Әсіреоңшыл әрі ұлтшыл "Германия үшін балама" (ГүБ) партиясы шығыстағы федералдық жерде (ГФР республикаларға емес, жерлерге бөлінеді) өткен сайлауда сенімді түрде жеңіске жетіп, тарихта тұңғыш рет өз бетінше жергілікті Үкіметті жасақтау мүмкіндігіне ие болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жергілікті сарапшылардың бағалауынша, бұл – салдары федералдық жердің аясынан әлдеқайда асып түсуі мүмкін қауіпті саяси соққы.
Қазақстан үшін бұл оқиғаның маңызы айрықша. Германия – әлемдегі біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Сондықтан Берлин мен оның шығыс өңірлеріндегі бұл саяси бетбұрыс неміс экономикасының, басқа елдермен арадағы қарым-қатынасының болашағына ықпал етеді.
Саксония-Анхальт федералды жерінің Ландтагына (жергілікті Парламентіне) өткен сайлау Германиядағы жылдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі болып есептеледі.
Жексенбіде, 6 қыркүйекте өткен бұл сайлауда әсіреоңшыл "Германия үшін балама" (ГүБ) партиясы сенімді басымдықпен жеңіске жетті. Алдын ала мәліметтер бойынша ол 44%-дан астам дауыс жинап отыр. ГүБ-тің жергілікті Премьер-министр лауазымына үміткері – Ульрих Зигмунд (Ulrich Siegmund).
Мемлекет басшысы, канцлер Фридрих Мерцтің Христиан-демократиялық одағы (ХДО) 2021 жылғы көрсеткішімен салыстырғанда ел қолдауының жартысын жоғалтып, екінші орынға сырғыды. Христиан-демократтарды өз ықтиярын білдірген сайлаушылардың шамамен тек 18,4%-ы ғана қолдады. Бұл ХДО-ның Саксония-Анхальттағы ең нашар тарихи көрсеткіші.
Үшінші орынды 9,3% дауыс алған Солшыл партия иеленді. "Одақ 90" және "Жасылдардың" әрқайсысы 8,7%-ға қол жеткізді. Германияның Социал-демократиялық партиясын (ГСДП) сайлаушылардың 8,3% қолдады: бұл да оның өңірдегі ең төменгі нәтижесі. BSW (бұрынғы "Сара Вагенкнехт одағы – ақыл мен әділдік үшін" партиясы) 5% жинады. Қалған партиялар бес пайыздық межеден өте алмады.
Осы нәтижелерге сәйкес, Саксония-Анхальт Ландтагындағы 83 депутаттық орын төмендегідей бөлінуі мүмкін: ГүБ – 39 мандат, ХДО – 16, Солшыл партия, "Одақ 90", "Жасылдар" – әрқайсысы 8-ден, ГСДП – 7 орын, BSW – 5 мандат алады.
ГүБ бұрынғы ГДР-ды қалай жаулап алды?
Болған оқиғаның ауқымын түсіну үшін тек дауыс беру нәтижелерін саралау аздық етеді. ГүБ-тің сайлаушыларға нақты не ұсынатынын және оның күн тәртібі неліктен Германияның шығысында сұранысқа ие болғанын ұғыну маңызды.
Партия көші-қон, мәдениет, ең алдымен білім беру саясатындағы түбегейлі өзгерістерді ілгерілетеді. Мәселен, Германияда саяси пана іздеуші шетелдіктер мен босқындарды елде жұмыссыз бос сенделмеуі үшін мәжбүрлі түрде жұмысқа жегуге ниетті. Заңсыз мигранттарды еліне кері депортациялау ауқымын күрт кеңейту көзделіп отыр. Мектеп саясатында ГүБ баршаға міндетті білім беруді жоюды және қашықтан оқытуға рұқсат беруді жоспарлап отыр.
Сыртқы саясат федералды жерлердің құзыретіне кірмейді, бірақ ГүБ бундесрат (Парламенттегі жерлердің өкілдігі) арқылы Ресейге қарсы германиялық санкцияларды жоюды талап етуге белсенді.
Йена университетінің саясаттанушысы Свен Лойниг DW тілшісіне сұхбатында ГүБ білім беру саласында көп нәрсені өзгерте алатынын мәлімдеді. Өз бағдарламасында партия Ресеймен оқушылар алмасуды қайта жандандыруды, германиялық мектептерде орыс тілін оқытуды кеңейтуді талап етеді. Орыс тілі мұғалімдерінің тапшылығын Ресейден педагогтерді шақыру арқылы шешуді ұсынды.
Бұл ретте партия мүгедектігі бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді қысқарту ниетін жариялады. Мұндай жоспарлар БҰҰ-ның тиісті конвенциясының ережелерін бұзуы мүмкін. Сондай-ақ ГүБ "Расизмге қарсы мектеп" бағдарламасын қаржыландыруды тоқтатып, оны өзін-өзі қорғау курстарымен алмастыруды талап етуде.
Партия Германияда мешіттер салуды шектеуді қолдайды. Ол сондай-ақ ЛГБТҚ-ға қарсы науқан жүргізіп, балалар мен жасөспірімдерге гормоналды терапия жасауға және мектептерде "кемпірқосақ түсті" туды ілуге тыйым салады. Германиядағы федералды жерлер мәдениет саласында кең өкілеттіктерге ие, дейді саясаттанушы Свен Лойниг. Оның пікірінше, бұл партия әлгі бастамаларын елдің шығысында толық жүзеге асыра алады.
Сонымен бірге ГүБ балабақша мен мектептегі тамақтануды тегін еткісі келеді. Федералдық деңгейде партия Шенген аймағынан шығуды, еуродан бас тартуды, Германияның ұлттық төл валютасын енгізуді, Еуропалық Одақ пен НАТО-дан бас тартуды ұсынады. ГүБ тәуелсіз неміс мемлекетіне, білім беру жүйесіне, қоғамды жаңғыртуға және Германияның Еуропадағы орнына қатысты өз моделін ұсынып отыр.
Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?
"Германия үшін балама" партиясының елдің шығысындағы жеңісі біздің елге қалай әсер етуі мүмкін? ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Германия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына кіріп, жалпы тауар айналымында жетінші орынды иеленді. Сондай-ақ ГФР – Қазақстанға тауар жеткізуші 3-ші ірі ел.
Әзірге бір ғана жердегі сайлау нәтижесімен толық қорытынды жасауға ерте. Алайда еуропалық сыртқы саясатты қайта қарауды жақтайтын саяси күштердің күшеюі бүкіл Германияға әсер ететіні қазірдің өзінде түсінікті. Бұл ретте ГүБ-тің жетекші кандидаты Ульрих Зигмунд сыртқы саясатқа қатысты өз көзқарастарын баяндап та үлгерді. Оған сенсек, Германия Еуропалық одақтан гөрі, Еуразиялық одаққа жақындай түсуі мүмкін.
"Біз барлық елдермен идеологиясыз, ақылға қонымды дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тиіспіз. Мен әлемнің барлық елдерімен тіл табысқым келеді. Өйткені бұл біздің ұлтымыздың, немістің мүдделеріне сай келеді. Бізге Ресей сияқты күшті серіктестер қажет. Бізге бәрімен еркін сауда керек", – деп нықтады ол.
Германияда саяси зілзала басталды
Саксония-Анхальттағы жергілікті сайлау қорытындылары Германия үшін саяси жер сілкінісіне барабар. Елді енді сұрапыл өзгерістер күтіп тұр. Мұндай пікірді белгілі неміс саясаттанушысы Александр Рар білдірді.
"Енді ештеңені де жоққа шығаруға болмайды. Мерц Үкіметі ГүБ-тің билікке ұмтылысын тоқтату үшін оған тыйым салуға дейін баратын сценарийді де жоққа шығаруға болмайды. Алда драмалық оқиғалар өрбиді. Бұл қоғамды біраз теңселтеді. Либералдық жүйе, билеуші элита, барлық БАҚ, күш құрылымдары ГүБ-пен күресті күшейтеді. Саяси өмірдің шиеленіскені көрініп тұр. Мэйнстримдік партиялар өз бекіністерін соғыспай беруге ниетті емес", – дейді Рар.
Сарапшы ГүБ-тің осы табысы алда басқа өңірлердегі оның танымалдылығының артуына әкеледі деп есептейді.
"Мерц ГүБ мандаттарын жартылай қысқаруға уәде берген еді. Шынында ГүБ ХДО-ның ықпалын жартылай қысқартты", – деді Рар.
DW шолушысы Дирк Эммерих те бұл сайлау нәтижелерін тектоникалық қозғалыспен салыстырды:
"Канцлер Мерцке жаңа жоспар керек. Әсіреоңшыл "Германия үшін баламаның" жеңісі бүкіл елді өзгерте алатын нағыз саяси жер сілкінісіне ұқсады. Канцлер бұл сайлаудың нәтижесі өз Үкіметінің саясатына деген наразылықпен тығыз байланысты екенін біледі. Алда, 20 қыркүйекте Мекленбург – Алдыңғы Померания мен Берлинде Ландтаг депутаттары сайланады. Ол жақтағы ахуал да Мерц үшін әзірге онша жақсы емес. Шығыс федералдық жерлерде халықтың дәстүрлі партиялардан алыстауы бекер емес. Елдің бұл бөлігі өзіне қатысты әділетсіздік орнаған деп санайды. Өкпесі көп", – деп түсіндірді сарапшы.
Дирк Эммерих ХДО/ХСС консервативті блогы мен социал-демократтардың билеуші коалициясының депутаттары бюджет қаражатын бөлуде үнемі таласып қала беретініне назар аудартты. Салдарынан зейнетақы төлеу, медициналық сақтандыру және салықтар мәселесі дау-дамайдан арылмай, зардабын қарапайым халық тартты.
Парламентте апталап, айлап созылатын бос пікірталастар кез келген реформаны жарға жығады. Салдарынан сайлаушыға не болып жатқанын, неге маңызды мәселелердің шешімі айтыс-тартыс батпағына батып кеткенін ешкім түсіндіре алмайды.
"Германия үшін баламаның" қазіргі табысының бір кілті, бәлкім, осында жатса керек. Билеуші партиялар халықты рухтандыра, жігерлендіре алатын болашақтың жарқын бейнесін ұсына алмады. Еуропаның басты лидер қайда бет алып барады? Мұрат-мақсаттардың межесі қандай? Нақты белгісіз. Содан саналы сайлаушы түңіліп, қолын бір-ақ сілтейді, өз партиясына дауыс беруге бармайды.
ГүБ болса, елдің радикалды бөлігі көздеген нысананы дөп басуда, сұрағанын ұсынуда, солардың сойылын соғуда. Табысқа жету үшін сол да жеткілікті. Себебі, демократия кейде басым көпшіліктің жеңісі емес, ең қатты айғайлағандардың жеңісі.