйлығының иегері атанады.
Шара шеңберінде "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауында" айрықша көзге түскен өндірушілер дипломанттардың қатарына қосылады. Ал inbusiness.kz оқырманға "Алтын Сапа" сыйлығы туралы 10 дерек ұсынады.
1) Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын Сапа" сыйлығы 2006 жылы тауар өндіру мен қызмет көрсету сапасын арттыруды ынталандыру мақсатында тағайындалды.
2) "Алтын Сапа" "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын", "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын", "Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын", "Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын" атты 4 аталым бойынша мықтыларды анықтайды.
3) "Алтын Сапа" сыйлығына шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне үміткер болу құқығы берілген. Шарт бойынша байқауға ел аумағында тауар өндіретін және қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады.
4) Байқауға Қазақстан Республикасы аумағында қару-жарақ және әскери техника өндірумен айналысатын, мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын сондай-ақ оңалту және банкроттық туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған рәсімдерді жүзеге асыру туралы шешім қабылданған ұйымдар қатыса алмайды.
5) Он үш жылдық тарихында байқауда 2 мыңнан астам кәсіпорын бақ сынады. 2006 жылы - 52, 2007 - 84, 2008 - 91, 2009 - 119, 2010 - 207, 2011 - 232, 2012 - 169, 2013-167, 2014 - 293, 2015 -153, 2016 - 138, 2017 -101, 2018- 182 кәсіпкерлік субьектісі "Алтын Сапа" сыйлығына үміткер болды.
6) Жүзден астам кәсіпорын "Алтын Сапа" сыйлығының иегері атанды.
7) "Алтын Сапа" сыйлығының лауреаттары мен "Қазақстанның үздiк тауары" көрме-байқауының дипломанттары 4 жыл бойы байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалана алады. Жеңімпаздарға 450 АЕК көлемінде қаржылай сыйақы тағайындалады.
8) "Алтын Сапа" сыйлығы жыл сайын дәстүрлі түрде Индустриаландыру күнінде ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасының Президенті байқау жеңімпаздарына сыйлықты өзі табыстайды. Дәл осы күні "Қазақстанның үздiк тауары" көрме-байқауының дипломанттары марапатталады.
9) Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған байқау заманауи менеджменттің даму үрдісін ескеретін модель бойынша жүргізіліп, сапа бойынша Еуропа сыйлығының моделімен үйлестірілген. Сонымен қатар "Алтын сапа" сыйлығы өнім және қызмет сапасы саласындағы жетістіктер үшін берілетін ТМД елдерінің сыйлықтарының талаптарына сәйкес келеді.
10) Байқау бизнесмендерге халықаралық сапа стандарттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді және бәсекеге қабілетті болуға ынталандырады.
Қанат Махамбет