Америкалықтардың неге 54 жылдан кейін аяқ астынан Айға адам ұшырғаны белгілі болды

100

Бүгінде жаһан жұртшылығының аузындағысы "Артемида" болып тұр. 

Америкалықтардың неге 54 жылдан кейін аяқ астынан Айға адам ұшырғаны белгілі болды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

"Artemis II" миссиясы астронавтарының әр басқан қадамы әлемге қызық. "Жердің жаңа суреті: өткен ғасырдан бері ғаламшарымыздың түсі "бұзылып" кетіпті", "Артемида-2 түсірген Айдың тосын түстерінің мән-жайын ғалымдар түсіндіруде", "Айдың адамзат көрмеген күңгірт жағы паш етілді", "Астронавтар ай тарапынан Күннің тұтылуын тамашалатты", "Адамның Жерден алшақтауының рекорды орнатылды" және басқа да сенсациялық ақпараттар толассыз тарауда.

"Орион" ғарыш кемесін "ерттеп" мінген "Артемида-2" миссиясының астронавттары адамзаттың ғарышты игеру тарихында тұңғыш рет Жерден ең алыс қашықтыққа ұзап, Айдың арғы бетін айналып ұшты. Бұрын ол "керуен" жолымен тек спутниктер жүрген еді. Адам аяғы "баспаған".

"NASA астронавтары Рид Уайзман, Виктор Гловер мен Кристина Кохтан, сондай-ақ Канада ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансеннен құралған "Артемида-2" миссиясының экипажы сонау 1970 жылы "Аполлон-13" орнатқан рекордты (248 655 миль) жаңартып, ғарышкерлердің Жерден ең алыс қашықтыққа ұзауы бойынша жаңа рекорд орнатты", – деп хабарлады NASA.

Өткен ғасырда "Аполлон-13" экипажы Жерден 400 171 шақырымға алыстаған болатын. "Артемида-2" болса, бұл рекордты шамамен 6,5 мың шақырымға ұзартып, Жерден ең үлкен алшақтық – 252 756 мильге (406 771 шақырым) жетті, деп нақтылады NASA.

Айдың арғы бетінің үстінен ұшып өту кезінде кеме Ай бетіне барынша жақын, минималды 6 550 шақырым қашықтықта болды. Сондықтан астронавтар Жер серігінің бұл бөлігін мұқият зерделеп, әрбір сайы мен тасына егжей-тегжейлі фототүсірілім жүргізе алды. Айға жақындай сала, астронавтар бекітілген зерттеулер мен тапсырмалар тізімін орындауға кіріскен еді: олар саналуан цифрлық камералардың көмегімен айналаны суретке түсіріп, NASA нұсқаулығына сәйкес көргендерін өз дауыстарымен аудиоға жазып отырды. Сондай-ақ олардан қарындашпен суреттер мен эскиздер салу сұралды.

NASA-ның ғылыми тобы аудиожазбаның маңызы зор екенін қаперге салды: адамның көзі ешқандай фото-видео камера байқай алмайтын нәзік реңктерді, контрастар мен текстураларды байқап қалуы мүмкін. Ал ғарышкерлер сыртқа қарап, көрген-білгенін сипаттағанда, видео назарынан тыс қалған жайттар анықталады.

Ғарыш кемесі Айдың Жерден ешқашан көрінбейтін арғы жағын айналып өтті. Жерсеріктер бұған дейін арғы бетті суретке түсіргенімен, адамдар бұл алып кратерлер мен жазықтарды жақын қашықтықтан өз көзімен алғаш көріп отыр.

Енді астронавтар Жерге қайтып келе жатыр. Біздің ғаламшарымызға дейінгі жолға шамамен 4 күн кетеді: 11 сәуір күні Гринвич уақытымен сағат түнгі 01:07-де астронавтар АҚШ-тың батыс жағалауындағы Тынық мұхитының айдынына қонады деп күтілуде.

Оған дейін экипажды салыстырмалы түрде алғанда тыныш бірнеше сынақ-эксперимент күндері күтіп тұр. Содан соң олар атмосфераға сағатына шамамен 40 000 шақырым жылдамдықпен сүңгиді және Тынық мұхитына жамбасын төсейді. Бұл кезеңде капсуланың жабыны тірі жанды лезде жағып жібере алатын қызудан қаншалықты қорғай алатыны және жердегі құтқару жүйелерінің жедел көмекке келе алу бойынша әбжілдігі сыналады.

Айды жақыннан зерттеу неге маңызды?

Яғни, бұл жолы америкалық ғарышкерлер Жердің серігіне аяқ басқан жоқ, алыстан орағытып өтті. Онда бұл миссияның маңызы неде? Ол бірнешеу.

Біріншіден, Америка бастаған Батыс әлемі Жердің спутнигін басыбайлы иеленіп, ресурстарын игерудің жолын қарастыруда. Бұл үшін оны барынша толық зерттеу керек. Ай қазір ешкімнің де юрисдикциясында емес. Ендеше, қандай ел бірінші болып, ондағы кен орындарын игере бастаса, сол иелік етуі мүмкін. Геологияда "бірінші келді – бірінші алды" қағидаты қолданылады.

Екіншіден, астронавтардың, тіпті колонизаторлардың келесі тобын жеткізетін технологиялар сыналуда. Әрине, "Орион" ғарыш кемесі "елге" оралған соң жетілдірілмейді, бұл жоба жойылды. Бірақ соның негізінде келесі буындағы ғарыш кемелері жасақталады.

Айға ұшудың басқа да маңызды себептерін BBC-дің ғылыми шолушысы Паллаб Гош түсіндірді.

"Ғалымдардың айтуынша, мұндай жақын қашықтықтан ұшып өту "Орион" экипажына Айға қонбай-ақ, төмен биіктікте аэрофототүсірілім жүргізгендей мұқият зерттеуге мүмкіндік береді. Ай бетінен шамамен 9 000 шақырым биіктікте ұшу кезінде NASA өз астронавтарынан "табиғи жыныстарды оқуды" – кратерлерді, құздарды және қатып қалған лава ағындарын ажыратуды, содан кейін оларды мүмкін болатын ең жоғары ажыратымдылықта суретке түсіруді сұрады. Бұл кескіндер, сондай-ақ "Орионның" лазерлік және бейне түсірілім деректері Ай бетінің карталарын нақтылауға көмектеседі және геологтарға Ай қыртысының миллиардтаған жылдар бойы қалай қалыптасқанын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді", – деді Гош.

Зерттеушілер үшін полярлық аймақтар ерекше қызық. Дәл сол жерде, яғни мәңгілік мұз қабаттары болуы мүмкін деп болжанған аудандарда болашақ америкалық экспедициялар қонады деп жоспарланған. Қай жерде мұз болса, сол жерде оттегі және су бар деген сөз.

Бедерлі беткейдегі жарық пен көлеңкенің ойынын бақылай отырып, астронавтар болашақ миссияларды жоспарлаушыларға қай асулар мен ойпаттардың қауіпті болуы мүмкін екені, қай тегіс жерлер қону аппаратының салмағын көтере алатыны және болашақта ресурстарды қайдан іздеуге болатыны туралы нақтырақ түсінік береді.

Ғалымдар сондай-ақ "қалқымалы ай шаңын" да бақылауда. Ол шаңды күн радиациясы мен электростатикалық күштер көтереді. Мұнда қатты бөлшектердің Ай бетінде қалай қозғалатынын ұғыну маңызды.

"Артемида-2" – бұл сынақ ұшуы. Оның ізімен сонау 1972 жылдан бері алғаш рет адамдарды Айға қайта қондыру, сондай-ақ одан әрі қарай Марсқа пилотты миссияны аттандыру сияқты өршіл мақсаттар орындалуға тиіс, деп жазды BBC.

Бұдан бөлек, ғарыш кемесінің жүйелері күн сәулесі тікелей түспейтін және температура күрт құбылатын "тұтылу аймағынан" өту кезінде ауыртпалықты қалай еңсергенін "Ориондағы" датчиктер тіркеп отырды. Жердің жан жолдасының жанынан ұшып өткен "Орион" оның гравитациясын пайдаланып, өз траекториясын өзгертті және Жерге қарай кері бағыт алды.

Келесі үшін $20 млн: АҚШ неліктен Айға асықты?

The New York Times (NYT) жазғандай, Америка гелий-3 және басқа да өте құнды ресурстарға бола Айға қону мәселесінде Қытайдан бұрын әрекет етуге, алдын орап кетуге тырысуда.

"АҚШ адамдарын жеделдетіп Айға жіберуге жанталасуда. Мақсаты – Қытайдан бұрын оны өзінің бекінісіне және Марс жолындағы алдыңғы шебіне айналдыру, сондай-ақ онда Жер бетінде тапшы гелий-3 қорын, ал мұзынан – су мен сутегін өндіруді бастау", – деп хабарлады америкалық газет.

Жалпы алғанда, NASA 1968-1972 жылдар аралығында "Аполлон" бағдарламасы аясында Айға 9 рет экспедиция жіберді. Оның 6-уында астронавтар Жер серігінің бетіне табан тіреді. Кейінірек бағдарлама уақытша тоқтатылып, ақырында жабылып тынды. Ол кезде жаһан Жердің жолдасын "менсінбей", Марсты бағындыруды армандай бастаған еді.

The New York Times Американың Айға адамдарды 2028 жылға қарай қондыруды жоспарлап отырғанын еске салады. Бұл Қытайдың жоспарынан 2 жылға ертерек мерзім. Бірақ Вашингтонның мақсаты жай ғана абырой-бедел жинау емес, нақты ресурстарды өндіру және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу, оның нысанасының бірі – Айдың полюстеріндегі кратерлерде жатқан мұз, деп нақтылады газет.

Мақалада астронавтардың бұл мұздан су, оттегі, сондай-ақ зымыран отыны ретінде пайдалануға болатын сутегі ала алатыны көрсетілген. Мұның бәрі онда адам тұра алатын базалар орналастыру үшін қажет.

Сондықтан қазірден NASA бұл аймақта қонуға ыңғайлы орындарды белгілеп қойған. Қытай да АҚШ сияқты оңтүстік полюске жақын жерде базаларын салуға ниетті.

Ал ғалымдардың қызығушылық нысаны бөлекше: бұл – мұзды кратерлердегі түрлі химиялық қосындылар мен керндер (ұңғымадан алынатын жыныстың цилиндрлік бағаналары). Мысалы, Гренландия мен Антарктидадан алынған мұз керндері Жердің соңғы бірнеше мың жылдағы климаты туралы егжей-тегжейлі деректер берген еді. Сол сияқты Айдан алынған керндер Күн жүйесінің соңғы 4,5 миллиард жылдық тарихы туралы сыр шерте алады.

АҚШ-тың екінші мақсаты, деп жалғастырады NYT, – гелий-3 (ядросында екі нейтронның орнына біреуі ғана бар гелий изотопы) өндіру.

"Жерде гелий-3 төтенше сирек кездеседі және оның 1 келісі шамамен 20 миллион доллар тұрады. Оның негізгі қайнары – державалардың ядролық арсеналдарындағы тритийдің ыдырауы. Бұл тұрғыда Ай Жерге қарағанда әлдеқайда тиімді қайнар саналады: өйткені Күн қойнауындағы термоядролық реакциялар гелий-3 түзеді, ізінше оны Күн желі бүкіл галактикаға таратады. Атомдардың бір бөлігі атмосферасыз ашық жатқан Ай топырағына – ең алдымен оның Жерге қараған бетіндегі титанға бай минералдарға тұнады", – деп түсіндірді америкалық газет.

Күннің гелий-3-і біздің ғаламшарға жетпейді: оны тасымалдайтын Күн желін Жер шарының магниттік өрісі жасқап, өзінен ауытқытады. Әйтпесе, төмендегі адамдар, жануар мен өсімдік атаулы радиациядан қырылып қалар еді.

Бұл изотоп не үшін сонша қажет әрі қымбат?

Оның қолданылу әлеуеті мен аясы зор, тіпті шексіз (шет-шегі зерттелмеген). Болашақта гелий-3 термоядролық электр станциялары үшін отын бола алады. Мұндай реакторлар қазіргі атом станцияларынан қауіпсіз және әлдеқайда тиімді көрінеді.

Бұдан өзге, қазірдің өзінде ол кванттық компьютерлерге арналған өткізгіш, салқындату жүйелерінде қолданылады.

Үшінші мақсат – астрономиялық. Америкалықтар Ғаламды жақсырақ зерттеу үшін Айдың арғы бетіндегі кратерге радиотелескоп орната алар еді, деп есептейді газет. Өзіміздегі телескоптардың несі кем?

Жер соңғы ғасырда радиошуылдың астында қалды. Телевизия, ұялы байланыс, интернет, өнеркәсіп жабдықтары мамандардың галактиканың тұңғиығынан тұтып ұстауға тырысатын сигналдарды басып тастайды. Радиошуылдың шамадан тыс артуына байланысты ғаламшар астрономиялық бақылаулар үшін өте қолайсыз орынға айналған.

Бұдан бөлек, Жердің ионосферасы ұзын толқынды радиотылсымдарды бұғаттайды. Ал олардың жұмбағын шешу арқылы ғалымдар Ғаламның ерте кезеңдері туралы мәліметтер ала алады. Қазір мұны жердегі радиотелескоптар арқылы жасау қиын, деді NYT. Бірақ Айдың арғы бетінде жердегі барлық радиокедергілер өшеді, өйткені олар Ай жыныстарының қалың қабатынан өте алмайды.

Қазіргі кезде "Ай бәйгесінде" екі негізгі ойыншы бар, бұлар – АҚШ пен Қытай. Екі ел де ең перспективті ресурстар шоғырланған Айдың оңтүстік полюсін игеруді жоспарлап отыр. Жеңіске кім бірінші жетер екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу