Андрей Карпович: "Маған үлкен жауапкершілік артылғанын білемін"

2360

Молдовамен алғашқы матч 24 наурызда "Зимбру" стадионында өтеді.

Андрей Карпович: "Маған үлкен жауапкершілік артылғанын білемін"

Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Молдоваға қарсы өтетін матч алдында баспасөз мәслихатын өткізді.

- Қазақстанда туып-өскендіктен, осы елдің басты командасының бас бапкері атану мен үшін үлкен мәртебе және сынақ. Маған үлкен жауапкершілік артылғанын білемін. Спортшы және команданың мүшесі ретінде әр матчта жеңіске жеткім келеді. Бұл спорттағы басты қағида болып табылады.

- Андрей Владимирович, ойын алдында командаңыздың көңіл-күйі қалай?

- Ұлттық құрамадағы жігіттер жақсы көңіл-күймен келді. Шынымды айтсам, уақыт аз болды. Командадағы атмосфера жаман емес.

- Молдова құрамасындағы қай ойыншыны ерекше атап өте аласыз?

- Көргенімізге және талдауға сүйене отырып, біз қарсыластың қалай ойнайтынын шамамен түсіндік. Қарсыласты жүз пайыз білеміз деу шындыққа жанаспайды. Соңғы іріктеу кезеңіндегі молдовалықтардың матчтарын тамашаладық. Молдова құрамасы – мықты қарсылас, құрамында шебер ойыншылар бар. Олардың көбі Еуропада, мықты чемпионаттарда өнер көрсетеді. Біздің командаға келетін болсақ, бізді қиын ойын күтіп тұрғанын жақсы түсінеміз. Оң нәтиже күтетінімізді қоса кетейін. Оңай болмайды, бірақ жігіттердің ел, абырой және туымыз үшін күресетініне сенімдімін. Қарсыластың күшті және әлсіз жақтары бар. Сондықтан оң нәтижеге қалай жетуге болатынын түсінеміз.

- Исламбек Қуат ертең ойнамайды. Оның орнын кім басады?

– Қуаттан бөлек, Ян Вороговский де Молдоваға келмеді. Исламбектің командаға тигізер пайдасы мол. Ол тәжірибелі футболшы. Бізде оның орнын басатын ойыншылар бар. Кишиневте Қуаттың бізге көмектеспейтінін білдік. Бірақ ол бізбен бірге келіп, командаға қолдау көрсетпек, себебі Исламбек біз үшін өте маңызды ойыншы. Дегенмен, бұл біз үшін үлкен шығын емес.

- Капитан кім болады?

- Мұны ойын алдында анықтаймыз. Мінезді, тәжірибелі ойыншыны таңдайтын боламыз.

- Ұлттық құрамада жастармен жұмыс істеу қиындық тудырмай ма?

- Командада тәжірибелі ойыншылардан бөлек, жастар да бар. Олар матчқа үлкен құлшыныспен шығады. Дегенмен, ұлттық құрамаға шақыртылғандықтан, алаңдап, қобалжуы мүмкін. Біз олармен жиі сөйлесіп, өздеріне артылған сенім мен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екендігін түсіндіреміз. Ішкі атмосфераға да көп нәрсе байланысты. Бірақ ол жағынан мәселе жоқ деп ойлаймын. Командадағы тәжірибелі ойыншылар жастарға қол ұшын созып, көмектерін аямауда.

Қазір құрамды жаңартып, жастарға мүмкіндік беруіміз қажет. Бірақ екі ойынға қатысты екен деп, жас ойыншыларды шақырта бермейміз. Біз олардың шеберлігі мен ойынының тұрақтылығына қараймыз. Қазір ұлттық құрамада жүрген жас футболшылар болашақта команданың ойынына айтарлықтай үлес қосады деп айта аламын.

- Қазір Қазақстан құрамасында Құралбек Ордабаев секілді өнер көрсететін қақпашылар бар ма?

- Кез-келген қақпашы сол деңгейге жете алады. Бәрі футболшының өзіне байланысты. Қазір бізде жас қақпашылар көп. Ұлттық құрамаға тұрақты түрде шақыртылып жүрген Сейсенді айтсақ болады. Одан бөлек, Қазақстанның жастар және жасөспірімдер құрамасында талантты қақпашылар жетерлік. Бұл тақырыпта әңгіме қозғау өте қиын. Себебі Құралбек Ордабаев біздің футболдағы ұлы тұлға. Жас қақпашылар бұл деңгейге жетуі мүмкін, бәрі тек өздеріне байланысты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу