Англия құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады. В тобындағы Англияның Иранға қарсы кездесуі 6:2 есебімен аяқталды. Бірінші таймда Англия құрамасы жауапсыз үш гол соқты. Есеп 35-минутта ашылып, Джуд Беллингем гол соқты. 43-минутта Букайо Сака есепті еселей түсті. 45-минутта Рахим Стерлинг көзге түсті. 62-минутта Сака дубль жасады. Ал ирандықтар сапынан 65-минутта Мехди Тареми голымен жауап берді. Дегенмен, британдықтар тағы екі рет– Маркус Рэшфорд 71-минутта, ал Джек Гриалиш 90-шы минутта гол соқты. Қосымша уақытта Тареми пенальтиді сәтті орындап, дубль авторы атанды.
Айта кетейік, Иран құрамасы бұл матчта қорғаушысымен соқтығысқанда жарақат алған негізгі қақпашы Алиреза Бейранвандтан айырылды. Оған алаңда ұзақ уақыт бойы көмек көрсетілді. Сондықтан бірінші таймға 14 минут қосылды.
Сонымен қатар Нидерланды құрамасы Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатын жеңіспен бастады. А тобында Сенегалға қарсы ойын Дохада өтті. Кездесудегі бірінші голды 84-минутта Коди Гакпо соқты, оған Френки де Йонг көмектесті. Ал ойынға қосылған тоғызыншы минутта қорытынды есепті Дави Классен орнатты.
Осы кездесуден кейін Нидерланды құрамасы үш ұпай жинап, Эквадормен бірге топтағы көшбасшылықты бөлісіп отыр. Келесі турда 25 қараша күні Нидерланды мен Эквадор кездеседі. Сол күні Сенегал мен Катар өзара мықтыны анықтайды. Ал британдықтар қарашаның 25-нен 26-сына қараған түні АҚШ-пен, ал 25-і күні Иран Уэльспен сынға түседі.
В тобында тағы бір матч бүгін АҚШ пен Уэльс арасында өтеді.