18 жастағы қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман алғаш рет 2443 ұпаймен әлемнің үздік 25 ойыншысының қатарына еніп, 25-орынға тұрақтады.
Сонымен қатар, ол 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлемдік рейтингте 1-орынға көтеріліп, өз буынының сөзсіз көшбасшысы атанды.
Бұл жетістік Алуаның соңғы халықаралық турнирлердегі табысты өнерінің нәтижесі. Атап айтқанда, Прага қаласында өткен жарыстан кейін ол Ташкентте ұйымдастырылған Георгий Агзамовты еске алуға арналған 19-шы халықаралық турнирде де жоғары деңгейде ойнады.
17-26 наурыз аралығында өткен бұл додаға 100-ден астам шахматшы қатысты. Open-A санатында 101 ойыншы сынға түсіп, олардың қатарында елімізден 9 спортшы болды. Қазақстандықтар арасында Алуа Нұрман 6 ұпай жинап, 24-орынға жайғасты.
Айта кетерлігі, Алуа турнир барысында әйелдер арасындағы ең үздік нәтиже көрсетті. Осылайша, халықаралық шебер (IM) нормасын да растады.