Анатолий Красников: Илон Масктың зымыранымен ұшуға мүдделіміз

5620

Байқоңырдың 65 жылдығы 4 қазанда тойланады. 

Анатолий Красников: Илон Масктың зымыранымен ұшуға мүдделіміз

Бүгін – Байқоңыр ғарыш айлағының құжат бойынша құрылған күні. Осыған орай "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясының Қазақстандағы өкілі Анатолий Красников тікелей эфир арқылы баспасөз мәслихатын өткізді. Шарада космодромның көршілес елдердің ынтымағын арттыруға қосып жатқан үлесі, "Бәйтерек" жобасының келешегі, Илон Масктің АҚШ аумағынан ғарышқа адам аттандыруы және оның "Роскосмостың" жұмысына қалай әсер етеніні туралы әңгіме өрбіді. 

Ресей өкілі коронавирус індеті Байқоңырға қатысты жоспарларға да айтарлықтай кедергі келтіріп жатқанын айтады. Әсіресе, бүгін тойлануға тиіс 65 жылдық мерейтой кейінге шегеріліп отырғанын Анатолий Красников қынжылыспен атап өтті. 

"Коронавируске байланысты 65 жылдық мерейтойды кейінге шегеріп отырмыз. Бүгін аталмыш датаға орай қызғылықты шаралар өтуге тиіс еді. Бірақ екі елдің қауіпсіздік бойынша қабылдаған шешімдерін ескеріп, "Роскосмос" Ресей үкіметінің келісімімен негізгі шараны 4 қазанға шегерді",  – деді ол.

Ресейлік маман ғарыш айлағы арқылы қыруар қаржы игеріліп жатқанымен, қалада көптеген инфрақұрылымдық проблемалар бар екенін мойындады. 

"Роскосмос" Байқоңыр қаласындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты болғанына мүдделі. Бізге қаладағы 70 мыңдай тұрғынның жұмысы, баспанасы, қаланың инфрақұрылымы талапқа сай болғаны маңызды. Тұрғындардың басым көпшілігі – Қазақстан азаматтары. Бұл бағытта қиындықтар бар екені рас. Қызылорда облысының әкімімен қазір жақсы байланыс орнатып жатырмыз. Соңғы жылдары жол жөнделіп жатыр. Сырдарияның жағасында демалыс аймағы салынды. Қазір қаланы газбен қамту бағдарламасы іске асып жатыр. Шаһардағы проблемаларды шешуге біз мүдделіміз",  деді Анатолий Красников.

Дағдарыс "Бәйтерек" зымыран кешенінің құнын одан әрі қымбаттатып жіберуі мүмкін. "Роскосмос" өкілі мұны жоққа шығармайды. 

"Бәйтерек" жобасы – "Роскосмос" үшін өте маңызды. Қазір келісімшарт мақұлданып жатыр. Тапсырыс беруші Қазақстан болса, жобалаумен біз айналысып отырмыз. Оның құрылысына қазақстандық құрылыс компаниялары тартылатын болады. Келісімшарт мақұлданады деген үміт бар. Жоба өте ауқымды болғандықтан, әр тарауын тыңғылықты пысықтау қажет. Бізге Қазақстанның жер бетіндегі құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлуге дайын екенін білу маңызды. Бұл жерде келіссөз шарттарын екі жақ уақытында орындауы керек. Ал дағдарысқа қарсы жоба құны қымбаттауы да, арзандауы да мүмкін. Оны әзірге білмейміз. Жобалау аяқталғаннан кейін ғана бұл туралы біле аламыз. Ал "Бәйтерек" деген атауды "Назарбаев старты" деп өзгерту үшін үкіметаралық келісімшартқа өгерту енгізу қажет",  деді маман.

Анатолий Красников америкалық кәсіпкер Илон Масктың ғарышқа адам аттандыруы Байқоңыр космодромының келешегіне кері әсер етпейді деген пікірде.

"Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы америкалық әріптестеріміздің бұл жетістігіне шын жүректен қуанды. Crew Dragon ғарыш кемесін сәтті сынақтан өткізгені бәріміз үшін маңызды жаңалық. Ғарыштағы түйісу де штаттық жағдайда өтті. Келешек туралы айтсақ, қазір "Роскосмос" пен NASA арасында өзара келіссөз жүріп жатыр. Яғни, ресейлік ғарышкерлер америкалық кемелермен, америкалық ғарышкерлер ресейлік кемелермен ұшады деген сөз. Бұл қажеттіліктен туындап отыр. Өйткені адамды орбитаға жеткізетін жаңа тасымал жүйесі пайда болды. Ал халықаралық ғарыш стансасына сапар шегетін мамандар зымыранның қай түрімен де ұша алуы керек. Мұны өзара резервтік сақтандыру деп айтса да болады. Бұған Ресей тарабы да, АҚШ тарабы да мүдделі екені даусыз мәселе. 

Бірақ бұл Байқоңырдың келешегі көмескіленеді деген сөз емес. Космодром жұмыссыз қалмайтыны анық. Өйткені  Ресей Федерациясының Байқоңыр арқылы іске асыратын ғылыми жобалары жетерлік. Америкалықтар да біздің тасымал жүйемізді пайдалануға мүдделі. Басқа мемекеттер де қызығушылық танытып отыр",  деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу