АҚШ тәуелсіз бақылаушылар миссиясының мүшесі, Wikistrat Global Consultancy компаниясының аға ғылыми қызметкері Ричард Уильям Вайц еліміздегі сайлауға қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ол Алматыдағы 12 учаскеге барған және тағы 10 учаскеге бармақ.
"Бақылаушылар миссиясының басты мақсаты – дауыс беруге қатысу. Өте маңызды екінші мақсат – Қазақстандағы саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдай контекстінде сайлауды кеңірек бақылау. Сонымен қатар бағалау", – деді АҚШ тәуелсіз бақылаушылар миссиясының мүшесі.
Бұл ретте ол бір мандатты округтерден сайланатын кандидаттар сынды реформаларға оң баға беретінін жеткізді. Ричард Уильям Вайц жалпы Қазақстандағы сайлау жүйесі Америка емес, еуропалық жүйеге жақын деп есептейді.
"Америкадағы сайлау жүйесі Қазақстаннан әлдеқайда ерекшеленеді. Сіздердегі жағдайды Германия мен Францияның саяси жүйелерімен салыстыруға болады. Менде ешқандай ұсыныстар жоқ, бәрі қалыпты өтіп жатыр. Бір ғана айтарым, дебаттарға көбірек ақша жұмсау керек. Америка Құрама Штаттарында пікірталас ұйымдастыру үшін бізге бірнеше миллион доллар, кейде тіпті бірнеше миллион доллар қажет. Бірақ мұнда бұл сома әлдеқайда аз. Мүмкін көбірек ақша жұмсау пайдалы болар еді. Жалпы барлығы штаттық тәртіпте өтіп жатыр", – деді бақылаушы.
Сонымен қатар ол сайлауда жастардың белсенді емес екенін атап өтті.
"Осы уақытқа дейін ешқандай заң бұзушылықты көрген жоқпын. Мен бақылаған учаскелерде дауыс беру өте тыныш өтті, сайлаушылар аз. Маған әлі ерте, түстен кейін немесе кешке сайлаушылар көбірек болады деп ескертті. Таңғы уақытта келгендердің көбі мен сияқты қарттар болды. Жастар аз болды", – деді Ричард Уильям Вайц.