Анна Данилина Францияда өткен теннис турнирінде жеңіске жетті

1510

Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Контрексевил (Франция) ITF World Tennis Tour W100 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Анна Данилина Францияда өткен теннис турнирінде жеңіске жетті

Қазақстандық теннисші норвегиялық Ульрикке Эйкеримен бірге финалда бельгиялық Кимпберли Циммерман – мажарстандық Далма Галфимен кездесті. Бұл жұптар осы доданың бірінші және екінші ракеткалары еді. Қазақстандық-норвегиялық жұп бірінші партияда қарсыластарына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сетте бельгиялық-мажарстандық жұп есе қайырды – 6:1. Супер тай-брейкте Данилина мен Эйкери 10:4 есебімен жеңіске жетті. Бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.

"Мен бүгін осындай қиын кездесуде жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Ойынның қиын болғаны сөзсіз. Біздің қарсыластарымыз мықты болды. Мен супер тай-брейкте эмоционалды түрде шыдас бергенімізге қуаныштымын! Енді Қазақстанда Tomiris W 60 турнирі басталады. Мен біздің қыздарға сәттілік пен жарқын жеңістер тілегім келеді", - деді  матчтан кейін Анна Данилина.

Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер арасындағы басты теннис турнирі коронавирус пандемиясына байланысты бір жылдық үзілістен кейін елордаға оралады. President's Cup 2021 жарысы аясында ITF World Tennis Tour Tomiris W 60 турнирдің жеребесі тартылды. Биыл турнир скиф патшайымы Томиристің есімімен аталды.

Негізгі себетте ұйымдастырушылардан wild card алған үш қазақстандық ойнайды. Гозаль Айнитдинова бастапқы раундта Екатерина Казионоваға қарсы шығады. Екатерина Дмитриченко мен Жібек Құламбаеваның қарсыластары іріктеу ойындарының қорытындысы бойынша анықталады.

Татьяна Николенко, Карина Резванова, Адель Исмагулова, Елизавета Гнилозубова, Софья Чурсина және Тамара Черкасова сынды жас қазақстандықтарға беделді жарыстың басты раундына жолдама алуға тамаша мүмкіндіктер туып тұр. Олар ертең өздерінің іріктеу матчтарын өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу