Алтыншы энергоблок алты жылдан кейін жөнделді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10340

Ақсу электр станциясының №6 энергоблогындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.  

Алтыншы энергоблок алты жылдан кейін жөнделді

Ақсу электр станциясындағы қуаты 325 МВт-ты құрайтын №6 энергоблоктағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жұмысты бас мердігер компания "ERG Service" акционерлік қоғамы атқарып шықты. Еске сала кетейік, станция Еуразиялық топ құрамындағы "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" акционерлік қоғамына қарайды.

№6 энергоблоктағы жөндеу жұмыстары осы жылдың 4 наурызында басталған болатын. Содан бері мамандар жоғары, орташа және төмен қысымды цилиндрлерді ашып, турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізді. Турбоагрегаттың орташа қысымды роторын ауыстырды. Бұл ­- жөндеу персоналы үшін күрделі және ауқымды жұмыс.

Сонымен қатар, №6 энергоблоктағы жұмыстар барысында қысқа мерзім ішінде №4 энергоблоктағы қазандық агрегатының 4 "Б" түтінтартқысына күрделі жөндеу жүргізілген. Бұрын бұл жұмыстар кем дегенде 7-10 тәулік ішінде атқарылса, қазір екі кәсіпорынның біріккен күш-жігерінің арқасында жөндеу екі есе жылдам аяқталды. Бұдан бөлек, энергетиктер мен жөндеушілер 4 "Б" қазандық агрегаты корпусын жылыту және қаптау беттерінің жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру бағытынд кешенді шараларды орындады.

"№4 энергоблок қазандық агрегатының 4 "Б" түтінтартқысын жоспарлы жөндеу уақыты №6 энергоблоктағы жұмыстармен сәйкес келді. Біз бұл міндетті тиянақты атқаруға тырыстық. №6 блокты жөндеуге қосымша ресурстарды тартуға тура келді, - дейді "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ Ақсу электр станциясы жөндеу жөніндегі бас инженерінің орынбасары Владимир Косых.

Еске сала кетейік, энергоблоктарды күрделі жөндеу 6 жылда бір рет, орташа жөндеу 3 жылда бір рет жүргізіледі. №6 энергоблок 2013 жылы қайта жаңартылған. Дәл сол кезде қазандық қондырғысы, турбоагрегат, генератор және блок трансформаторы ауыстырылды. Энергоблок жұмысының тиімділігі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретін басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Жаңа электр сүзгілері орнатылды. Олардың тазарту тиімділігі - 99,7%.

Владимир Косыхтың сөзінше, "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ Ақсу электр станциясының қажетті қуат резервін, жабдықтың сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін қолдау, өндірістік сипаттамаларды және экологиялық параметрлерді жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жақында компания 1973 жылдан бері пайдаланылып келген Ақсу электр станциясының №5 энергоблогын қайта құру бағытындағы ауқымды жобаны жүзеге асырды. Бұл энергоблогтың қуатын 300-ден 325 МВт-қа дейін арттыруға, отын шығынын азайтуға, пайдалану шығындарын қысқартуға, сондай-ақ электр станциясы жұмысының техникалық-экономикалық, экологиялық және сапалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берді.

Биыл №2 энергоблокта орташа жөндеу және №1 энергоблокта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Еуразиялық топ құрамындағы "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ Қазақстандағы ірі электр энергиясы мен көмір өндірушілердің бірі. Елде өндірілетін электр қуатының 17%-ы және көмірдің 20%-ы осы кәсіпорынға тиесілі. Электр энергиясын өндірудің жылдық қуаты – 16 млрд кВт/с. Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының құрамында Ақсу электр станциясы мен "Шығыс" көмір кеніші бар. Компания 2001 жылдан бері электр станциясындағы энергоблоктарды жаңғыртып келеді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу