Беларусь геосаяси және миграциялық текетіреске түрткі болуда. Мұның салдары Еуропалық Одақтың қауіпсіздік архитектурасына тікелей қатер төндіріп тұр.
Минск маңызын төмендетіп, шекарадағы әдеттегі бұзушылық ретінде ғана бағалаған ахуал бүгінде бірнеше мемлекеттің қауіпсіздігіне сына қаққан ауқымды халықаралық операция сипатына ие болғандай. Латвия, Литва және Эстония өз азаматтарына қауіп төнгенін мәлімдеуге, шұғыл түрде күш біріктіруге, шекара күзетін күшейтуге және бюджеттен жоспардан тыс шығын шығаруға мәжбүр.
Балтық ынтымақтастығына сызат түсті
Таяуда бұл дағдарыс шырқау шегіне жетті. Әлеужелілерде тараған бейнежазба жұртшылықтың үрейін туғызды: Онда заңсыз мигранттар шекараны қоршаған дуалға қарапайым баспалдақтарды қойып, төбесіндегі тікенек сымнан оңай аттап, ешқандай кедергісіз шекараның бергі бетіне секіріп түсіп жатыр.
Латвия саясаткерлерінің өткір реакциясы да көп күттірген жоқ. Оппозициялық "Латвия бірінші орында" (LPV) партиясының атынан сайланған Сейм депутаты Рамона Петравича бұл жағдайды апатқа теңеді.
"Егер латвиялық-беларусьтік шекарада мигранттардың баспалдақпен қоршаудан еркін өтіп жатқаны шындық болса, онда Латвия өзінің шығыс шекарасын қорғауға мүлдем қауқарсыз деген сөз! Бұл – ұлттық қауіпсіздік үшін нағыз апат! Көрші Литва Латвияның бұл дәрменсіздігін қатаң сынға алып жатыр. Олардың екі ел арасындағы шекаралық бақылауды қайта енгізуді неге жоспарлағаны таңғалдырмайды", – деп кейіді саясаткер.
Бұл мәлімдеме жасалған кезде Латвия Президенті Эдгар Ринкевич Вильнюске мемлекеттік сапармен барған еді. Балтық өңірін осылай дипломатиялық түсініспеушіліктер теңселте бастағандай.
Мұның алдында ғана Литваның жаңа Ішкі істер министрі Мартинас Кателинас Латвиямен арадағы шекарада бақылауды шұғыл қайта орнату мүмкіндігін ашық айтты. Бұл Балтық елдерінің бірлігіне ауыр соққы болуы мүмкін.
Литва бұл шетін қадамға "қайталама заңсыз миграцияның" жойқын қарқын алуын себеп қылып отыр. LETA агенттігінің мәліметінше, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда, биылғы 6 айда Латвия территориясы арқылы Литваға өтіп кеткен заңсыз келімсектер ағыны 4 есеге жуық артып шыға келді: 300-ден кем дегенде 1200-ден астам адамға дейін көбейген.
Нақты саны белгісіз: өйткені елдің ІІМ-інің мәлімдеуінше, көптеген заңсыз мигрант жергілікті құзырлы органдардың құрығына түспей, әрі қарай ың-шыңсыз Польшаға, Германияға, басқа еуропалық елдерге тарап, сіңіп кетеді. 1,2 мыңнан астам деп отырғаны – ұсталғаны ғана.
Латвияның сыртқы шекарасындағы жағдай осымен бесінші жыл қатарынан ушығып барады. Мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, күн сайын Беларусь тарапынан шекараны күшпен бұзып өтуге бағытталған жүздеген әрекеттердің жолы кесіледі.
Кейбір күндері шекара шебін шабуылдаушылардың саны 100-200 адамнан асып жығылады. Тек бір күнде, 30 шілдеде, латвиялық шекарашылар заңсыз басып кірмек болған мигранттардың 87 әрекетін тойтарды.
Жалпы статистика гибридті шабуылдың жан түршіктірер ауқымын паш етеді. 2021 жылдың 10 тамызынан 2026 жылдың 30 шілдесіне дейінгі аралықта Латвия шекара қызметі Беларусь тарапынан 49 620 заңсыз өту әрекетінің жолын кесті.
Егер 2024 жылы 5 388 оқиға тіркеліп, шиеленіс уақытша саябырсығандай көрінсе, 2025 жылы тікенді алып дуалдардың орнатылғанына қарамастан, мигранттар легі жаңа қарқынмен лап қойып, шабуылдар саны 12 046-ға дейін шарықтады.
Бүгінде жағдай бақылаудан шығып кетудің сәл-ақ алдында тұр: осы жылдың басынан бері тоқтатылған бұзушылықтар саны 10 мыңдық межеге жақындап қалды (8 992 оқиға). Бұл дағдарыстың тау басынан құлаған қар жентегіндей алапат сипат алғанын және жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Латвия билігі енді жай ғана стихиялы миграция туралы емес, "көрші елдің ұйымдастырған нысаналы гибридті операциясы" туралы ашық айта бастады. Тұрақты шекара әскеріне шектен тыс ауыртпалық түсіп жатқанын түсінген Латвияның Бас прокуратурасы бұрын-соңды болмаған қадамға барды.
Шілде айының ортасында ел тарихында тұңғыш рет көрші елге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Оның аясында "заңсыз миграцияны ұйымдастыруға қатысы бар" Беларусь шекара қызметінің лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері фактісі бойынша тергеу басталған.
Мигранттар енді жерасты шабуылын меңгерді
Гибридті қысым тактикасы да трансформацияға ұшырады. Соңғы күндердегі оқиғалар Беларусь арқылы Еуропаға заңсыз мигрант өткізудің жаңа айла-шарғылары өмірге енгізіліп, жаңа тәсілдері сыналып жатқанын көрсетті.
Егер Латвия қоғамында резонанс туғызған басты тақырып баспалдақтар болса, көршілес Литвада – жерасты туннелдерінің пайда болуы жұртшылыққа жаға ұстатты. Литвалық шекарашылар Беларусь жағынан қазылған бірнеше жерасты жолдарын тапты.
Литва Мемлекеттік шекараны қорғау қызметі Delfi.lt және 15min.lt порталдары арқылы мәлімдегендей, елдің оңтүстігінде, Беларусьпен шекарада жерасты құрылысының белең алғаны тіркелуде. Варена бөлімшесінің шекарашылары бірнеше құпия қазбажолды анықтады. Қажетті процестік әрекеттер аяқталғаннан кейін оларды топырақпен көміп тастады.
Оқиғалардың бірі Лаздий ауданында орын алды: мұнда литвалық-беларустік шекараны тек атаусыз бұлақ қана бөліп тұр. Капчямест шекара заставасының қызметкерлері сейсмикалық діріл датчиктерінің көмегімен Пяртакас деревнясының жанында жерасты жолының құрылысы жүріп жатқанын тіркеді.
Сол тұсқа таяп қалған литвалық патрулді көргеннен кейін Беларусь территориясында әскери емес, азаматтық қарапайым киім киген 20-ға жуық соқталдай жас жігіт орман қойнауына кері шегініп, бой тасалаған.
Оқиға орнында төбесі бөренелермен бекітілген және топ-топ адамды тасымалдауға дайындалған үлкен, 11 метрлік аяқталмаған туннель табылды. Жерасты жолы дәл патрулдік жолдың астынан өтіп, шекара бұзушыларды Литваның ішкері территориясынан бір-ақ шығаруға тиіс болыпты.
Варена ауданындағы және Капчяместис жанындағы басқа да операциялар барысында әрқайсысы 20 мигранттан тұратын бірнеше топтың ұқсас жасырын жерасты коммуникацияларын пайдаланып, шекараны бұзып өтуге талаптануының жағдайлары тіркелді.
Барлық фактілер бойынша Алитус учаскелік прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тәртіп бұзушыларға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Ал, анықталған өткелдер ауыр техниканың көмегімен көміліп, жаншылып, жойылуда.
Ақпарат құралдарының жазуынша, көші-қон қысымы Еуроодақ шекарасының өне бойында үздіксіз жалғасып жатыр. Шекарашылар бар күш-жігерін ушыққан бір учаскеге аударса болды, басқа біреуінде шекара бұзу оқиғалары өрши жөнеледі.
Литвада Чепкяляй резерватындағы 30 күндік саябырсудан кейін Кабеляй заставасының шекарашылары Беларусь жағынан бері өткен Марокко, Алжир және Египеттің азаматтарынан тұратын топты ұстады. Мұндай "уақытша саябырсу" тактикасын Польша шекарашылары да тіркеуде. Олар тыныштанға учаскеден енді 13 заңсыз мигранттың бұзып өту әрекетінің жолын кесті.
Латвиядағы сияқты, Литвадағы жағдай да қауіпті сценарий бойынша өрбуде. Биылғы жылдың басынан бері шекарашылар 1 000-ға жуық көші-қон шабуылын тоқтатыпты. Бұл алдыңғы бүкіл 2024 жыл бойы тіркелген жалпы көрсеткішке (1002 әрекет) барабар және 2025 жылғы рекордтық 1,6 мың талап межесіне жылдам жақындап келеді.
Батпақтағы "Айдаһар тістері": Қорғанысқа миллиондар шұғыл бағытталуда
Осындай жағдайда Риға төтенше шараларды іске қосуға мәжбүр. Мысалы, шекара күзетіне армия жұмылды. Латвияның Ұлттық қарулы күштері шекараны қорғауға тікелей қатысуға көшті. Шекара күзетінің резервтегі жеке құрамы шұғыл түрде демалыстардан кері шақыртып алынуда. Ал, Үкіметте шекарашылар қатарында енді Мемлекеттік қорғаныс қызметін де енгізу бастамасы талқылануда. Кешеден бастап, Беларусьпен арадағы шекаралар тарс жабылды.
Сонымен бірге, кеше Латвия ІІМ басшысы азаматтарға суыт үндеумен жүгініп, Беларусь территориясын жоғары қауіп аймағы деп жариялады:
"Назар аударыңыздар! Латвия тұрғындарын Беларуське сапарлау жоспарларынан бас тартуға, ал, онда жүргендерді үйлеріне тез оралуға шақырамын. Беларусь өршітіп отырған миграциялық гибридті соғыс жағдайында елдер арасындағы қауіпсіз қозғалыс қиындауы мүмкін", – деген Ішкі істер министрі Янис Домбраваның сөздерін Grani.lv жариялады.
Сонымен қатар, Балтық елдері қиянатшыл көршісімен арадағы шекараны жау өткізбес бекініске айналдыру ісін жылдамдатты. Латвия-Беларусь учаскесінде ұзындығы 145 шақырымға жуық тікенді қоршау 2024 жылдың шілдесінде-ақ аяқталған еді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, тек бір тордың өзі жеткіліксіз болып шықты.
Ресеймен шекарада 2025 жылдың соңында құны 186 млн еуроны құрайтын 280 шақырымдық биік дуалды тұрғызу және оның өне бойын технологиялық жарақтандыру ісі аяқталды.
Осы аптаның соңында Латвия ІІМ-і Министрлер кабинетіне есеп берді: шекараны бекіту жұмыстарының соңғы, ең күрделі кезеңге өткені жария етілді. 2026 жылдың жазында Valsts nekustamie īpašumi (VNĪ) кәсіпорны ұзындығы 42 шақырымды құрайтын ең ауыр гидравликалық және геологиялық аймақтарды нығайтуға кірісті.
VNĪ жобаларының басшысы Имант Мекша түсіндіргендей, әңгіме түбі терең батпақтар туралы болып отыр. Онда понтонды патрулдік соқпақтар, су бұрғыштар мен инженерлік құрылыстар салынуда. Мәскеудің және Минскінің шапқыншылығынан қорыққан Балтық елдері тіпті батпақтарды да бекініске айналдыруға күш салуда.
Осылайша, Еуропаның шығыс шекарасы әскери майдан шебінің кейпіне ене бастады. Шеп бойына ауыр әскери техникаға, танкке қарсы бөгеттер – "айдаһар тістері" орнатылуда. Бұл үшін Мемлекеттік қамтамасыз ету агенттігі 39 жеке жер учаскесін иеліктен шығаруға қосымша 220 000 еуро сұратуда. Барлық нысандарды, соның ішінде Зилезерс көліндегі бақылау мұнарасын, әскери катерлерге арналған айлақты, бекітілген өткелдерді толық аяқтау 2027 жылдың соңына жоспарланып отыр.