Аналардың арызы: Шенділер қандай жауап айтпақ?

115

10 қарашада Астанада әскерде қаза тапқан әскери қызметшілердің аналары митинг өткізіп, Үкімет үйінің алдына барғанын білеміз.

Аналардың арызы: Шенділер қандай жауап айтпақ? Фото: dknews.kz

Олар билікке әскери қызмет жүйесін реформалауды, сарбаздардың қауіпсіздігін арттыруды талап еткен еді.

Үкіметтегілерден белгі бермей тұрған сол сәтте Президент Бас прокуратураға шағым айтқан аналардың мәселесін 12 күн ішінде қарастырып, жауап қату керегін тапсырды. Міне, сол 12 күннің бітуіне де аз уақыт қалды. Бас прокуратура аналардың шағымына не деп жауап қатуы мүмкін? Саладағы жағдайды аз-кем шолып көрдік.

Алдымен статистикаларға қарайық. Былтыр қыркүйекте 2020 жылдан бері Қазақстанда 310 сарбаздың мерт болғаны жария болды. Қорғаныс министрлігі олардың бірі ауру-сырқаудан, ендігісі суицидтен, тағы бірі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқанын мәлімдеген. Яғни, әртүрлі себептен жылына 80-ге жуық сарбаз көз жұмып отырған.

Дегенмен қоғамның көңіл күйіне кері әсер ететіндіктен көп елдер әскерилердің өлім-жіті жөніндегі статистиканы жасырын ұстайды. Әйтпесе дамыған елдердің өзінде сарбаздардың өзіне қол жұмсауы секілді жағдайлар толық тыйылмады. Мысалы, Газа секторына шабуыл бастаған кезеңнен бері Израиль әскерінде 160-тан астам сарбаз өзіне қол салған.

Күз басында еліміздің құрлық әскерлерінің арнайы мақсаттағы бригадасына пресс-тур ұйымдастырылғаны есте. Сол кезде журналистер әскердегі өлім-жітім, қайғылы оқиғаларды сөз еткен еді. Өйткені қоғамды дәл осы мәселе алаңдатады. 2024 жылдың күзінен бері медиада айналып жүрген ақпарат тағы бар. Онда Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әскери прокуратурадан алынған деректі көрсетіп, 2021-2024 жылдар аралығында 86 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны айтылған.

Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев тілшілер сауалына жауап ретінде әскердегі келеңсіз оқиғаларды азайту бағытында көп жұмыс атқарылып жатқанын жеткізген еді. Ал Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев бұл бағытта жасанды интеллектіні қолдану да мүмкін екенін атап өтті.

Вице-министр казармаларға орнатылып жатқан жаңа камералардың алгоритмі бөлек екенін айтады. Қазір әскери бөлімдерде бақылау камералары аз емес. Біздің білуімізше, Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде 14 мыңнан астам камера бар. Бірақ сонда да келеңсіз оқиғалар тіркеліп жатыр. Содан да болар Қорғаныс министрлігі бұл бағытқа айрықша көңіл бөліп, цифрлы технологияларды қолдауды күшейтуге бел буыпты.

– Камералар бұрыннан бар. Бірақ мәселе олардың сапасында. Камералардың арасында аналогтық жүйемен жұмыс істейтіндер де, цифрлық камералар да бар екенін ескеру керек. Сол цифрлық камаралардың өзінде бейнелерге анализ жасау мүмкіндігі болмайтыны бар. Сондықтан былтырдан бастап жасанды интеллект енгізіп жатырмыз. Бейнелерді зерделеп, анализ жасауды бастадық, – деген Дархан Ахмедиев.

Оның айтуынша, әскери қызмет барысын тұтас цифрландыруға көңіл бөлініп жатыр. Мысалы, жеке құрам толық па, кім қайда жүр, қоймаға кім кірді, кім шықты, қандай әскери техника бөлімнен кетті немесе келді дегендей ақпарат орталықтандырылып, бақылауға алынады.

Тіпті жетілген камералар қарауылға шығатындар санын да азайтуы мүмкін. Мұндай жобалар тестілеуден өтіп жатыр. Заманауи технология мен жасанды интеллект әскери бөлімдердегі әр оқиғаны тіркеп, қажет кезінде тиісті құрылымдарға хабар беруге сай етіп жасалмақ. Біреу тапаншасына қол салса да жасанды интеллект оны қауіп деп бағалауы мүмкін. Сөйтіп, бөлім командиріне, әскери полицияға және басшылыққа ескерту жолдайды.

Керемет жоспар екені даусыз, алайда бар мәселе оның қалай іске асатынында болып тұр.

10 қарашада Президент тапсырмасынан кейін Бас прокурор шағым айтқан аналарды жеке қабылдайтынын айтқан. Істерді қайта саралауға Қорғаныс министрлігің өкілдері де қатысатыны анық. Бірақ ведомство "бәрі жақсы" дейтін позициясынан танбайтын іспетті.

Себебі аналар митингінен 2 күн өткенде Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев өзі жұмыс істейтін құзырлы органды барынша қорғауға тырысқанын байқадық. "Біздің тараптан не керек – барлық жұмыстар атқарылып жатыр" деген ол.

Осы тұста Ахмедиев күз басында журналистерге айтқан "казармадағы ақылды камералар" бастамасын қайталады. Әне-міне іске қосылады деп күтіп жүрген ақылды камералар жобасы енді ғана қаржыландыру кезеңінде тұр екен.

Бас прокуратура шешімі шығуға жақын қалғанда Ахмедиев "суицидтің әскердегі өмірге қатысы жоқ" екенін, тіпті "әскерде әлімжеттік жоқ" екенін айтыпты.

– Бәрі әскерге дейінгі өміріне байланысты. Бірі ата-анасымен тіл табыса алмайды, енді бірінде жауапсыз махаббат болған. Әскерде "дедовщина" жоқ. Әскердегі қызметтен тыс әрекеттер бар. Бұдан құтыла алмаймыз. Бір нәрсені бөлісе алмай қалуы мүмкін, жанжал төбелеске ұласып кетуі мүмкін. Әскери полиция таңертең және кешке тексеріс жүргізеді", – дейді ол.

Қалай алғанда да, аналардың арызына берілер ресми жауап пен шешім ұлдарын қайтара алмасы белгілі. Бірақ бұндай қарсылықтардың көбеюі Қорғаныс министрлігіне әскери реформа керек екенін, оның үстіне әр сарбаздың өмірі үшін жауапкершілік алуға тиіс екенін нақтылап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу