Алыс та жақын Ауғанстан...

945

Геосаяси конъюктурадағы дүмпулі өзгерістердің тез жүріп, күрт алмасуы Қазақстан үшін жаңа уақыт талабын туындатқаны рас. 

Алыс та жақын Ауғанстан... Фото: РБК

Бірақ оны сын-қатер дегеннен бұрын мүмкіндік деп атаған орынды болар. Өйткені тәуелсіздіктің бізге көпвекторлы саясатты сыйлағаны секілді, соңғы жылдардағы халықаралық ахуал бізді әртарапты болумен қатар бейтарап болуға да итермелеп отыр.

Шындығын айтқанда, санкция сарсаңға салғанда теріскей көршімізге тым матаулы екенімізді түсіндік. Ресейдің орбитасынан бойымызды алыс ұстап, балама жол іздеу керектігін ұғындық. Ендеше, мұндағы тағы бір бағыт – Ауғанстан векторы.

Әріптестік жанданып келеді

"Құланның құлағын қасынуына, мылтық шүріппесінің басылуы" демекші, NATO күштерінің Ауғанстаннан кетіп, билік басына "Талибан" қозғалысының келуі Ресейге салынған санкциядан сансырап қалмау үшін бейтарап позиция ұстанып, жаңаша векторлар (нарықтар) іздей бастаған Қазақстан үшін оңтайлы оқиға болды. Украинадағы соғыс басталған екі жылда осы оңтүстіктегі көршімен әріптестік бұрын-соңды болмаған қарқынмен жандана түсті. Ауған елімен түрлі дәрежедегі алуан сипатты ұйымдар деңгейінде араласа бастадық.

Мәселен, соның ең соңғысы биыл 18 ақпан күні Бішкекте Қауіпсіздік кеңес хатшыларының, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілердің Ауғанстан мәселесі бойынша алтыншы өңірлік диалогы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік

Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты. Ол осы ел аумағындағы жағдайды айқындайтын бірқатар факторларды атап өтті. Осы ретте негізгі қауіп бұрынғыша терроризм мен экстремизмнің, заңсыз есірткі айналымының таралуына, қару-жарақ сатуға және заңсыз көші-қонға байланысты болып отыр. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы осы қауіп-қатерлерді барынша азайту үшін Ауғанстандағы ахуалды, оның ішінде әлеу¬меттік-экономикалық жағдайды тұрақ¬тандыру ісіне көмектесуге бағыт¬талған бірлескен жұмыс қажет екенін айтты.

Ал соның алдында ғана Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Беларусь көлік министрліктерінің өкілдері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік кеңесінің 43-ші отырысы аясында кездескен еді. Іс-шараға қатысушылар "Беларусь-Ресей-Қазақстан-Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан" халықаралық көлік дәлізін қалыптастыру және дамыту мәселесін талқылап, іс-шаралар жоспарын пысықтады. 

"Геосаяси жағдайдың шиеленісе түскені, халықаралық көлік дәліздерін, оның ішінде теңіз тасымалындағы логистиканы да өзгертуге мәжбүр етті. Сол себеп, "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің маңызы артты. Ол Еуропа, Азия, Таяу Шығыс елдері арасында жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін Каспий бассейніндегі теңіз порттарын қамтиды. Сондай-ақ, теміржол тасымалының рөлі күшейіп отыр. Оның ішінде Қытай бағытына қарай ойысқан Ресейдің ТрансСіб, БАМ бағыттары мен Қиыр Шығыс аймағындағы теңіз порттары бар. Қытай-Қазақстан-Каспий теңізі-Әзірбайжан/Иран-Грузия-Түркия/Еуропа арқылы өтетін халықаралық Транскаспий көлік бағдарының да маңызы еселене түсті. Сонымен қатар, Қазақстанның Көлік министрлігі Беларусь-Ресей-Қазақстан-Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан бағытындағы жаңа мультимодальды дәлізді қалыптастыру жөніндегі жобаны іске асыру бастамасын да сөзсіз қолдайды. Бұл бағдар біздің еліміз бойынша Орта Азия дәлізі арқылы Сарыағаш-Арыс-Қандағаш-Озинки/Илецк учаскесі бойымен өтеді", – дейді Көлік министрлігінің Көлік саясаты департаменті директорының орынбасары Ахметжан Зейнолла.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр қараша айының бірінші жұлдызында өткен ШЫҰ-на мүше елдердің көлік форумы шеңберінде Қазақстан, Ресей және Өзбекстан министрліктерінің өкілдері "Беларусь-Ресей-Қазақстан-Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан" дәлізі туралы Меморандумға қол қойған болатын. Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар "Дарбаза-Мақтаарал" жобасының іске асырылуын ескере отырып, қазақстандық учаскенің инфрақұрылымы осы дәліз бойынша жүктерді тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген ортақ пікірге келді. Мұндай жиындар мен ұйымдарды көптеп мысалға келтіруге болады. 

Алуан сипатта, түрлі форматта

Бұған дейінгі уақытпен салыстырғанда әсіресе былтырғы жылды Ауғанстанға бет бұрып, бағыт түзеуде іс-шараға бай кезең болды деуге болады. Бірде елімізде, бірде шетелде, бірде форум, бірде саммит түрінде түрлі жиындар өтті. Соның ішінде 2023 жылдың соңғы тоқсанының өзінде жиырмаға жуық оқиға болыпты. Мәселен, ЕҚЫҰ Бас хатшысының қатысуымен өткен Форум, Орталық Азия және "Үлкен жетілік" елдері министрлерінің бірінші отырысы, ҰҚКШ мемлекеттері басшыларының саммиті, SPECA саммиті, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің 16-шы саммиті, Сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырыстары, Астанада өткен Орталық Азия және Үндістанның қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуі, Мәскеу форматындағы 5-ші консультативтік кездесу – Ауғанға ашылған қақпаның айқын айғағы. 

Бірден айта кететіні, тағдыр тауқыметін тартудай-ақ тартқан Ауған елінің әлемдік қауымдастыққа кірігіп кетуіне Қазақстан бірінші кезекте мүдделі. Осы мақсатта ол көптеген бастамаларға мұрындық болып жүр. Мәселен, Президент Қасымжомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының ашылуында Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары (SDGs) жөніндегі өңірлік орталығын ашу туралы бастаманы қолдауға шақырды. Ол орталық Алматы қаласында орналасуы тиіс. Қазақстан Ауғанстанды тұрақты, өркендеген мемлекетке және сенімді сауда серіктесіне айналуы керек деп санайды. Бұл бастама одан кейін де көптеген халықаралық жиындарда көтеріліп жүр. Соның бірі былтыр 11 желтоқсан күні Түркіменстан астанасы Ашхабадта "Халықаралық бейтараптық күнін" мерекелеу аясында гибридті форматта өткен Бейбітшілік, қауіпсіздік және орнықты даму жолындағы бейтарап Достар тобының кездесуі. 

Одан бөлек қараша айында Солтүстік Македонияның астанасы Скопье қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері Кеңесінің (СІМК) 30-шы отырысы өтті. Осы айда Бішкекте өткен БҰҰ-ның Орталық Азия үшін алдын-алу дипломатиясының аймақтық орталығы (UNRCCA) Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлері орынбасарларының 13-ші жыл сайынғы кездесуінде де Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жайы сөз болды. Орталық Азия және "Үлкен жетілік" елдері министрлерінің бірінші отырысында да еліміз Орнықты дамудың өңірлік орталығын құру (SDGs) және 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін аймақтық климаттық саммитке қатысу бастамасын қолдауға шақырды. Тағы бір мысал – Ташкент қаласында өткен

Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің 16-шы саммиті. ЭЫҰ – 10 мүше мемлекеттен (Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан) тұратын өңірлік мемлекетаралық экономикалық құрылым. Қазақстан оның 1992 жылдан бері мүшесі.

Қазан айы да Ауған елімен әріптестікке шақырған халықаралық жиындарға толы болды. Олар - Орталық Азия Сыртқы істер министрлері мен ЕҚЫҰ Бас хатшысының қатысуымен өткен Форум (Ашхабад), ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 27-ші отырысы (Шуша), SPECA саммиті (Баку), ҰҚКШ мемлекеттері басшыларының саммиті (Минск), Орталық Азия және Үндістанның қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуі (Астана) және тағы басқалар.

Бұл тұста бірінші кезектегі мақсат Ауғанстанмен арадағы өзара сауда-саттықты дамыта түсу болса керек. Былтыр тамыз айында Астанада өткен "Қазақстан-Ауғанстан іскерлік форумында" осы тұстағы амбициялық жоспарлар айтылды. Ол – екі ел арасындағы сауда айналымын 3 млрд АҚШ долларына жеткізу. Бұл межеге 2022 жылы қозғау салынғандай болған. Осы кезеңде Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда көлемі 987,3 млн долларды құрады. Бірақ 2023 жылы түрлі жиындардың саны мен өту ауқымына қарамастан бұл көрсеткіш небары қаңтар-қарашада айлары бойынша 583,4 млн доллар болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 33,5%-ға төмен.

Соған сәйкес, экспорт 35,1%-ға төмендеп, 563,6 млн. АҚШ долларын, импорт 2023 жылғы қаңтар-қарашада 2,3 есеге өсіп, 19,9 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстан Ауғанстанға негізінен бидай немесе қара бидай ұнын, бидайдың өзін, легирленбеген болаттан жасалған жалпақ жайма металл, күнбағыс майы, кептірілген бұршақ дақылдары, аралас минералды тыңайтқыштар, зығыр тұқымдары, табиғи газ жөнелтеді. Ал Ауғанстаннан Қазақстанға минералды және газдалған, қант қосылған сулар, жаңа піскен немесе кептірілген жүзім, парфюмерияда немесе фармацияда пайдаланылатын өсімдіктер, пияз, сарымсақ, ерлерге арналған тоқыма киімдер, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған бұйымдар және олардың алюминийден жасалған бөліктері, бағалы (алмаздардан басқа) және жартылай бағалы тастар, өзге де жаңа піскен жемістер әкелінеді.

Көрмеден меморандумға дейін...

Былтыр атынан әлем үркетін тәліптер қазақ топырағына алғаш рет қадам басты. Ниеті – әріптестік. Астанада үш күн бойы "Қазақстан-Ауған іскерлік форумы" өтті. Оған 200-ден астам делегат келді. Құр келмей "біздерде мынадай бар, мынадай бар" демекші, өздерінде шығатын тауарлардың түр-түрін ала келіпті. Көрмемен басталған жиынның алғашқы күні ғана форум түрінде өтті.

Қалған үш күн ауғандықтар әкелген көрмеден қалы кілемдер мен ақ мақта, жеміс-жидектер мен көкөністер, түрлі сусындар мен дәрі-дәрмектер, кептірілген жемістер мен шафран шайын, құрылысқа арналған мәрмәр, гранит тақтатастар мен ауған қазандарын және тағы да басқа тауарларды көруге болатын еді. Тіпті ол елде алтын, қорғасын, сүрме, слюда, силикат кен орындары да бар екен. 

"Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтауға мүдделіміз. Қазіргі уақытта біз экспорттық себетті әртараптандыру үрдісін көріп отырмыз. Есептеулеріміз бойынша, Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларының тауарлары бойынша 500 млн. АҚШ долл. сомасына жеткізудің экспорттық әлеуетіне ие. Елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастық та дамуда. 2005 жылдан бастап Ауғанстаннан Қазақстан экономикасына инвестициялар ағынының жалпы көлемі шамамен 11,7 млн АҚШ долл. құрады. Қазақстанда жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындардың саны сауда саласында жұмыс істейтін 52 кәсіпорынды құрайды", – деді Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин форумда жасаған баяндамасында.

Қалай болғанда да ауғандықтардың өз экономикасын көкнар алқабы және апиын өндірісімен ғана байланыстыратын стереотипті бұзғысы келетіні байқалады. Онысы форум өткен алғашқы күні де аңғарылды. Екіжақты сауда, транзит және инвестициялық әріптестікті нығайта түсуге шақырып, Қазақстаннан келетін инвесторларға салықтай көптеген жеңілдіктер беретінін жасырмады.

Олардың ынта ықыласы Қазақстан-Ауған іскерлік форумы аясындағы меморандумға қол қою рәсімінде анық көрініс тапты. Мұнда жалпы сомасы 190,8 млн долларға жуық экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, ұн мен өсімдік майын жеткізуге барлығы 15 шарт жасалды. Бұл тұста Ауғанстан Қазақстан ұнының негізгі тұтынушысы екенін атай кеткен абзал. Сондай-ақ, ауған мемлекеті қазақстандық өсімдік майының ең ірі импорттаушыларының бестігіне кіреді.

"Бұл елмен әріптестікті әртараптандырудағы бір мақсат – транзиттік әлеуетін пайдаланып, жаңа нарықтарға шығу. Оның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланар болсақ, 220 миллион халқы бар Пәкістанға ең қысқа жол салуға болады. Бұл Қазақстанға Карачи және Гвадар теңіз порттарына, одан әрі Үндістанға, Парсы шығанағы, Таяу Шығыс елдеріне, тіпті Африкаға шығу мүмкіндігін ашады. Ол дегеніміз қазақстандық экспорттаушылар үшін жаңа және өте тартымды сауда нарықтары. Қазақстан Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар темір жол трансафған көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалайды. Бұл бағыт сауда-экономикалық ынтымақтастық динамикасына жаңа серпін береді. Қазақстан оның құрылысына қатысуға дайын. Сондай-ақ, Ауғанстан да, Қазақстан сияқты, әлемдегі ең бай минералды ресурстарға ие мемлекет, атап айтқанда жер қойнауынан мұнай, газ, көмір, мыс, күміс, алтын, кобальт, күкірт, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, темір рудасы, тұз, бағалы және жартылай бағалы тастар шығады. Сонымен қатар, Ауғанстан - литий қоры бойынша №1 ел, ол болашақтың металы екені белгілі", – дейді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Қос ел арасындағы әріптестік дегенде, оны жүзеге асыратын қарапайым ғана бизнес өкілдері екендігін естен шығармаған абзал, Ал мемлекет оларды ынталандыру үшін жағдай жасап, нарықты реттеп отыруға мүдделі. Осы ретте біз бұған дейін де осынау екі ел арасындағы алтын көпірдің алтын қазығын қағып жатқан жерлесіміз туралы жазған болатынбыз.

Әрине, бейтараптылық Ресеймен саяси-экономикалық ынтымақтастықтан бас тарту деген сөз емес. Ол – біздің тарихи көршіміз, стратегиялық әріптесіміз. Біздің кешегі тарихымыз да, бүгінгі заманымыз да, ертеңгі болашағымыз да – ортақ. Бейтараптылық дегеніміз – осы ортақ жауапкершіліктен оңашаланған балама мүмкіндікті саралау деген сөз. Көпвекторлы саясаттың көбігін сүзіп, қаймағын қалқу.

Сөз соңында, қоғамда "мұның бәрін баяғыдан бері жасау керек еді ғой" деген бір өкініштің бар екенін ашық айтқан абзал. Ендеше, өткеннен сабақ алу үшін біз бұл тақырыпқа әлі де оралатын боламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу