Америка долларына "ақырзаман" туып келеді

10943

Әлде олай емес пе? Осыған қатысты қаржыгерлер таласып жатыр.

Америка долларына "ақырзаман" туып келеді Фото: ЖИ

Биылғы қаңтар айында, әсіресе соңғы аптасында америкалық валютаның сұрапыл құлдырауы көп сұрақ тудырды. Бұл оның жаһандық гегемониясының ақырына таяғаны ма, әлде ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен пілге тән "ептілікпен" жүргізіліп жатқан Трамп әкімшілігінің кезекті коррекциясы ғана ма?

Осы аптада доллар америкалық сырғанаққа отырғандай, соңғы жылдардағы ең күрт төмендеуді бастан өткерді. Негізгі алты әлемдік валютаға қатысты оның қуатын көрсететін DXY индексі 96 пунктке дейін құлап, соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Bloomberg дерегінше, трейдерлер америкалық валютаның әрі қарай әлсіреуіне рекордтық көлемде бәс тіккен. Яғни олар доллардың болашағына сенбейді.

Жаһандық деңгейде доллар небәрі екі апта ішінде 3,65%-ға құнсызданды. Салыстыру үшін айтсақ, бүкіл 2025 жыл бойындағы әлсіреуі 9%-ды құраған еді.

Дональд Трамп долларға дем беру орнына, биржадағы "өртке" май құя түсті. Соңғы мәлімдемелері арқылы ол Ақ үйдің бағдары өзгергенін әлемге мәлім етті. Енді әлсіз доллар Америка үшін проблема емес, керісінше мүмкіндік ретінде қарастырылады: ол америкалық экспорттаушыларды жаһандық деңгейде ілгерілетіп, қолдаудың құралы болмақ.

Президент Трамп осы аптада тосын мәлімдеме жасады. Ол долларды "йо-йо ойыншығы сияқты жоғары-төмен лақтыра алатынын" ашық айтып, доллардың қазіргі құнсыздануын "керемет", жағымды құбылыс деп бағалады. Алайда нарық әзілді түсінбейді: АҚШ көшбасшысының бұл сөзін ойын-оспақ ретінде емес, нақты іс-қимылға арналған нұсқаулық ретінде қабылдады.

Егер президенттің өзі валютаны құлатамын деп тұрса, оған қандай сенім болмақ? Соның салдарынан биржадағы саудаға қатысушылар доллардан жаппай арыла бастады. Нәтижесінде америкалық валюта соңғы жылдардағы ең терең құлдыраулардың бірін бастан өткерді.

Америкалық валютаның жағдайының "нашарлауына" ықпал еткен маңызды факторлардың бірі – АҚШ-тың ішкі экономикалық мәселелері. Бірқатар штатта мигранттарды ұстап, елден қуу науқаны аясында тәртіп сақшылары бірнеше адамды жазықсыз атып тастады. Кейбір сарапшылар АҚШ азаматтық соғыс қарсаңында тұр деп айтуда. Оның үстіне, президенттің оптимистік риторикасына қарамастан, америкалық экономиканың нақты жағдайы мәз емес.

Долларға қосымша қысымды "жаһандық резервтерді әртараптандыру" үдерісі де күшейтіп отыр. АҚШ-тың мемлекеттік қарызының өсуі, жаңа сауда соғыстары, Трамптың долларды басып шығаратын тәуелсіз орган – Федералдық резерв жүйесінің ішкі ісіне қол сұғуы және оны саясиландыруы, қатаң санкциялық саясат пен жалпы геосаяси тұрақсыздық көптеген елдерді халықаралық резервтеріндегі доллар үлесін жедел қысқартуға итермелеуде.

Бұл алаңдаушылық кейде тіпті экзотикалық сипатқа ие. Мәселен, Трамптың Венесуэланың лидері лауазымын қоса атқару, Гренландияны сатып алу, Канаданы АҚШ-қа қосу секілді әпербақан қиял-идеялары да осы жалпы мазасыздықты күшейтті. Соның салдарынан Германияда депутаттар елдің Америка банктерінде сақтаулы алтын құймаларын елге қайтаруды талап ете бастады.

"БКС Мир инвестиций" компаниясының қор нарығы жөніндегі сарапшысы Александр Шепелевтің айтуынша, қаңтар айында долларға қысым бірден бірнеше фактордың әсерінен қалыптасты. Олардың қатарында геосаяси белгісіздіктің ушығуы, халықаралық қоғамдастықтың АҚШ-тың сауда және салық-бюджет саясатына деген сенімінің төмендеуі, Трамптың Федералдық резерв жүйесінің басшылығына қысымы және бұл реттеуші органның саясилану қаупі, базалық пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, сондай-ақ Қытайдың америкалық қазынашылық облигацияларға инвестицияларын 2009 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін қысқартуы бар.

Құлдырау емес, қалтырау

1950 жылдардан бері әлемнің негізгі валютасы болып келген доллардың сырттай мызғымас көрінген гегемониясы шынымен күйрей бастады ма? Осыны меңзейтін оқиғалардың драматизміне қарамастан, сарапшылар доллар әлі де нық тұр деп есептейді. Әлемнің доллардан толық бас тартуы байқалмайды, бірақ дедолларизация белгілері барған сайын айқынырақ көрінуде.

"Риком-Траст" инвестициялық компаниясының аналитика бөлімінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Олег Абелев дедолларизация процесі баяғыда-ақ басталып кеткенін және енді ешкімнің еркіне қарамай дами беретінін атап өтті. Егер он жыл бұрын әлемдік орталық банктердің резервтеріндегі доллардың үлесі шамамен 70% болса, бүгінде ол 50%-ға дейін төмендеді. Бұл үдеріс алдағы уақытта да жалғасуы ықтимал.

"Доллардан толық бас тарту, әрине, болмайды. Бірақ қолданыстағы Ямайкалық әлемдік валюталық-қаржылық жүйеге балама тетіктердің қалыптасуы – уақыт еншісіндегі заңды құбылыс. Америкалық қарыздың ірі ұстаушылары өз үлесін біртіндеп қысқарта береді. Бұған біз қазірдің өзінде куә болып отырмыз. Сонымен қатар мемлекеттер бір-бірімен доллармен емес, ұлттық валюталармен есеп айырысудың бірыңғай жүйелеріне көше бастайды. Бұл – ондаған жылдарға созылатын ұзақ процесс, бірақ оның бағыты айқын. Яғни әлем америкалық валютаны мүлде қоқысқа тастамайды, алайда өз есеп айырысуларындағы оның үлесін азайтады", – дейді Абелев.

"Финам" компаниясының аналитигі Александр Потавин дүниежүзінде долларды есеп айырысу валютасы ретінде қолдануға деген сұраныс әлі де жоғары екенін мойындайды. Мұны SWIFT жүйесінің деректері де растайды: 2025 жылғы желтоқсанда халықаралық төлемдердегі доллардың үлесі 50,5%-ға жетіп, 2023 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке шыққан.

Әлем сенімді әрі өтімді валюта ретінде еуроға немесе юаньға емес, әлі де долларға басымдық беріп отырғанын Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) де атап өтті. Оның соңғы есебіне сәйкес, соңғы 25 жыл ішінде доллардан жүйелі түрде бас тарту белгілері байқалмаған. Керісінше, динамика толқын тәрізді: дағдарыс кезеңдерінде доллардың үлесі уақытша төмендейді, алайда кейін ол қайта қалпына келіп қана қоймай, көбіне өз позициясын одан әрі күшейтеді. Мұндай "мәңгілік" өміршеңдікке Голливудтың экшн кейіпкерлері де қызыға, қызғана қарар еді.

Қолындағы долларды сақтау немесе одан арылу жөніндегі шешімді әр адам жеке қабылдауы тиіс. Қазақстандық қаржыгерлер биыл америкалық валютаның бағамы 546–600 теңге аралығында болуы мүмкін деп болжауда. Алайда 500 теңгеден төмендеуі мүмкін деген болжамдар да бар.

Қазіргі жағдайда доллардың қайта күшеюі үшін екі шарттың бірі орындалуы қажет, дейді Шепелев: биылғы мамырда басшысы ауысатын Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемелер бойынша қатаң саясатқа көшуі тиіс немесе әлем кенеттен қауіпсіз әрі болжамды мекенге айналып, соғыстар жаппай тоқтауы керек. Әзірге бұл екі сценарийдің де көкжиектен көрінбей тұрғаны анық.

Қазақстанда девальвация тақырыбы әдетте қарапайым түрде түсіндіріледі: теңге мықты болса – жақсы, теңге әлсіресе – жаман. Алайда республика экономикасының экспортқа бағытталған сипатын ескерсек, ұлттық валютаның белгілі бір деңгейде әлсіреуі де объективті түрде қажет.

Егер Қазақстан тек импортқа тәуелді ел болса, қисын басқаша болар еді: мықты ұлттық валюта барлық импорттық тауарлардың арзандауына әкеледі. Бірақ қазіргі жағдайда шамадан тыс күшейген теңге мұнай, астық, металл және басқа да өнімдер экспорты есебінен түсетін валюталық табысты (теңгеге шаққанда) азайтып, республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс жоспарларын орындауға қауіп төндіреді.

Нәтижесінде бұл жағдай валюта нарығында қосымша тәуекелдер туғызып, ел ішінде шетел валютасына деген сұранысты арттырады. Теориялық тұрғыдан алғанда, берік теңге тұтынушыларға көбірек тауар сатып алуға мүмкіндік беруі тиіс. Алайда практикада олай болмай отыр. Қазақстандағы тауарлар мен қызметтердің бағасы тек доллар бағамына ғана байланысты емес.

Бүгінде қымбатшылықтың негізгі себептері – инфляция, сондай-ақ жаңа Салық кодексі аясында бизнестің салықтық жүктемесінің бірнеше есе өсуі. Сондықтан "мықты теңгені" Қазақстан бюджеті ұзақ уақыт көтере алмайтын шоқпар деуге болады. Мықты теңге – отбасы бюджеті үшін береке, ал мемлекеттің бюджеті үшін – бәлекет.

2008 жылғы қаржы дағдарысын дәл болжауымен танылған америкалық экономист әрі инвестор Питер Шифф осы аптада тағы да доллардың сөзсіз күйрейтінін және АҚШ-та жаңа дағдарыс басталатынын ескертті.

Fox Business басылымының жазуынша, ол ауқымды экономикалық сілкіністің жақындап келе жатқанын және оның эпицентрі АҚШ болатынын мәлімдеген.

"Доллар құриды, оның орнын алтын басады. Бүгінде әлемдік нарықты теңселтіп тұрған теңгерімсіздіктің түп-төркіні – дәл осы америкалық валюта. Трамп АҚШ-тың аяғынан шалуда. Қазір болып жатқан процестерді кезекті жаһандық тұрақсыздық деп қарастыруға болмайды. Бұл – америкалық қаржы дағдарысы. Алайда ол басқа экономикалар үшін тиімді болуы мүмкін", – дейді Шифф.

Commerzbank-тің валюталық нарық жөніндегі сарапшысы Тху Лан Нгуен де өз есебінде АҚШ-тың "шыға алмас шыңырауға" құлау қаупіне назар аудартты.

"АҚШ әкімшілігінің болжауға келмейтін, қысқа күнде қырық құбылатын саясатын ескерсек, валюта нарығы тұрғысынан шығу мүмкін болмайтын тығырықтың туындау қаупі бар. Егер нарық осындай жағдайдың қалыптасқанын сезсе, долларды бақылаусыз түрде құнсыздандыра бастайды. Американың қаржыға жауапты тұлғалары жағдайды кері бұрғысы келгеннің өзінде, ахуалды қысқа мерзімде тұрақтандыра алмауы мүмкін. Соның салдарынан америкалық валютаның ұзақ мерзімді әрі айтарлықтай әлсіреуі орын алады", – деп жазады сарапшы.

Алайда мұндай қаралы сценарийлер әзірге бір маңызды себепке байланысты шындыққа айналмауы мүмкін. Бұл себепті Société Générale инвестициялық банкінің бас экономисі Вэй Яо қысқа да нұсқа тұжырымдайды: "Дүниежүзінде долларға және долларлық активтерге лайықты балама әлі күнге дейін пайда болған жоқ".

Егер балама болмаса, адамзат одан қалай бас тартпақ?

Дәл осы фактор әлемдік қаржы жүйесінің "шаңырағын" әзірге опырылып түсуінен сақтап тұр. АҚШ әлемдегі ең ірі инвестициялық нарық болып қала береді. Әлем байларының барлық инвестицияларының шамамен жартысы әлі де америкалық қаржы алаңдарына бағытталып, долларда сақталуда. Мұндай ауқымды капиталды қабылдай алатын балама нарық әзірге жоқ.

Осыдан шығар қорытынды: нарықтағы көптеген белгі инвесторлардың доллар аймағынан біртіндеп алыстай беретінін аңғартады. Алайда бұл доллардың жетекші әлемдік валюта ретіндегі мәртебесінен түпкілікті айырылып, оның дәуірі аяқталды дегенді білдірмейді.

Керісінше, әлем күрделірек әрі көпполярлы қаржылық архитектураға бет бұрып келеді. Доллардан босайтын қосымша капитал ағындары алтынға, табысы жоғары дамушы нарықтарға және тұрақты валюталарға бағытталуы мүмкін. АҚШ-пен шектелмей, осы балама құралдарға ставка жасаған инвесторлар ұтуы ықтимал.

Жаңа жүйеде де доллар орталық рөлдердің бірін сақтап қалуы мүмкін. Алайда егер Дональд Трамп америкалық валютаны йо-йо сияқты жұлқылап ойнай берсе, доллар нарығын өзі-ақ дағдарыс тығырығына тіреп тындыруы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу