Анна Данилина Берлин WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты

565

Өкінішке орай, Берлиндегі турнирге қатысқан тағы бір қазақстандық теннисші Елена Рыбакина екінші айналымнан кейін жарыс жолынан шығып қалды.

Анна Данилина Берлин WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Анна Данилина Берлин WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты. Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген Анна Данилина мен қытайлық Сюй Ифань алғашқы айналымда германиялық Лаура Зигемунд – ресейлік Вера Звонаревамен шеберлік байқасты. Қазақстандық-қытайлық жұп қарсыластарын 6:3, 6:1 есебімен оңай жеңді. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесу барысында Данилина мен Ифань 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Қазақстандық-қытайлық дуэт жартылай финалға шығу үшін чехиялықтар Катерина Синякова – Маркета Вондрусовамен кезедеседі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады. Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен кездесті. Бірінші партияда тай-брейкте Елена Рыбакина басымдылық танытты - 7:6 (7:1). Алайда содан кейін хорватиялық спортшы күш алып кетті - 6:3, 6:4. Екі сағат 14 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена Рыбакина 15 эйс жасағанымен, 2 брейк-пойнтты мүлт жіберді.

Ал ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты. Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 14-ракеткасы, хорватиялық Борна Чоричпен өткізді. Бірінші  партияда Бублик 4:1 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3. Екінші сетте қазақстандық спортшы қарқынын үдете түсті – 6:1. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 15 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруффпен кездеседі. Матч бүгін елорда уақытымен 17:20-ға жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу