Әмбебап киіз үй ЭКСПО-ның төрінен табыла ма?

Бек Темір Бек Темір
5585

Өнертапқыштың үміті жоқ, күдігі көп.

Әмбебап киіз үй ЭКСПО-ның төрінен табыла ма?

Елімізде Халықаралық ЭКСПО-2017  көрмесінің басталуына құс балапаны қанат қағатындай ғана уақыт қалды. Ал қаншама өнертапқыш ауыл баласының соған қатыссам деген арманы "қыршынынан" қиылып кетіп жатыр. Солардың бірі – жылжымалы киіз үй жобасын жүзеге асырып жатқан тапқан Бағдат Лақбаев.

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Жуантөбе ауылында туып өскен ол жастардың ой жұмысын қолдау туралы қанша мінберден айтылса да, іске келгенде бәрі құмға сіңген су секілді екенін айтады. Қолдау болмауының ақыры талаптанудан шет қалдырып, тоқырауға ұшыратады. Дегенмен Бағдат өз қолынан шыққан дүниелері жанының рахаты екенін жасырмайды.

"Бала күнімде суда өздігінен жүзетін кеме секілді ойыншықтар жасайтынмын. Қандай да бір өнертапқыштық затымды жасап болғанша тағатым таусылып, жетілдірген сайын жаңашылдықтарға аңсарым ауып тұратын. Электронды бесік сол талпынысымның жемісі", – деп бастады әңгімесін жас жігіт.

Бағдат Лақбаев ойлап тапқан бесігін соңғы 5 жыл бойы жетілдіріп келеді. Атап көрсетерлігі ол бесік үшін шетелден қымбат құралдарға тапсырыс бермеген. Қолда бар түрлі заттарды, жарамсыз болып қалған тұрмыстық техникалардың бөлшектерін пайдаланған. Аталмыш бесік бірегей десек жарасар. Мәселен баланың жылаған дауысы 75 децибелге жеткен уақытта  автоматты түрде шам жағылып, әлди әні қосылып, өздігінен тербеледі. Автор флэшкаға анасының дауысын жазып қойса да болатынын айтады. Себебі кез келген сәби өз анасының дауысын таниды және тез уанады. Сол секілді бесік бөлме температурасын сақтап тұруға шақталған. Яғни бөлмедегі бала күтіміне қажет температура шамасы төмендесе, я болмаса көтерілсе арнайы құрылғы іске қосылып, қажетті температурамен қамтамасыз етеді.

"Мұны жасаудағы бірінші мақсатым аналарға көмек, екіншіден қазіргі түрлі жиһаздың дамыған заманында қазақтың төл дүниесін ұмыттырмау, – дейді Бағдат Лақбаев. Бүгінгі күні ол  өнертапқыштық жұмысына Астанадағы зияткерлік орталығынан патент те алған.   

Бағдат Лақбаев тек қана электрондық бесікпен шектеліп қалған жоқ. Ол бокстар мен гараждарға арналған электронды қақпа да (есік) ойлап тапты. Жасаған қақпасын қазір өз гаражында пайдалануда. Алғашында бұл қандай "сиқыры" бар қақпа екендігін түсіне алмағанымыз аян. Сөйтсек автоматтандырылған қақпа арнайы пультпен басқарылады екен. Көлік гаражға кіргеннен кейін белгіленген сызыққа дейін жүреді, одан соң арнайы шам жағылып, қақпа өздігінен жабылады. Егер ол сызыққа дейін бармаса немесе көлік теріс қойылса қақпа жабылмайды. Қатаң тәртіп міндетті түрде сақталуы шарт. Сол секілді төтенше жағдай болған уақытта, мәселен өрт шыққан кезде қақпа өзі ашылады. Бөтен біреу ашпаққа ниеттенсе дабыл ойнайды.

Бағдат бізге қазір екі қабатты жылжымалы киіз үй жасап жатқанын айтты.

"Жылжымалы киіз үй жобасымен айналысып жатқаныма біраз уақыт болды. Егер ойым сәтті жүзеге асса, таптырмайтын дүние болғалы тұр. Біріншіден, бұл үйді  көлікке тіркеп алып, кез келген жерге апаруға болады. Екіншіден, үй жиналмалы. Үшіншіден, арнайы электр энергиясы қажет емес. Үй энергияны күннен алады. Оны  үлкен асқа, я болмаса дала жағдайында өтетін тойларға пайдалануға болады. Төртіншіден, екі қабатты киіз үй қонақ күтуге және сахна ретінде пайдалануға өте ыңғайлы. Бесіншіден, жылдың төрт мезгілінде  де қолдануға болады. Үйге  газбен жылытылатын қондырғылар орнатылады. Қазіргі күні зияткерлік орталығынан патент алуға өтініш бердік, жақын күндері оған да қолымыз жетіп қалар, – дейді автор ағынан жарылып.

Айта кетейік,  Бағдат Лақбаев Жуантөбе ауылындағы Сәкен Сейфулин атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Кентау қаласындағы қазақ-түрік университетінің ішіндегі арнайы мамандандырылған орталықта қысқа мерзімді курсты бітірген. Мұнда  дәнекерлеуші, электрик, сантехник, бағдарламашы секілді мамандықтарды игерген. Одан кейін Шымкент қаласында колледжге түсіп, электрмен жабдықтау мамандығын меңгерген. Бүгінде ол дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Осыған дейін  бірнеше байқауға   қатысып, жүлделі орын иеленген.

"Сөздің шынын айту керек, бүгінде өнертапқыштарға қолдау аз. Қаншама талантты жастар осының кесірінен басқа салаға бет бұрып кетіп жатыр.  Өз басым дүниелерімді "ЭКСПО-2017" көрмесіне шығарғым келеді. Тек көкейімде үміт жоқ, күдік көп", – деп түйді ойын Бағдат Лақбаев.

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу