Алып "саңырауқұлақты" көргендер енді биліктен құқай көруде

5410

Үкімет әртүрлі сылтаумен халыққа тиістіні бермей жатыр. 

Алып "саңырауқұлақты" көргендер енді биліктен құқай көруде

Биыл ұлы меже – Тәуелсіздіктің 30 жылдығының белестері қорытындыланып, жетістіктері таразылануда. Соның бірі ретінде 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылғаны аталуда. Бұл шынында тарихи оқиға болатын.

Алайда сонымен іс біткен жоқ. Оның артында азабы мен шері қалды, деп жазады  inbusiness.kz  тілшісі.

Айтпақшы, полигонның үнін өшіре сала, 1992 жылдың қазанында БҰҰ мінберінен жаһан жұртшылығына қайырылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемдік державалардан көмек сұрағаны мәлім.

"Осынау ажалдың апанын жапқанымызбен, аймақты сауықтырып, зардап шеккендерді емдеу, нәрестелерді қатерден қорғау үшін мол қаржы керек", – деді ол.

АҚШ, Еуропа, Жапония, араб елдері азды-кем көмегін ұсынды. Тақырып трендтен шыққан соң, онысын да қойды. Ал осы былықтың бәрін ұйымдастырған КСРО-ның заңды мұрагері саналатын көрші үнсіз қалды.

Әрине, қазір көзі тірі аз шоғыр "полигондықтарды" қамқорлыққа алуға Қазақстанның өз күші де жетер еді.  

Ел қазынасына елдің жағдайын жасау орнына Үкімет мүшелері әртүлі сылтаумен оларды қаржы мен көмектен қағуға дайын тұратын көрінеді.

Айта кету керек, кеңес өкіметі алып "саңырауқұлақтардың", жер тербелістері мен аспан асты, жер үсті жарылыстарының адамға аса қауіпті екенін жасырды. Қаптаған ресми газет-журналдар көпке дейін тек атом қаруын дәріптеумен болды.

Гүлсім Ахметжанова полигон аумағына білмей көшіп барған отбасылардың өкілі. Ол 1979 жылы ата-анасымен бірге Павлодар облысының Жалтыр ауылына көшіпті.

"1980 жылы сол кездегі аудан орталығы болған Белогорье (бүгінде Көктөбе) селосына қоныс аудардық және 1990 жылға дейін тұрдық. Жер астында атом қаруы сыналғанда, Белогорье тұрғындары тегіс жер қозғалғанын сезінетін. Үйлердің қабырғасы дәл бір безгек қысқандай селкілдеп қоя беретін. Сонда біздің бойымыздан радиациялы толқын өтіп жатқанын білмеппіз. Көшеде келе жатқан адамдардың өзі кенет шайқалып, құлап жататын. Мұның мәнісін сұрағанда, ресми органдар бәрі жақсы екенін, жаулардан қорғайтын қуатты қару жер астында сыналып жатқанын, одан өмірге қатер жоқтығын айтып, басу айтатын. Оның ақиқаты кейін ашылды. Билік тек 2011 жылы ғана маған бір рет өтемақы жасады. Онысы сол кездегі коэффициент бойынша небәрі 9 мың теңгені құрады. Сонымен болды", – дейді Гүлсім Ахметжанова.

Айта кету керек, 2007 жылы Маршалл аралдарының тұрғындары ядролық сынақ жүргізгені үшін АҚШ-тан сот арқылы 1 миллиард доллар өтемақыны өндіртуге қол жеткізді. 1945 жылы Құрама Штаттар Бикини (Bikini) атолында аса қуатты атом қаруын 67 рет сынаған болатын. Салдарынан өзге аралдарға радиациялық жаңбыр жауды. Рас, Америка ол соманы жыл сайын аз-аздап, бірер миллионнан ғана төлеуде.

Ал Семей полигонындағыларға ол да жоқ: Мәскеумен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтін Қазақстан соттасуға жеткізбеді.

Полигондағы 500-ге жуық алапат ядролық жарылыстан зардап шеккен азаматтар тағы бір кемсітушілікке ұшырапты.

"Мысалы, өмір бойы отбасы құрмаған немесе бала туып, ата-ана бола алмаған "полигондықтарды" кемсіту жүруде. Олар жеңілдікті зейнеткерлікке шығуды рәсімдеу алмайды. Менің қолымда "полигондық кітапшам" бар, соның аумағында өмір сүргенім, жерасты сілкіністерін бастан өткергенім шындық. Алайда баласы барларға ғана жеңілдікпен зейнеткер атану құқығы беріледі, ал біздің неге одан қағылатынымызды түсінбеймін. Балаларды бұл іске қатыстырудың қажеті қанша? Барлығы нақты емес пе: біз ядролық жарылыстардың куәгеріміз. Сондықтан Үкіметтен "полигондық кітапшасы" барлардың бәріне баласының бар-жоқтығына қарамастан, 55 жаста зейнетке шығуға мүмкіндік берсе дейміз", – дейді Г.Ахметжанова.

Серікжан Әбілов өз әкесі Төлепберген Иштаевтың жай-күйіне алаңдайды.

"Әскерге алынғанда әкемді 1969–1971 жылдар аралығында Семей ядролық полигоны аумағындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеуге жолдайды. Ол онда "әскери құрылысшы" және "жүргізуші" болған. Әкемнің айтуынша, ол полигон аумағындағы жарылыс алаңдарында жұмыс істеген және ядролық жарылыстарға куә болған. Өкінішке қарай, әкем ядролық сынақ қатысушысы ретінде арнайы мемлекеттік жәрдемақыға қол жеткізе алар емес. Өйткені құжат жүзінде растай алмады. Арнайы мақсаттағы автополкта әскери қызметін өткергенін растау үшін әртүрлі органдарға жүгінді, алайда оң жауап ала алмады", – дейді ол.

Яғни, арыстай азаматтарды алдап апарып, артынша ауру күйде керексіз заттай лақтырып тастағанға ұқсайды.

Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің архивтік анықтамасы бойынша Т.Иштаевтың әскери бөлімі 1969–1971 жылдары Курчатов қаласында орын тепкен. Дегенмен, бұл анықтаманы әлеуметтік төлем төлеуге тиісті меморгандар қабылдамайды екен: онда жауынгердің ядролық полигондағы сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқаны көрсетілмеген дегенді сылтауратады. Сонда бүгінде 70 жасқа жеткен қария сол кезде жарылысты көргенін қалай дәлелдеуі керек? Ол жағы түсініксіз.

Билік Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қылмыскерлерді түрмеден жаппай босатып, рақымшылықпен атап өтпей, оның орнына полигоннан зардап шеккендерге рақымшылық танытса, бұл нағыз ізгі іс болар еді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу