Америкалық компаниялар Қазақстанға инвестиция салуды жалғастыра береді – Майк Помпео

1700

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Шыңжаңдағы мұсылмандардың қудалануын тоқтату үшін Вашингтонды қолдауға шақырды.

Америкалық компаниялар Қазақстанға инвестиция салуды жалғастыра береді – Майк Помпео

2 ақпанда Құрама Штаттардың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұр-Сұлтан қаласында бас қосты. Баспасөз мәслихатында Помпео Қазақстанды америкалық компаниялармен ынтымақтастық құруға шақырып, еліміздің басқа да мемлекеттермен қарым-қатынас орнатып жатқанын қолдайтынын жеткізді.

"Қазақстан қай елмен іскерлік қарым-қатынас құрса да өз еркі, бірақ кез келген ел үшін америкалық компаниялармен серіктес болу ең жоғары нәтижелерге жеткізеді. Chevron және ExxonMobil сияқты ірі америкалық компаниялар мұнай секторы мен сіздің болашағыңызға инвестиция құюын жалғастырады. Олар Қазақстан азаматтарын жұмысқа алып, сіздердің өнімдеріңізді экспорттауға көмектесіп жатыр", – деді ол.

Сондай-ақ ол Қазақстанның коронавирустың етек жаюын болдырмау мақсатында жедел іске көшіп, тиісті шаралар қабылдап жатқанынына жоғары баға берді. Осы орайда ол АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы біздің Денсаулық сақтау министрлігіне көмектесіп жатқанын мәлім етті.

Айта кетсек, 1 ақпан бойынша соңғы мәліметке сәйкес, қазір Қазақстанда 46 адам коронавирус жұқтырды деген күдікпен арнайы тексерістен өтіп жатыр.

Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Қазақстан АҚШ-ты инвестиция, жаңа технологиялар, әлемдік деңгейдегі стандарттардың көзі ретінде қарастыратынын айтты.

Мемлекеттік хатшы ядролық қаруды қолданбау және ядролық қауіпсіздік мәселелері жөнінде Вашингтонның ҚР-мен бірлесе жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол еліміздің Сыртқы істер министрімен Қытайдағы этникалық қазақтардың жағдайын талқылағанын жеткізді. Ол Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы мұсылмандарды қудалауды тоқтату үшін Вашингтонды қолдауға шақырды.

Баспасөз мәслихатының алдында Майк Помпео отбасылары Шыңжаңда арнайы лагерьлерге қамалған немесе туыстары ұшты-күйлі жоғалған этникалық қазақтармен кездесті.

22 қыркүйекте Майк Помпео барлық елдерді қудалауға ұшыраған этникалық ұйғырларды Қытайға бермеуге шақырған болатын. Ол БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Сыртқы істер министрлерімен кездесу барысында осындай мәлімдеме жасады. Ол Бейжіңнің Шыңжаңдағы саяси кампаниясы "өз ұлтын жоюға бағытталған" деп басып айтқан еді. Ал 8 қыркүйекте Құрама Штаттардың Сауда министрі ұйғырлар құқығының бұзылуын желеу етіп, 28 қытайлық ұйымға санкция салды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу