"AMANAT"-тан басқа партиялар да үкімет жасақтауға қатысуы керек - сарапшы

1022

Бұл туралы саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгелдинов "Atameken Business" телеарнасындағы "Түскі формат" бағдарламасында айтты. 

"AMANAT"-тан басқа партиялар да үкімет жасақтауға қатысуы керек - сарапшы Фото: Kior.kz

Қазбек Майгелдинов Әлихан Смайылов басқарған үкімет жұмысының жетістіктері мен мүлт кеткен тұстары да болғанын жасырмады. 

"Әлихан Смайылов бастаған министрлер кабинеті бір жыл ғана жұмыс істеді. Оның ішінде екі сайлау науқанын өткерді. Оның алдында республикалық конституциялық реформалар бойынша референдум өткен болатын. Сондықтан 3 саяси сайлау науқанына түскен аралықта жетістіктері де, көптеген келеңсіз, төмен көрсеткіш көрсеткен нәтижелері де бар. Бір ғана мысал келтірейік. 2023 жылдың ақпан айында еліміздегі инфляция 20 пайыздан асты. Азық-түліктің ең басты бағамы 26 пайызға дейін өсіп отыр. Жалпы халық тарапынан үкіметке бағаның тұрақсыздануына байланысты көптеген сын айтылып жатыр", - деді спикер.

Саясаттанушы алдағы құрылатын жаңа министрлер кабинетіне де тоқталды. Ол Парламент қабырғасына 6 саяси партия өткенін еске салды. 

"Олардың ішінде "AMANAT" партиясынан бөлек, басқа да партиялар үкімет жасақтауға қатысуы керек деп ойлаймын. Мысалы, кешегі өткен Мәжіліс спикеріне дауыс беру кезінде, сосын бүгінгі Премьер-Министрге үміткерлерді ұсыну кезінде қалған партиялар да өзінің кандидаттарын ұсынуы керек еді. Жаңа саяси күштер келгеннен кейін олар өздерінің кандидатурасын неліктен ұсынбайды? Үміткер ұсыну міндетті түрде жеңіп шығу деген сөз емес", - деді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Қазбек Майгелдинов мұндағы негізгі мәселе партиялардың саяси күш ретіндегі өз әлеуетін көрсету екенін алға тартты. 

"Сондықтан алдағы министрлер кабинетін жасақтаған кезде олардың үштен бір бөлігі ауысу керек. 2022 жылы бірнеше министрліктің басшыларын Президент ауыстырған болатын. Бүгінгі дауыс беру кезінде (ред. – Премьер-министр кандидатурасы туралы ұсынысқа) 7 адам қарсы болып, 8 адам қалыс қалды. Менің ойымша, бірмандатты округтен келген 29 депутат да осы үкіметті жасақтауға қатысып, өз пікірлерін айту керек. Өйткені алдағы құрылатын үкімет тікелей Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады. Кеше Президенттің өзі "AMANAT" партиясы өз кандидатурасын (ред. – Үкімет басшысының) ұсынатын болса, олар тікелей жауапты болады деп айтты ғой. Десек те, ол жерде басқа да фракциялар дауыс берді ғой", - деді спикер. 

Егер ертең Үкімет дұрыс жұмыс істемесе, Премьер-Министрге сын айтылса, бұл сол фракцияларға да сын деген сөз, деп атап өтті ол.

"Сондықтан бұл жерде дауыс берген депутаттар мен партиялар да өзара жауапкершілікті сезіну керек", - деп түйіндеді саясаттанушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу