Қазақстандық клуб өз алаңында Кутаисидің (Грузия) "Торпедосына" қарсы қарымта ойын өткізді. Андрей Карповичтің шәкірттері 1:2 есебімен жеңілгенімен, екі кездесудің қорытындысы бойынша келесі кезеңге жолдама алды.
Бірінші болып "Ақтөбе" алға шықты. 31-минутта Максим Самородов "Торпедо" қақпашысын қапы қалдырды. Бірақ, екінші таймда қонақтар басымдықты қолға алып, толассыз шабуылдар ұйымдастырумен болды. Нәтижесінде екі гол соқты. Алдымен 58-минутта Георгий Арабидзе таразы басын теңестірсе, одан кейін Иракли Бугридзе 66-минутта қорытынды есепті орнатты. Ал 78-минуттан бастап "Торпедо" алаңда он ойыншымен қалды. Себебі Ника Сандохадзе сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Осылайша матч "Торпедоның" пайдасына 2:1 есебімен аяқталды.
Кездесуден кейін "Ақтөбенің" бас бапкері Андрей Карпович матчқа қатысты пікір білдірді.
"Ең бастысы, біз өз міндетімізді орындадық. Біз сырт алаңда өте сапалы ойын өткіздік. Өкінішке орай, қарсыластарымызға көп гол соға алмадық. Жеңіске жету үшін гол соғатын мүмкіндіктеріміз жеткілікті болды деп ойлаймын. Келесі кезеңге өткеніміз үшін, әрине, жігіттерге рахмет. Барлық жанкүйерлерді құттықтаймын. Бірақ біраз реніш бар. Өз алаңымызда жанкүйерлерді жеңіспен қуанта алмадық. Соған қарамастан біз "Ақтөбе" футбол клубының даңқты тарихын жалғастырамыз", - деді Карпович баспасөз мәслихатында.
Грузияда өткен алғашқы ойында "Ақтөбе" 4:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Осылайша қазақстандық клуб жалпы 5:3 есебімен үшінші іріктеу кезеңіне өтті. "Ақтөбенің" келесі қарсыласы ЦСКА София (Болгария) – "Сепси" (Румыния) жұбының жеңімпазы "Сепси" командасы. Алғашқы ойын 10 тамызда сырт алаңда, ал жауапты ойын 17 тамызда Қазақстанда өтеді.