Америкада тарихында болмаған ғаламат саяси дағдарыс басталды

2526

Салдарынан, Украинаға жүз миллиард долларға дейін көмек қаражат беруді қарастыратын жеке заң жобасы қабылданбай қалды. 

Америкада тарихында болмаған ғаламат саяси дағдарыс басталды Фото: primul.md/ru

АҚШ Парламенті – Конгрестің Өкілдер палатасы Америка тарихында тұңғыш рет өз спикерін отставкаға жіберді. Палата төрағасы алпауыт державаның саяси иерархиясындағы №3 тұлға саналады. 

Конгрессмендер соңғы рет осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өз спикерін креслосынан аластауға талаптанып көріпті. Бірақ оны қалағандар сонда, 1910 жылы дегеніне жете алмады. Яғни, америкалық парламентшілер бұған дейін ешқашан палата төрағасын отставкаға жіберу мәселесі бойынша дауыс бермеген екен.

Бұл қадамның осы жолы жасалуы Құрама Штаттардағы саяси дағдарысты шырқау шегіне жеткізді.

Дағдарыс былтырғы жылдың соңында басталды. Жаңа парламенттік сайлаудан кейін Өкілдер палатасы жаңа төрағасының кандидатурасы бойынша ұзақ уақыт бойы келісім мен тоқтамға келе алмады. Сайлау нәтижесінде Республикалық партия Демократиялық партиядан сәл озып, палатадағы мандаттар саны жөнінен шамалы басым түсті. Демек, спикер де жеңімпаз партиядан болуға тиіс.

Спикердің кандидатурасы бойынша 14 рет дауыс беріліп, нәтижесіз аяқталды. Тек 15-ші дауыс беру циклінің қорытындысында, 2023 жылғы қаңтарда Республикалық партияның өкілі Кевин Маккарти АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының төрағасы болып сайлана алды.

Былтырғы парламенттік сайлауда бұрынғы президент, қазіргі президенттік лауазымға кандидат, В.Путиннің досы Дональд Трамп жиырма шақты жақтасын өзі қаржылай қолдап, конгрессмен мандатына қолдарын жеткізді. Осы трампшыл депутаттар өз кандидатурасын бұғаттай бермеуі үшін Маккарти олармен келіссөз жүргізе келе, бірқатар міндеттеме алды. Оның біріне сәйсек, ол спикер ретінде америкалық бюджеттің шығыстарының артуын қолдамауға уәде етті. Егер АҚШ борышын арттыратын ұсынысты қолдаса, өзін отставкаға жіберу туралы мәселенің дауысқа қойылатынына келісті.

Республикалық Кевин Маккарти осы уәдесін таяуда бұзды. Бұзбасқа амалы қалмады. Оның партияластары, әсіресе, трампшыл конгрессмендер "шығыстары шектен тыс көп" деп санап, АҚШ-тың федералдық бюджетінің жобасын қабылдатпай қойды. Олар Украинаға қаржылай, әскери көмек беруді доғаруды талап етті. Оған Демократиялық партия келіспеді.

Америкада қаржылық жаңа жыл 1 қазанда басталады. Соған дейін федералдық бюджет қабылданбаса, онда барлық мемлекеттік органдар, бюджеттік ұйымдар, медициналық ұйымдар, мектептер және басқасы дереу қызметін тоқтатып, тарауы шарт. Оның қызметкерлеріне жұмысын жалғастыруға, сөйтіп, еңбекақы қоры бойынша берешек қалыптастыруға тыйым салынған. Бұл жағдайда армияны да қаржыландыру тоқтатылады. Мұны "Shutdown" атайды.

Онсыз да дағдарысты өткеріп жатқан елге шатдаун соққы бермеуі, яғни ел тағдыры үшін Өкілдер палатасының спикері саяси мансабын бәйгеге тікті. Ол Демпартия лидері, Президент Джо Байденмен келісіп, Конгрестің қарауына Американың уақытша бюджетінің жобасын енгізді. Трампшыл конгрессмендер оның қабылдануына да тосқауыл қойды: тек жобадан Демпартияның Украинаға 6 миллиард доллар көмек бөлу туралы ұсынысын алып тастаған соң ғана олар уақытша бюджетті қолдады. Осылайша, АҚШ 45 күнге ғана есептелген уақытша бюджетпен тіршілігін жалғастырды.

Алайда ол құжатта бірқатар шығыс өсіріліпті. Сондықтан Флорида штатынан сайланған трампшыл конгрессмен, республикалық Мэтт Гетц спикерді отставкаға жіберу туралы бастама көтерді. Ол Маккартиді уақытша бюджетті қабылдауда демократтармен мәмілеге барғаны үшін айыптады: демократтар одан Украина туралы жеке заңның қабылдануын қамтамасыз ететіні туралы уәдесін алған соң ғана уақытша бюджетті қолдаған болатын.

Сол сөзінде тұру үшін Маккарти спикер ретінде Киевке мол қаржылай көмек бөлу туралы бөлек заң жобасын осы аптада дауыс беруге шығаруға әзірленіп жатты. Трампшылдар оның алдын орады.

Гетц Маккартиге "партияластарымен ақылдаспай, олардың сыртынан демократ Президент Джо Байденмен Украинаны қаржыландыруға қатысты "құпия мәміле" бекітті" деп айыптады. Сөйтіп, Республикалық партиядан сайланған конгрессмендерді спикерге қарсы қойды. Маккартиді демократ конгрессмендер де жақтаудан бас тартты.

Ақыры төрағаның, сонымен бірге елдің тағдырын бірнеше парламентшінің даусы шешіп кетті: 210 конгрессмен қарсы шығып, 216-сы қолдап, Америка тарихында тұңғыш рет спикер отставкаға жіберілді.

Конгрестің төменгі палатасының уақытша спикері ретінде республикалық Патрик Макгенри бекітілді. Әйтсе де, сарапшылардың айтуынша, Құрама Штаттардың заңнамасында уақытша спикердің құзыры белгіленбеген: бұрын ел ондай сорақылыққа тап болмаған, тиісінше оған дайындалмаған. Салдарынан, ол модератор рөлін ғана атқарады, заң жобаларын отырыстың күн тәртібіне енгізу құзыры жоқ.

Соның кесірінен, осы аптада қабылданады деп күтілген, Украинаға қаржылай және әскери көмек бөлуді қарастыратын жеке заң жобасы сол бойы қабылданбай қалды.

Масқарасы сол, Республикалық партиядан өзгелер спикер лауазымына өз кандидатурасын ұсынғысы келмейтін көрінеді. Өйткені спикерлік қызметті мансабына нүкте қоятын зұлмат санайды.

"Мен бұдан былай Өкілдер палатасының спикері лауазымына қайтадан үміткер болмаймын, оған тырыспаймын. Мен жеңілген шығармын, бірақ Америка үшін күрескенімді білемін. Америкаға сенемін. Оған қызмет ету мен үшін құрмет болды", – деп мәлімдеді Маккарти Facebook парақшасында.

Осылайша, спикердің қашан сайланатыны белгісіз. Тиісінше, Украинаға көмек туралы заң жобасының қанша уақытқа кейін қалғаны да беймәлім.

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, агрессордың соққысынан қансыраған ел үшін тағы бір жағымсыз жаңалық тарады. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, Украина былтыр АҚШ Президенті қол қойған лэнд-лиз бағдарламасынан да үміттене алмайтын көрінеді: бір жылдан артық іске асырылмағандықтан, құжат күшін жойыпты.

Алайда қара аспанды суға алдырардай, бәрі жаман емес сияқты. CNN спикер кандидатурасына лайық адамды іздестіру белсенді жүргізіліп жатқанын, "ол бойынша дауыс беру келесі аптада өтеді деп күтіліп отырғанын" хабарлады. 

"Ақ үй Республикалық партияны жаңа спикерді тездетіп сайлауға шақырды. Өкілдер палатасының төрағасы лауазымы үшін күрес Республикалық партияның конференциясында шырқау шегіне жетеді. Бұл тартыс ушығып, партияішілік салмақты эскалация тудырды. Бірлігін жоғалтып, дай-дай дауға ұрынған Республикалық партия алауыздық батпағына батуда. Жыл басында әр тарапты қанағаттандырған компромистік кандидат болған Маккарти қайта додаға түсуден бас тартты. Жеңіске жету үшін қажетті қолдауға ие бола алатын басқа балама кандидат жоқ", – деп мәлім етті Си-Эн-Эн.

Америкалық сарапшылар АҚШ демократиясының бір ұстыны болған Республикалық партияның күйрегені туралы байлам айтты. Ішіне Трамп сияқты іріткі түскен партияның бірлігі ыдырап, тоз-тоз болу процесі жалғасуда. Осы орайда Республикалық партияның мүшесі Гаррет Грейвс спикерді тақтан құлатқан конгрессмен Мэтт Гетцтің бір былығын әшкерелеп, жұрт алдында бетіне басты. Оның мәліметінше, Гетц К.Маккартиді спикер креслосынан айыру үшін лобби жүргізуге халықтан қаражат жинады. Алайда Гетц партияға тапсыру орнына бүкіл қаржыны өзі иемденіп алған екен. 

Грейвс сөзінің дәлелі ретінде смартфонындағы жеке электронды хаттарды жұртшылыққа паш етті. Онда Гетц "жылу" жинап жатқанын жазған. Бұл жайт республикалық конгрессмендердің бір бөлігінің көңілін қалдырды.

М.Гетц мұны жоққа шығармады, тек патриот америкалықтардың қайырымдылық қаражаты желге ұшпағанын, күреске үлес қосқанын айтты. 

"Өкілдер палатасы хаосқа кірді. Уақытша спикердің де тағдыры белгісіз: ол тұрақты төраға сияқты барлық өкілеттікке ие ме, әлде тек әкімшілік құзырмен шектелген бе? Ол спикердің келесі сайлауын ұйымдастыруға құқылы ма? Бұл сұрақтардың жауабын ешкім білмейді. Заңнамада қарастырылмаған. АҚШ Парламентінің регламентінде уақытша спикердің қаншалықты ұзақ отыра алатыны да айтылмаған. Жаңа тұрақты спикердің сайлауы қашан өткізілетіні де белгіленбеген. Республикалық партияның қаққа жарылғанын ескерсек, бұл процесс қиындыққа тап болуы мүмкін", – деп хабарлады Би-Би-Си.

Бірақ ВВС "Республикалық партияның бірқатар мүшесі бұл мәселеде оптимизм танытып" отырғанын қосты. Олардың мәліметінше, Маккартидің ізбасарының кандидатурасын 10 қазанда талқылап, таңдап, 11 қазанда палатаның жаңа төрағасының сайлауын өткізу жоспарланып отыр.

Ол сайлаудың қандай нәтижемен аяқталатыны Украинаның ғана емес, Американың тағдырына да әсер етуі ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу