Amnesty International ұйымының Украинаға опасыздығының сыры анықталды

1891

Мәскеудің сойылын соғып, "Украинадағы бейбіт халықтың көбі Украина Қарулы күштерінің кесірінен қырылды" деп масқара мәлімдеме жасаған халықаралық ұйым енді соған өкініп отыр.

Amnesty International ұйымының Украинаға опасыздығының сыры анықталды Фото: Twitter

Amnesty International Украинадағы соғыс туралы былтырғы атышулы баяндамасына қатысты ішкі тексерісін аяқтады. Бірақ егжей-тегжей, жай-жапсарын, мысалы, Кремльге қанша сарапшысы сатылғанын жарияламады. Тек сол баяндаманың шыққанына бүгінде өкінетін көрінеді.

Тексерістің нәтижелерін The New York Times журналистері қолға түсірді.

Әлемдегі адам құқықтарының бұзылуы деректерін тіркеп, оны түзетуге рекомендация беріп, тегін ақылын құлағына ілмеген үкіметтерді аяусыз сынап, бедел-имиджін бүлдіруге әбден маманданып алған Amnesty International-дің өзі былтыр абыройсыздыққа қалды.

Себебі, әскери сарапшылар да, ақпарат құралдары да, тіпті қырғынға өзі куә болған Украинаның тұрғындары да Ресей армиясының Мариуполь, Попасная, Марьинка, Угледар сияқты қалаларды артиллериямен және тонналық авиабомбалармен аяусыз, үстемелете соққылап, тып-типыл еткенін айтып, дабыл қағып жатты.

Тіпті БҰҰ дерегінше, 2023 жылғы 17 сәуірдегі жағдай бойынша, былтырғы 24 ақпанда РФ Украинаға кең ауқымды шапқыншылық бастағалы бері кем дегенде 8 574 бейбіт тұрғынды қырып салғаны расталды. Тағы ең кемі 14 441 бейбіт тұрғын жараланған, кемтар болып қалған. БҰҰ бейбіт халық арасындағы шынайы шығындар әлдеқайда көп екенін ескертеді.

Өзін әлемдегі №1 құқық қорғаушы ұйым санайтын Amnesty International осынау жан түршігерлік жағдайларға шыдамай, ашынып, барлық қаһарын қантөгісті өршітіп жатқан Кремльге төгуге тиіс еді.

Оның орнына былтырғы тамызда ұйым жаһан жұртшылығын шалқасынан түсірген түсініксіз баянжазбасын жариялады. Өз есебінде Amnesty International (AI) барлығына Отанын және жау жайпап жатқан бейбіт халықты қасық қаны қалғанша, жанқиярлықпен қорғап жатқан Украина Қарулы күштерін (ЗСУ) айыптады. Оның айтуынша, ЗСУ өз әскерлерін және ұрыс техникасын тұрғын аудандар арасына орналастырады. Содан РФ әскері бейбіт тұрғындарды атқылаудан басқа амалы қалмады деп ақтағандай болды.

Халықаралық қоғамдастықтың қатаң сынына қалған тұжырымдамасында ұйым: "бұл соғыстың азаматтық құрбандарының көбі немесе басым көпшілігі Украинаның өз күштерін бейбіт тұрғындарға жақын жерде орналастыру шешімінің салдарынан қырылып қалды" дейді. Бұл Мәскеудің: "Жауымыз бейбіт тұрғындарды қалқан етеді" деген пропагандасының айна қатесіз көшірмесі болатын.

Шынында, "тероборона", яғни әрбір қаланың және өңірдің жергілікті азаматтары қолына қару алып, өз жерін қорғап жатыр. Егер ер атаулы жерін тастай қашса, ол қалалардың барлығы жауға жем болып, тоналатын, әйелдері, балалары зорланатын еді. Агрессор ол жауынгерлер қорғанған бекіністерді оның ар жағындағы бейбіт тұрғындармен бірге үстемелете бомбалап жатыр.

Бұл ретте әскери сарапшылар Ресейдің қазіргі кезде жоғары дәлдікті зымырандарды қолдануды азайтқанына, салдарынан дәлдікті емес зымырандар мен снарядтар әскери нысанасынан бірнеше шақырымға лағып кетіп, тұрғын үйлерді күйретіп жатқанына назар аудартады.

Мысалы, осы жұманың түнінде ресейлік Әскери ғарыш күштері Украинаның Черкасск облысының Умань қаласын бомбалады. РФ Қорғаныс министрлігі барлық зымыран нысаналарына дөп тигенін мәлімдеді.

"Соққы өз мақсатына жетті. Барлық нысанаға алынған объектілер жойылды. Ұрыс қимылдары ауданына қарсыластың резервтерінің жылжуының жолы кесілді", – делінген оның баспасөз хабарламасында.

Соған қарағанда олар шынымен, бейбіт тұрғындарды көздесе керек, себебі зымыран тұрғын үйге тиіп жарылып, оны жермен жексен етті. Өңірде үш күндік аза тұту жарияланды. Ресейлік соққының салдарынан 23 бейбіт тұрғын қаза тапты. Оның алтауы балалар: үш ұл және үш қыз бала қыршыннан қиылды. 18 адам жараланды. Тоғызы ауруханада жатыр. Бір әйел із-түссіз жоғалған деп есептеледі. Жапырылып қалған көпқабатты тұрғын үйдің үйіндісі астынан 17 адам құтқарылды. Украина жағы Умань қаласында әскерилер болмағанын айтады.

1 жыл 2 айдан асып бара жатқан сұрапыл соғыста мұндай оқиғалар көп. Amnesty International соның бәріне көз жұма қарағаны күдік тудырады.

Нью-Йорк Таймс (NYT) хабарлауынша, бұл ұйым былтырғы баяндамасын жасаған сарапшылар мен қызметкерлеріне қатысты тексерісінің қорытындысында ол есепті "екіұшты, нақты емес, заң тұрғысынан күмәнді" деп таныды.

"Бұл әсіресе, бастапқы абзацтарға қатысты. AI айыптауға ниеті болмаса да, ол жолдарды оқыған адам солай деп түсінеді. Ол сөйлемдер жүйелі немесе жалпы алғанда, бейбіт тұрғындардың өліміне бірінші кезекте украиналық күштерді кінәлайды", – деп жазды ұйымның тексеру қорытындысы бойынша жазылған рецензиясын баяндаған NYT.

Бұдан абыройы аймандай болып, сүйегіне өшпес дақ түскен халықаралық ұйымның өз айыбын мойындағысы және сол үшін кешірім сұрағысы келмейтінін аңғаруға болады.

Украина әскері жақын жердегі бейбіт тұрғындарға қатер төндірді деп күстәналаған ұйым сонымен бірге шын мәнінде өз базаларын оккупацияланған елді мекендердің оқу орындарында, ауруханаларында, тұрғын үйлерде, басқа әлеуметтік нысандарда орналастырған Ресей жағын айыптаудан неге ат-тонын ала қашқанын да түсіндірмеді.

Бұл жерде астыртын ойындарды байқауға болады. Мәскеу Украинаға баса-көктеп кіре сала, Amnesty International ұйымын бірден жағымсыз ұйым (нежелательная организация) деп танып, оның сайтын Ресей аумағында бұғаттап тастады. Осы арқылы Amnesty International өзін Кремльмен қатынасы нашар, одан толық тәуелсіз ұйым ретінде көрсетті. Алайда халықаралық сарапшылар оның көбіне Мәскеудің шашпауын көтеріп, соның сөзін сөйлейтініне назар аудартып жүр.

Ғажабы сол, Ресейде тыйым салынған бұл ұйымның есептерін кремльшіл, пропагандистік ақпарат құралдары да құлшына жариялайды. Ол үшін ешқайсысы жаза тартқан, қылмыстық қудаланған жоқ.

Тіпті мемлекеттік құрылымдар да өздері тыйым салған ұйымға қолдау көрсетіп тұрады. Мысалы, Вашингтондағы РФ елшілігі осы ұйымның былтырғы даулы есебін қуаттап, мәлімдеме таратты. 

"Халықаралық құқық қорғаушылардың зерттеулері Батыстағы, бірінші кезекте Құрама Штаттардағы аудиторияға дұрыс байлам жасауға көмектеседі деген үміттеміз. Ұлттық құрылымдардың содырлары бейбіт тұрғындары өлтіріп жатыр", – деп мәлімдеді сонда ресейлік дипломатиялық өкілдік.

Ұйымның есепсымақтары Киев тарапынан қатаң сынның нысанасына айналды. Ондағы қайшылықтарға, ағаттықтарға, шындыққа жанаспайтын тұстарына Украина Президенті Владимир Зеленский, СІМ басшысы Дмитрий Кулеба, вице-премьер Ирина Верещук, Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк және басқалары назар аудартты.

"Өкінішке қарай, Amnesty International лаңкес мемлекетті амнистиялауға, жауапкершілікті агрессордан құрбанға аудара салуға күш салып жатыр. Ресейге рақымшылық танытатын, оның тірлігін, лаңкестік соққыларын ақтап алу үшін жалған ақпараттық контексті қолдан жасайтын әрбір ұйым, әрбір адам сол арқылы террорға көмектесіп отырғанын түсінбейді емес, түсінеді", – деп мәлімдеді В.Зеленский.

Сорақысы сол, Amnesty International украиналық филиалы соғысқа қатысты баяндамаларды әзірлеуге өздерінің шақырылмағанын ашық айтты. Amnesty International украиналық кеңсесінің басшысы Оксаны Покальчук та, оның әріптестері де былтырғы тамыздағы есептің жаңсақ екенін нұсқап, ол жарияланбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған екен. Алайда олардың дәйектемелеріне тіпті құлақ аспаған. Сол себепті украиналық сарапшылар халықаралық ұйымның сол баяндамасы Мәскеудің тапсырысымен жазылған болуы керек деген тұжырымға келді.

Енді мұны ұйымның өзі де ішінара мойындап отыр. Сонымен бірге AI ұйымы былтырғы баяндамасын әлі күнге украиналық тілге аударудан бас тартып келеді. Алдымен орыс тілінде шығарған болатын. "Украиншаға тәржімалауға Кремль ақы төлемесе керек" деп ащы кекетеді украиналық саясаттанушылар. Өз пікірі ескерілмегендіктен оны аударудан украиналық бөлімшесі де тартынды.

Amnesty International ұйымын Қазақстан билігі де серіктес ретінде түрлі шараға қатыстырып, ақыл, кеңестеріне, рекомендацияларына жүгініп отырады. Ал мынадан кейін оған не сенім қалады?

Жалпы алғанда, ұйым өз баяндамасының "қасірет пен ашыныс туғызғанына" өкінетінін, бірақ ондағы байламдардан бас тартпайтынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу