Алып кәсіпорындардағы ауыс-түйістер

1546

Еліміздің тау-кен металлургия саласындағы бірнеше кәсіпорынның басшылары ауысты.

Алып кәсіпорындардағы ауыс-түйістер

Өткен аптада Еуразиялық топтың (ERG) құрамына кіретін бірнеше кәсіпорынның басшылары ауысты. Мәселен, Павлодар қаласындағы Қазақстан электролиз зауытын бұдан былай Серік Дөңбекбаев басқаратын болды. Ол – осы өңірдің тумасы. Жергілікті университетті тәмамдаған. Бұдан бөлек, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі.

С.Дөңбекбаев Еуразиялық топтың құрамында 20 жылдан астам бойы жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын 1999 жылы Ақсу ферроқорытпа зауытында экономист болып бастаған. "Қазхром" трансұлттық компаниясында лауазымды қызметтерді атқарған. 2014 жылдан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін "Қазхромның" қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі вице-президенті қызметін атқарды.

Ал Қазақстан электролиз зауытын осы күнге дейін басқарып келген Андрей Батраченко кәсіпорындағы қызметін жалғастыра береді. Енді ол – кәсіпорын президентінің кеңесшісі.

Сол секілді Еуразиялық топтың құрамындағы "Соколов-Сарыбай" тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің басшысы өзгерді. Ақционерлік қоғамның президенті болып Валерий Гриненко тағайындалды.

Ол – тау-кен металлургия саласындағы танымал тұлғалардың бірі. Осыған дейін "Қазхром", "РУСАЛ", "ERG Service" секілді ірі компанияларда басшылық қызметтерді атқарған. Жаңа қызметке келмес бұрын төрт жыл Ақсу қаласындағы Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясын басқарды.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Соколов-Сарыбай" тау-кен байыту өндірістік бірлестігін Береке Мұхаметқалиев басқарған болатын. Әзірше оның қандай қызметке баратыны туралы нақты ақпарат жоқ.

Валерий Гриненко "Соколов-Сарыбайға" ауысқан соң, оның Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясындағы орны босағаны белгілі. Бірақ бұған да лайық кандидат бірден табылды. Аталған акционерлік қоғамның президенті болып Дүйсен Мерғалиев тағайындалды.

Ол Павлодардың мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы Екібастұздағы ГРЭС-1 станциясында бастаған. Әр жылдары бизнес құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. Еуразиялық топтың құрамында 2017 жылдан бастап қызмет етіп келеді.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін "Еуразиялық Топ" ЖШС энергетика департаментіне жетекшілік етті.

Сондай-ақ "ERG Service" компаниясының да басшылығы ауысты. Еуразиялық топ құрамындағы бұл кәсіпорынды енді Сергей Петухов басқарады.

Ол ТМД аумағындағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда 25 жылдай еңбек еткен. 2018 жылдан бастап "Қазхром" трансұлттық компаниясының жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті болды.

"ERG Service" ЖШС-ын бұған дейін Сергей Ельчищев басқарды. Оның қандай қызметке баратыны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Санжар Беркінбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу