Андрей Скабелка: "Команда құру оңай процесс емес"

1520

"Барыс Арена" баспасөз орталығында "Барыс" хоккей клубының басшылығы мен БАҚ өкілдерінің жоспарлы кездесуі өтті. Журналистердің сұрақтарына клуб президенті Борис Иванищев пен команданың бас бапкері Андрей Скабелка жауап берді.

Андрей Скабелка: "Команда құру оңай процесс емес"

Андрей Скабелка Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы жайлы

- Бұл маусым алдындағы турнир болғандықтан әңгімені осыдан бастайық. Осыған дейін біз көп жұмыс атқардық. Турнирге дейін біз қарсыластармен кездесу өткізген жоқпыз. Оқу-жаттығу жиынында барлық ойыншылар жұмыс істеп, бір жерде ойын режимін қадағаладық. Президент кубогына келер болсақ, әрине, ұйымдастыру жағы өте жақсы болды. Екіншіден, көрермендердің қызығушылығы айтарлықтай жоғары екенін атап өткім келеді. Жанкүйерлерге алғыс айтамын.

Андрей Скабелка команда капитаны туралы

- Команда құрамы айтарлықтай жаңартылды. Қазіргі таңда команда капитаны Никита Михайлис. Ал оның көмекшілері Линден Вей мен Антон Сагадеев болады деп шештік. Негізінде, әрбір ойыншы капитан және әрбір ойыншы көшбасшы болуы мүмкін деп ылғи да айтамын. Болашақта өзгерістер де болуы мүмкін. Қажет болса реттейміз.

Андрей Скабелка "Металлургқа" қарсы ойын туралы

- Біз үшін әр кездесуде жеңіске жету маңызды. Қарсыластың кім екені маңызды емес.

Андрей Скабелка Дінмұхамед Қайыржанның ойыны туралы

– Жақсы әсер қалдырды, бұл кездейсоқ емес. Борис Анатольевич екеуміз ол туралы сонау жазда айтқанбыз. Оқу-жаттығу жиынының басынан бастап ол өзін көрсетті, жаттығуға бірінші келіп, соңғы болып кетеді. Өте еңбекқор, қабілеті де бар. Әзірге ол даму үстінде. Ары қарай не болатынын көре жатармыз.

Борис Иванищев легионер қақпашы туралы

- Әзірге өз күшімізбен жүріп жатырмыз. Бірақ маусым ұзақ болғандықтан  жарақаттан аман болса болғаны. Маусым барысында көре жатармыз. Әзірге біздің қақпашылар жұмыстарын ойдағыдай атқарып жатыр.

- Борис Иванищев Алматыда өтетін жолдастық матчтар туралы

- Келесі маусымда Алматыда ойындар өткіземіз деп жоспарлаған болатынбыз. Бірақ, жаңа күнтізбеге байланысты, өкінішке орай, кездесулерді өткізу мүмкін болмай тұр. Матчтарды келесі жылға жоспарлап отырмыз. Ойындарды басқа қалаларда өткіземіз деп айта алмаймыз. Тек Алматыдағы мұз айдыны ҚХЛ талаптарын сай келеді.

Борис Иванищев Валерий Орехов туралы

– Біз оған ұсыныс жасадық. Лайықты хоккейші әрқашан жақсы жалақыға және маңызды мақсаттары бар клубқа ұмтылады. Ол ұлттық құрамада ойнайды. Басқа клубтың ұсынысын қабылдады. Бізге ондай клубтармен бәсекелес болу қиын.

Борис Иванищев клубтың ребрендингі туралы

- Барлық ҚХЛ клубтары логотиптерін жаңартты. Тек біз 2023 жылды күттік. Жанкүйерлер жаңа логотипі бар өнімдерді өте жақсы сатып алуда.

Борис Иванищев "Томирис" командасының Әйелдер хоккей лигасына қосылуы туралы

- Барлығы қаржылық мүмкіндіктерге байланысты болады. Келесі жылы көреміз.

Андрей Скабелка Қазақстан кубогында Гусейнов, Қайыржан және Шайхмедденовтің "Номад" сапында өнер көрсету үшін өтініш бергендері туралы

- Бұл клубтық жүйе. Өтінімге қатыса алатын ойыншыларды енгіземіз және олар Қазақстан кубогында ойнай ма, бұл кейінірек белгілі болады. Енді олар командамен Челябинскідегі турнирге барады, "Барыспен" бірге маусымға дайындалуда.

Андрей Скабелка команданың алдағы маусымға дайындығы туралы

- Команданың қаншалықты дайын екенін қазір айту қиын. Турнирде небәрі үш ойын ойнадық. Дегенмен нәтижелі өнер көрсеттік. Енді Челябідегі турнирге барамыз. Ол жақта командалар оңтайлы құрамда болады деп ойлаймыз. Менің ойымша, бұл турнирде команданы қалай нығайту керектігін анықтау үшін маңызды болады. Жазда күрделі жұмыстарды атқардық. Команда құру оңай процесс емес екені анық. Іріктеу туралы айтар болсақ, қазірдің өзінде күн сайын осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу