Анна Данилина Аустралияда керемет жетістікке жетті

1702

Қазақстандық теннисші спорттық мансабында алғаш рет Аустралия ашық біріншілігінің финалына шықты.

Анна Данилина Аустралияда керемет жетістікке жетті

Анна Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге финалда әлемнің жұптық сындағы бірінші ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен шеберлік байқасты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Биылдан бастап бірге ойнай бастаған Данилина мен Майя осыған дейін Сидней WTA 500 додасында жеңімпаз атанды. Бірінші партия барысында қарсыластар екі реттен брейк жасады. Тай-брейкте қазақстандық-бразилиялық жұп сәтті ойнай білді – 7:6 (7:3). Екінші сетте чехиялықтар алға кетті – 2:0. Ақыры сол басымдылықтан айырылған жоқ – 6:4. Үшінші, шешуші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық-бразилиялық жұп брейк-пойнтты пайдалана алмады. Есесіне қарсыластары мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеді – 3:2. Тағы бір брейк – 5:2. Бұдан кейін Синякова матчқа доп бергенде, Данилина мен Майя қарымта қайырып, есепті қысқартты. Дегенмен Б. Крейчикова доп бергенде, жеңіс чехиялық жұптың еншісінде кетті – 6:4. Нағыз финалға тән тартысты бәсеке 2 сағат 42 минутқа созылды

Осылайша қазақстандықтар арасында алғашқы болып Аустралия біріншілігінің финалына дейін жеткен Анна Данилина алдағы дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде жұптық сында үздік 25 теннисшінің қатарына кіреді. Сонымен қатар ол Елена Рыбакинаны айналып өтіп, Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды. Ал сыйақыға келер болсақ, қазақстандық-бразилиялық жұп 255,2 мың АҚШ долларын алады. Бұл жалпы сома. Егер екіге бөлсек, әрқайсысы салықты есептемегенде шамамен 127,6 мың доллар немесе 55,7 миллион теңге сыйақыға ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 26 жастағы Данилина мен 25 жастағы Хаддад Майя Сиднейде өткен турнирде жеңіске жеткен болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу