Андрей Тихонов: "Жеңіс үшін ойнайтын боламыз"

1774

"Астананың" бас бапкері Андрей Тихонов Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі жауапты кездесу алдында баспасөз жиынына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді, - деп хабарлайды "Астана" футбол клубының баспасөз қызметі. Үшінші кезеңінің матчы бүгін, 12-тамыз сағат 19:00-де "Астана-Арена" стадионында өтеді.

Андрей Тихонов: "Жеңіс үшін ойнайтын боламыз"

- Қызықты матч болады деп ойлаймын. Себебі Финляндияда да тартысты әрі қиын ойын болды. Мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық және қисынға келмейтін гол жіберіп алдық. Сонымен қатар кейбір сәттерде КуПС басымдыққа ие болды. Үйде ойнау мен сырт алаңда ойнау – екі түрлі нәрсе. Жанкүйерлерсіз ойнау бізге кері әсерін тигізеді. Бізге олар анық жетіспейді. Бірақ жеңіс үшін ойнаймыз.

- Бірінші мачта КуПС қандай қиындықтар туғызды? 

- Айтарлықтай қиындықтар болмаған шығар. Команда қазақстандық футболдағы секілді үш орталық қорғаушымен ойнайды. Мұндай командалардың әлсіз тұсын табу қиын. Бірақ біз бұған үйреніп қалдық. Себебі Қазақстанда тек санаулы командалар ғана  төрт қорғаушымен өнер көрсетеді. КуПС - ұйымдасқан өте жақсы команда. Олардың өткен маусымда Еуропа лигасында плей-офф кезеңіне дейін жеткенін жақсы білеміз. Оларда жақсы футболшылар, өзіндік ойын стилі бар. Әрине, оңай болмасы айдан анық, алайда бұған дейінгі "Арис" КуПС-тан мықтырақ секілді. Соған қарамастан біз оларды айналып өттік. Сондықтан бұл қарсыласты да артта қалдыруға тиіспіз. Дегенмен бұл құр сөз. Барлығы алаңда белгілі болады. 

- Ойыншылар жарақаттан аман ба?

- "Ариске" қкрсы ойынның басталуына бір жарым сағат уақыт қалғанда Томасов жарақат алды. Одан кейін КуПС-пен матчқа бір күн қалғанда Эбонг қатардан шығып қалған болатын. Ал енді бүгін ештеңе болмайды деген үміттемін (күледі). Қазіргі таңда жарақаттанған ешкім жоқ. Барлығы ойынға тас-түйін дайын. 

- Шабуылшы ретінде Барсегян, Айымбетов және Бечирай ойнайды. Қазір командада кім негізгі шабуылшы болып саналады?

- Білесіздер ме, егер командада жиі алаңға шығып, жиі гол салатын шабуылшы болса, сол ойыншы негізгі атанады. Бірақ бізде үлкен бәсекелестік. Барсегян негізінен жартылай қорғаушы және қиындықтар туындаған соң, мен оны шабуылға қойдым. Басқа позицияда: мысалы, Эбонгтың шығуына байланысты Қуат ойнай алмады. Ол матч соңында шығып, ойынға үлкен дем берді. Егер ол негізгі құрамда шыққанда, біз ойынға қарқын қоса алмас едік. Сондықтан, тактикалық жағынан біз сауатты жұмыс істедік. Сіздер "Қайсармен" ойынымызды көрдіңіздер. Біз агрессивті ойын көрсеттік және ертең де осылай ойнауға тырысамыз. 

- Команда Томасовқа тәуелді болып қалды деп ойламайсыз ба?

- Мысалы, "Қайраттан" Вагнер Лавты алып тастайтын болсақ, олар тәуелді болып қала ма? Міне, әңгіме осыда. Біз бұл мәселені шешуге тырысудамыз. Ағымдағы маусымда Марин тепкен добының бәрі гол болатындай тамаша қабілетке қол жеткізді. Осыдан кейін, барша жанкүйерлер одан басқа ешкім гол соқпайды деген пікірде жүр. Мұндай сәттер болып тұрады. Бізде оған қоса әр ойында шабуыл ұйымдастыратын Барсегян мен Педро бар. Педроға өзін сенімді сезіну үшін бар-жоғы бір гол салу қажет.

- Трансферлік нарықтағы жұмыстар не болып жатыр?

- Біз миллионерлер командасы емеспіз ғой (күледі). Қалаған ойыншыны сатып алатындай жағдайда емеспіз. Ал тегін ойыншылар командаларда.

- "Астана" еурокубок аясындағы қонақтағы матчтарын сәтсіз өткізіп жүр. Сіз қандай пікірдесіз? 

- Тағы да қайталаймын, бізге қарсы ойнаған командаларға қараңыздар. Біз тізе бүктірген "Арис" өте мықты ұжым. Оның үстіне, Томасов болмады. Түздегі ойында басқаша тактика өрбиді. Сен екі доп айырмасымен ұтып жатқанда, қорғанысқа көп көңіл бөлесің. Сондықтан Педро мен Тигран жылдамдыққа ойнады. Сол матчта жартылай қорғаныс нашар ойнады. Міне осы себепті матч сәтсіз болды. Оған 18 мың жанкүйердің қысымын қосыңыз. Ал біз көрерменмен ойнамағанымызға көп уақыт болды. Жігіттер аздап өздерін жоғалтып алды.

- Сіз үшін әдемі футбол маңызды ма, әлде нәтиже маңызды ма?

– Нәтижесіз әдемі футбол ойнауға болады. Мысалы, жанкүйерлердің өтінішін орындап, кіл жастарды шығарып, үш ойында нөл ұпай жинайтын болсақ, олар не айтады? Әрине, бапкер нашар дейді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу