Алуа Балқыбекова Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

1306

Қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова Түркияда өтіп жатқан Әлем чемпионатында финалдық жекпе-жегін өткізді.

Алуа Балқыбекова Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

48 келі салмақта финалда Балқыбекова түрік қызы Айше Чагирирмен "алтын" үшін сынға түсті. Төрешілердің шығарған шешімімен жекпе-жек Чагирирдің пайдасына аяқталды. Осылайша, Алуа Балқыбекова 2022 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл биылғы Әлем біріншілігіндегі Қазақстан әйелдер құрамасындағы жалғыз күміс медаль. Айта кетейік, турнир барысында Балқыбекова төрт қарсыласын да - Приянка Диллон (Канада), Снежана Силкович (Сербия), Нита Нита (Үндістан) және Севда Асенованы (Болгария) жеңген болатын.

Алуа Балқыбекова финалдық жекпе-жектен кейін кездесуге қатысты өз пікірін білдірді.

"Жекпе-жек мен ойлағандай болмады. Жеңіске жетемін деп ойладым. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бапкерлерге үлкен рахмет айтқым келеді. Тактикалық тұрғыдан алғанда бәрі дұрыс жасалды. Мені қолдаған барша қазақстандықтарға және менің командама, Qazsport телеарнасына және Федерация басшысына алғысымды білдіремін! Бізді осы Әлем чемпионатына жіберіп, оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырғандарыңызға рахмет. Жабырқамай, жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Қателіктер бар, әрине. Жұмыс істейміз", – деді қазақ Балқыбекова.

Биылғы Әлем біріншілігінде Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) жеңімпаздарға ақшалай сыйақы тағайындады. Алтын жүлдеге 100 мың доллар, күміске 50 мың доллар, қолаға 25 мың доллар. Осылайша төрт қола, бір күміс медаль алған қазақстандық боксшылар барлығы 150 мың доллар көлемінде сыйақы алатын болды.

Қазақстан құрамасының тағы төрт өкілі Түркияда жүлделі орындарға ие болған болатын. Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзова (70 келі) Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу