Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингі деректерін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жекелей сында беларусьтік Арина Соболенко бұрынғыша көш бастаса, Польша өкілі Ига Швентек екінші, қазақстандық Елена Рыбакина 3-орында қалды.
Қазақстанның 2-ракеткасы Юлия Путинцева 70-орнын сақтады.
Зарина Дияс 282-ден 290-ға, Жібек Құламбаева 387-ден 388-ге сырғыды.
Жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс бірінші, чехиялық Катержина Синякова екінші сатыда тұрса, италиялықтар Жасмин Паолини мен Сара Эррани үшінші орынды бөлісіп тұр.
Қазақстанның жұптық сындағы 1-ракеткасы Анна Данилина 11-ден 10-ға шықты. Сөйтіп ол ТОП-қа қайта кірді. Аннаның үздік көрсеткіші (8) 2025 жылы маусым айында тіркелген еді.
Юлия Путинцева 102-ден 106-ға, Жібек Құламбаева 133-тен 137-ге төмендеді.
Е.Рыбакина мен А.Данилина осы аптада Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінде өнер көрсетеді.
Е.Рыбакинаның екінші айналымдағы қарсыласы бүгін анықталады. Жұптық сында жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина мен сербиялық Александра Крунич те доданы екінші айналымнан бастайды.