"Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтары тапсырылады

3649

Үздік тауар өндірушілер мен үздік киім дизайнерлеріне құрмет көрсетіледі.  

"Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтары тапсырылады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығы байқауының лауреаттары мен "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауының дипломанттары, сондай-ақ  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға арналған "Парыз" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталады. 

"ЭКСПО" конгресс орталығында өтетін салтанатты шарада 216 компанияның арасынан "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын", "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын", "Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын", "Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын" аталымдары бойынша суырылып шыққан компаниялар "Алтын сапа" сыйлығының иегері атанады. Жеңімпаздарға 1 млн 125 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі. 

"Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауына" қатысып жатқан 153 компаниялардан іріктелініп алынған тауар өндірушілер "Өндірістік мақсаттағы үздік тауар", "Халық тұтынатын үздік тауар", "Үздік азық-түлік тауары" аталымдары бойынша марапатталады. Әр аталым бойынша 3 жеңімпаз топ жарады. 

Шара шеңберінде шағын, орта және ірі бизнес өкілдеріне "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын", "Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын", "Үздік ұжымдық келісімшарт" және "Экологияға қосқан үлесі үшін" аталымдары бойынша "Парыз" сыйлығы табысталады. Айта кетейік, биыл "Парыз" республикалық байқауына 446 өтінім келіп түсті. Оның 305-сі – шағын және орта бизнес, 141-і – ірі бизнес субъектісі.
Бұдан бөлек елімізде алғаш рет ұйымдастырылған ALTYN OIMAQ киім дизайнерлері ұлтттық байқауының мықтыларына құрмет көрсетіледі.

ALTYN OIMAQ байқауы "Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны", "Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімнің үздік дизайны", "Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны", "Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген үйге арналған текстильдің үздік дизайны", "Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген аксессуардың үздік дизайны" және "Спорт аяқ киімінің үздік дизайны" деген аталымдар бойынша жеңімпаз атанғандардың жұлдызын жарқыратады. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу