Андрей Чеботарев: Бізде саяси партиялар толыққанды институт ретінде жұмыс істемейді

1814

Билік 2-3 жаңа партия мен қозғалысты мемлекеттік тіркеуден өткізуі керек. Бұл туралы "Альтернатива" өзекті зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.  

Андрей Чеботарев: Бізде саяси партиялар толыққанды институт ретінде жұмыс істемейді

– Қалай ойлайсыз, Қазақстанда жаңа саяси платформа пайда бола ма?

– Президент парламентшілердің алдында сөйлеген сөзінде жаңа Қазақстан құру қажеттігін алға тартты. Идеологтар "Жаңа Қазақстан" деген ұранмен қаруланып жатқан сияқты. Алайда әзірше Мемлекет басшысы жариялаған қысқа және орта мерзімді перспективаға арналған шаралар кешені ғана сөз болып жатыр. Ұранды идеологиялық және саяси платформаға айналдыру үшін оны тиісті мазмұнмен толтыру қажет. Бүгінгі таңда Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясындағы саяси реформа жүзеге асып жатыр.

– Бізде Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты тергеп-тексеру амалын адам құқығына қайшы жүргізеді. Бұл қашанға дейін жалғасады?

– Қазір билік үшін өз қатарында, әсіресе күш құрылымдары сапында тәртіп орнату айқын басымдыққа ие. Осыған байланысты саяси трансформация сәл тежеліп тұр. Дегенмен Мемлекет басшысы мәселе күн тәртібінде тұрғанын, биыл күзде тиісті реформалардың жаңа пакетін ұсынатынын мәлімдеді. Біз демократияландыру мен күш құрылымдарының қызметі бір-бірінен алыс екенін түсінуге тиіспіз.

АҚШ пен Еуропа елдерінің өзінде полиция шеруге шыққандар мен қарапайым азаматтарға қатаң шара қолданады. Бұл ретте біздің полициядан осыған дейін қалыптаспаған дәстүрсіз, демократиялық құндылықсыз және қазіргідей өтпелі саяси кезеңде басқаша жұмыс істеуді сұраудың қажеті жоқ. Полиция қызметкерлері үйренген, меңгерген әдісіне сай әрекет етеді. Михаил Саакашвилидің Грузияда қолданған тәсілін қолданып, барлық полиция қызметкерлерін жұмыстан шығарып, олардың орнын жаңа адамдармен алмастыру күмәнді бастама. Себебі олардың орнына тура солар секілді ойлайтын, әрекет ететін адамдар келуі мүмкін.

Сондықтан қазір бізге біріншіден, прокуратура органдарын ұстау, анықтау, тергеу сатыларында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін полицияның іс-әрекетін бақылауға міндеттеу қажет. Екіншіден, азаматтық бақылау орнату мақсатында бұл іске адам құқықтары жөніндегі уәкілді, құқық қорғау ұйымдарын жұмылдыру керек.

– Азаматтық сектор билік пен халық арасына дәнекер болуға тиіс. Алайда қоғам белсенділері мен журналистер үнемі қысым көреді. Неге?

– Бүгінгі таңда соңғы оқиғаларға тікелей қатыспаған қоғам белсенділеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Міне, солар дәл қазір мемлекетке болған оқиғаның салдарын еңсеру шарасын ұсына алады. Менің ойымша, мемлекет олардың сөзіне құлақ асады.

– Саяси партиялар бағдарламаларын жаңғыртып, саяси күрес алаңына шығуы керек пе, әлде әліптің артын бағуы керек пе?

– Бізде саяси партиялар толыққанды институт ретінде жұмыс істемейді. "Nur Otan"-ға билеуші партия емес, билік партиясы деген сипаттама дәл келеді.

"Ақ жол" демократиялық партиясы мен Қазақстан Халық партиясы парламенттік оппозиция мәртебесін алғанына қарамастан, үкіметке нақты қарсылас бола алмады. Олар қатты кеткенде мәжілістегі депутаттары арқылы шенеуніктерге жағымсыз сұрақ қоюмен шектеледі. Ал "Ауыл", Adal, ЖСДП сынды парламенттен тыс партиялар саяси шешім қабылдауға атсалыса алмайды.

2019 жылы басшылары 2 рет ауысқаннан кейін социал-демократтар іс жүзінде билеуші элитамен билік үшін күресті тоқтатты. Алайда олар шын мәнісінде оппозициялық партия болды.

"Демократиялық партия" мен "El Tiregi" партиясын құру бастамасы сәтті болмады. Енді, барлық жұмыс істейтін партиялар қызметін өзгертуге тырысады. Билікке 2-3 жаңа партия мен қозғалысты мемлекеттік тіркеуден өткізген жөн.

– Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы қызметінен кетті. Дариға Назарбаева Мәжіліспен қош айтыса ма?

– Тимур Құлыбаевтың "Атамекеннен" кетуі күтпеген жағдай болды. Тимур Құлыбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында белгілі бір альянс құрылды деген әсер болды. Президент "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасын үкіметтің негізгі серіктесі деп атап жүрді. Ал оның жетекшісін реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес құрамына енгізді. Кәрім Мәсімовтың тұтқындалуы Тимур Құлыбаевқа қарсы фактор болған шығар. Себебі олардың бұған дейін тығыз байланысы болуы және байланыстың осы күнге дейін сақталуы мүмкін.

Дариға Назарбаеваға келетін болсақ, оның алдағы саяси мансабы туралы біржақты пікір білдіру қиын. Оның Парламент Мәжілісінен кетуі үшін "Nur Otan" партиясы мен Орталық сайлау комиссиясы белгілі бір ресми рәсімді атқаруы керек.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу