Алып жүк көліктері үш жылда 240-тан астам адамды басып өлтірген

5327

Елімізде жүк көліктеріне қатысты жаңалық өмірге жолдама алмақ. 

Алып жүк көліктері үш жылда 240-тан астам адамды басып өлтірген Фото: inbusiness.kz

Қазақстандықтар қала көшелерімен, ақылы жолдармен үлкен жүк көліктерінің көп жүре бастағанына шағымдануда. Мұндай көріністі тіпті елордада да жиі байқауға болады, деп жазады Inbusiness.kz.

Габаритті көліктер онсыз да тар жолды жауып, алға озуға мүмкіндік бермейді, жүргізушілердің алдағыны көру мүмкіндігін шектейді, жол қозғалысы жылдамдығын жасанды шектейді.

Апат әкелетін "алыптар"

Таяуда Алматыда самокат теуіп жүрген қыз баланы жүк көлігінің қағып өлтіруі қазақстандықтардың жанын түршіктірді. Қынжылтатыны сол, мұндай оқиғалар аз емес.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жүк көліктерінің қатысуымен 2019 жылы 401 жол апаты тіркелген, онда 112 адам өлді, 519 адам жарақаттанған. 2020 жылы тағы 370 жол-көлік оқиғасы болған, 95 адам қаза тауып, 477 адам жарақат алды. 2021 жылдың 3 айында 82 жол апаты тіркелді, онда 35 адам жантәсілім еткен, 101 адам жарақат алған.

"Ауыр зардаптарға соқтыратын, көптеген адам өлімі мен травматизмге әкелетін, ауыр жүк көліктерінің және карьерлік самосвалдардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбіне, қозғалыс жылдамдығы жоғары жолдарда орын алады. Мұндай маршруттарда ауыр жүк көліктерін жүргізу жүргізушілерден кәсібилікті, сондай-ақ рұқсат етілген параметрлер мен көліктің техникалық жай-күйін сақтауды талап етеді. Шаршаған, денсаулығында кінәраты бар жүргізуші жолдағы штаттан тыс жағдайларға, мысалы, көліктердің қарама-қарсы жолаққа шығып кетуіне, күртік қардың пайда болуына, көктайғаққа және басқа да тосын жайттарға лайықты үн қата алмай қалады", – делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің талдауында.

Көлік саласына жауапты ведомствоның дерегінше, мысалы, жүкті шектен тыс тиеу үшін айыппұлды аз төлеу мақсатында ауыр жүк көліктері, тіпті карьерлік самосвалдар негізінен жүргізушінің атына жазылады, яғни оның иесі ретінде сол көрсетіледі. Әйтпесе, заңды тұлғаларға жоғары айыппұл белгіленгені мәлім. Жүк көлігін сатып алып, шынымен меншіктеген жүргізушілер де көп екен. Алайда кәсіпорындардан айырмашылығы сол, жеке тұлға жөндеу базасын ұстап тұра алмайды, көрінген СТО-ға жүгінуге мәжбүр. Оның үстіне олардың бірқатары білікті жүргізуші-көмекшіні жалдамай, ұзақ жолға жалғыз аттана береді.

Бұған қоса, мұндай жүргізушілер рейс алдындағы медициналық тексеруден және автокөлік құралын техникалық тексеруден өткізе бермейді. Көбіне, жалған анықтама сатып ала салатын көрінеді.

Бұл проблемаларды елімізде утилизациялық алым кесірінен автопарктің тозуы мәселесі тіптен күрделендірді: Қазақстанда алып машиналардың пайдалану мерзімі 5 жылдан 35 жылға дейін барады, басым көпшілігі тоза бастады. Сондықтан металдың шаршауы және агрегаттардың сапасыз жұмыс істеуі факторлары қосылуда.

Тасымал саласы заң бұзушылыққа толы ма?

Қазақстанда қазір салмағы 10 тоннадан асатын 55 мың ауыр жүк көліктері және карьерлік самосвалдар тіркелген.

"Көлікке артық жүк тиеу үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатында жүк жөнелтушілер тасымалдаушыларға тауар-көлік жүкқұжаттарын және өлшеу актілерін ұсынбайтынды шығарды. Былтырғы 2020 жылы рұқсат етілген нормалардан тыс тиеу үшін 1 мың 572 жүк жөнелтуші жазаға тартылды. Сондай-ақ тауар-көлік жүкқұжатын ұсынбағаны үшін 3 мың 307 әкімшілік материал толтырылды. Рұқсат етілген параметрлерді сақтамағаны үшін 3 мың 31 тасымалдаушы жазаланды. Оның ішінде 1 мың 467 карьерлік самосвал бар. Жалпы алғанда, жүктерді тасымалдау қағидаларына қатысты барлығы 2 мың 225 бұзушылық тіркелген, оның 471-ін карьерлік самосвалдар жасаған", – деді индустрия министрлігі.

Бұл – былтырғысы. Биылғы 3 айда рұқсат етілген нормалардан тыс тиеу үшін 360 жүк жөнелтуші жауапкершілікке тартылды. Ал тауар-көлік жүкқұжаттарын ұсынбағаны үшін 590 әкімшілік материал толтырылды. Рұқсат етілген параметрлерді сақтамаған көліктермен сапарлағаны үшін 618 тасымалдаушы жазаланды. Оның 277-сі – карьерлік "өзіндік аударғыштар".

Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларына қатысты биылғы бірінші тоқсанда барлығы 656 бұзушылық тіркелді, оның ішінде 161-сі – карьерлік алыптар үлесінде.

Кен қазу орындарынан жалпы пайдаланымдағы жолдарға шығып кететін алыптардың жүріс-тұрысын бақылауға полицияның күші жетпеуде. Себебі, Қазақстанда автомобиль жолдарының ұзындығы 95,6 мың шақырымға жайылып жатыр. Осынау ұлан-байтақ инфрақұрылымда 51 көліктік бақылау бекеттері ғана орналасқан. Оларға жүк тасымалдарын бақылауды қамтамасыз 278 маман штаты бөлінген.

Алыптарды ғарыш аппаратынан бақыламақ

Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үкіметке ұсыныспен шықты: ол қабылданса, барлық ірі жүк көліктері, соның ішінде самосвалдар тегіс жерсеріктік навигация аппаратурасымен жабдықталуға міндеттеледі. Заңдастыру үшін бастама "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылды.

"Автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікке қатер төнуіне жол бере бермеу, тасымалдау процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында жүк көтергіштігі 10 тонна және одан көп болатын автомобильдерді, самосвалдарды спутниктік навигация аппаратурасымен жабдықтау қажет. Бұл жабдық көліктің жүк тасымалдау кезіндегі ағымдағы орны туралы нақты уақыт режимінде ақпарат беріп отырады. Осының арқасында елдегі тасымалдау қызметіне қашықтықтан мониторинг жүргізіледі. Сонымен бірге әртүрлі бұзушылықтардың жолын кесуге және жолдардағы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ИИДМ.

Әу баста салмағы рұқсат етілген параметрлерден асып кететін жүк көліктерінің, кен қазуға тартылған самосвалдардың республикалық трассаларына шығуына мүлдем тыйым салу ұсынылған екен. Бірақ оған кәсіпкерлер, инвесторлар қарсы шыққан деседі.

Алып машиналарға орнатылатын спутниктік навигация аппаратурасы тасымалды ұйымдастырушыға және уәкілетті меморганның диспетчерлік жүйесіне көліктің келе жатқан немесе тұрған орны, қозғалыс жылдамдығы туралы ақпаратты онлайн режимде береді.

Егер жүргізуші жолда күніне 8 сағаттан артық қозғалса, диспетчерлік жүйе оны бұзушылық ретінде тіркеп, хабарлайды. Уәкілетті орган тасымалдаушыға немесе жүргізушіге тәртіптік жаза қолданады.  

Сондай-ақ апат болса не көлік жолай бұзылып қалса, навигация оған көмек көрсету үшін орналасқан жерін нақты көрсетеді деп күтілуде.

Бұл бастама енгізілсе, жүк тасымалдаушының әр көлікке жабдық орнату шығыны шамамен 175 мың теңгені құрамақ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу