Ғайни Алашбаева алаяқтыққа және қылмыстық жолмен келген қаржыны заңдастыруға атсалысқаны үшін айыпталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оны тергеу изоляторына отырғызбаған.
– Иә, Перизат Қайраттың анасы – Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, ол алаяқтыққа және қылмыстық жолмен келген қаржыны заңдастыруға атсалысқаны үшін айыпталып отыр. Әзірше, біз оған қатысты бұлтартпау шарасын қабылдаған жоқпыз, – деді Ж.Елемесов мәжілістегі брифингте.
Тиісінше, Перизат Қайратты қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Жақын арада тергеу шаралары да аяқталмақ.
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары оның ісі қандай сатыда екенін атап өткен.
– Бұл іс бойынша қазір аяқтау сатысында тұрмыз. Жуық арада тергеу материалдарымен танысу сатысы басталады. Танысу сатысы қаншаға созылатынын мен айта алмаймын. Өйткені, бұл процеске қатысушыларға байланысты. Қылмыстық істің материалдары айғақ заттарды қоспағанда 100 томнан асады. Қазір күдікті қамауда отыр. Қамау мерзімі ұзартылған, – деп қоса кетті ол.