Андрей Тихонов: "Әр команданың дүркіреген шағы бір күні аяқталады"

2182

Елордалық клуб құрамды жасартуды жоспарлап отыр.

Андрей Тихонов: "Әр команданың дүркіреген шағы бір күні аяқталады"

"Астананың" бас бапкері команданың алдағы маусымдағы жоспарларымен бөлісіп, клуб жанкүйерлерін толғандыратын бірқатар сұрақтарға жауап берді.

- Андрей Валерийұлы, команда жаңа маусымға дайындықты бастады. Ойыншылар демалыстан қандай көңіл-күймен оралды?

- Өткен маусым өте күрделі, күйзеліске тоды болды және команда басына түскен барлық қиындықтардан өтті. Жарақат алу жағдайлары да көп болды. Сондықтан кейбір ойыншыларға көп жүктеме түсті. Сол себепті футболшылардың жақсылап демалып, шаршағандарын басқаны аса маңызды болды. Ең бастысы психологиялық қалыпқа келу еді. Ойыншылардың көңіл-күйлері орнына түсіп, футболды сағынғандары байқалады. Команда үлкен ықыласпен жұмыс істеп жатыр. Бұл айқын көрінеді. Біз үшін осы кезеңде ойыншылардың физикалық жағдайымен жұмыс істеу, дұрыс негіз қалау маңызды.

- Жиынға қанша футболшы қатысты?

- 24. Олардың жартысы клубпен келісім-шарт жасаған ойыншылар. Қалғандары біздің жастар.

- Командадан бірқатар футболшылардың кеткені белгілі. Щеткин, Шомко, Маевский командамен қош айтысты. Бұл туралы не айта аласыз?

- Әрине, олардың кетуі оңайға соқпады. Бұл жігіттер ұзақ жылдар бойы "Астана" командасының бір бөлігі болып, оның жеңістеріне де үлестерін қосқан. Футболшыларға РПЛ-ден ұсыныс жасалуы олардың деңгейі мен шеберліктерінен хабар береді. Мен жігіттер үшін шын жүректен қуаныштымын. Олардың биік белестерге және жеңістерге жетуіне тілектеспін. Әрине, мен олармен жұмысты жалғастыру мүмкіндігінен бас тартпас едім. Бірақ біздің бюджетіміз әлі қалыптасу сатысында болғандықтан, біз жаңа келісім-шарттар туралы келіссөздер жүргізе алмадық. Ал жігіттер болса, болашақтарын мүмкіндігінше тезірек анықтап алғысы келді.

- Клуб ардагері Ненад Эричтің жағдайы қандай?

- Ненад - біздің символымыз. Ол жанкүйерлердің сүйіктісі және "Астананың" өткен жылдардағы табыстарына да қосқан үлесі аз емес. Мұндай адам "Астанадағы" мансабын аяқтауға әбден лайық. Сондықтан клуб оған бапкерлер штабынан орын ұсынды. Эричтен қақпашылармен жұмыс істеу бойынша жақсы маман шығатынына сенімдімін. Ол өзінің бай тәжірибесімен бөлісе алатыны анық. Біз оған тиісті ұсыныс жасадық. Жауабын күтеміз. Жанкүйерлерге неге мұндай қадамға барғанымызды түсіндіргім келеді. Оның жетпей тұратынын жақсы түсінеміз. Бірақ біз биылғы жылы осындай қателіктерге жол бермеу үшін өткен маусымда үлкен талдау жасадық. Содан құрамды жасарту өте маңызды деген қорытындыға келдік. Алдағы маусымда бізді чемпионатта 26 матч, ел кубогында бірнеше матч, Суперкубокта 2 матч, сондай-ақ Конференциялар Лигасындағы матчтар күтіп тұр. Бұл өткен маусымға қарағанда әлдеқайда көп. Футболшыларға одан да үлкен жүктеме түседі. Сондықтан команданың орташа жасын төмендету керек. Әлемдік пандемияға байланысты клубтардың бюджеттері қысқару бағытында қалыптасатыны ешкімге құпия емес. Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты жағдай емес. "Реал Мадридке", "Барселонаға", "Арсеналға", "Ливерпульге" қараңыз. Бәрі де үнемдеуге көшіп, бюджеттерін қысқартып жатыр. Егер мұндай алып клубтар белді бекем бууға мәжбүр болса, онда біз туралы не айтуға болады?

- Әлі де шығындар бола ма?

- Бұл біздің қаржылық жағдайымызға және футболшылардың жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайындығына тікелей байланысты болады.

- Команда көшбасшыларының кетуіне футболдағы қиын кезеңдер ғана әсер етіп отыр ма?

- Жалпы алғанда, футболда жетер шыңына шыққан, максималды деңгейге жеткен құрамды өзгерту - бұл жалпы қабылданған және қажетті тәжірибе. Өткен жылдары "Астана" жыл сайын жанкүйерлерді еурокубоктардың топтық кезеңіне шыққанымен қуантып келді. Бұл үлкен жетістік. Бұған бұрын осында жұмыс істеген басшылардың, жаттықтырушылардың, әсіресе футболшылардың байыпты жұмысы арқылы қол жеткізілді. Жыл сайын сапалы 2-3 ойыншы қосылатын қуатты негіз болды және осы жетістіктерді қамтамасыз етті. Бірақ адам ағзасының қуаты шексіз емес. Сондықтан жасы келген футболшылар үшін өздерін қажетті деңгейде ұстап тұру оңай болмайтыны түсінікті. Менің сөзіме сеніңіз. Өзім 41 жасқа дейін ойнадым. Сондықтан не туралы айтып отырғанымды білемін. Әр команданың дүркіреген шағы бір күні аяқталады. Футболдан көптеген мысалдар келтіре аламын: Гиггз, Скоулз, ағайынды Невиллдер мен Бекхемнің уақытындағы "Манчестер Юнайтед". Не болмаса, Хави, Иньеста, Месси дәуіріндегі "Барселонаны" айтайық. Чемпиондар лигасында қатарынан үш рет жеңіске жеткен мадридтік "Реалды" да мысалға келтіре аламын. Осы клубтардың бәрінде де құрам ауысып отырды. Бір жерде онша сезілмесе, бір жерде бұл аса қатты сезіліп жатады.

- Демек, енді жас ойыншылардың құрамға ену мүмкіндігі көбірек бола ма?

- Барлығы олардың өз қолдарында, аяқтарымен қалай жұмыс істейтініне байланысты. Әрине, мүмкіндік бәрінде де бар. Ол үшін шешінетін бөлмеде өзінің аты, нөмірі және фотосуреті бар шкафтың пайда болуына құқығы бар екенін дәлелдеп шығуы тиіс. "Астанада" ойнау - үлкен мәртебе. Бұған тек ең үздіктер лайық болады. Бірақ бұл біз тек жастарға ғана сенім артамыз дегенді білдірмейді. Барлық жағынан үйлесімдік іздейтін боламыз. Үздіктерді қадағалап, байқап отыратын боламыз. Біз бірнеше жыл бойы Қазақстанда өз бағытын көрсететін болашақ командасын жинағымыз келсе де, жоғары міндеттерден де ешкім босатпақ емес. Бұл клубтың бағдары әрдайым максимумға бағытталады.

- Бірақ әзірге клуб бірде-бір жаңа ойыншымен келісім-шарт жасамады.

- Бәрі дұрыс. Біз алдымен өз резервіміздің қалай жұмыс істейтінін көруіміз керек. Маусымның бюджетін біліп, бізден кім кеткенін немесе әлі де кімнің кететінін білуіміз керек. Осыған қарай жаңа ойыншыларды да шақырамыз. Клуб селекциялық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сапалы ойыншылармен толығатын боламыз деген ойдамын. Байқасаңыздар, мұндай жағдайға тап болып, күтіп отырған біз ғана емес. Біздің бәселекстеріміз де осы жағдайда. "Тобыл" да, "Ордабасы" да ешкіммен келісім-шартқа қол қойған жоқ, "Қайрат" 2 күн бұрын ғана өзінің алғашқы жаңа ойыншысын таныстырды.

- Құрамды қалыптастыру кезінде қазақстандық футболшыларға басымдық беріле ме, әлде легионерлерге басымдық беріле ме?

- Жоғарыда айтқанымдай, алдымен біздің иелігіміздегі ойыншыларды байқап, көріп алуымыз керек. Осыдан кейін ғана өзіміз үшін басым позицияларды анықтаймыз. Біз іріктеу бойынша қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ жеке өзім командада, негізгі құрамда жергілікті жігіттер – Астананың тумалары көбірек болғанын қалаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу