Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Анна Данилина Гамбург (Германия) WTA 250 турнирінің финалына шықты. Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Александра Пановамен бірге жартылай финалда италиялықтар Ангелика Морателли – Камилла Розателломен бақ сынасты.
Бірінші партияда италиялық жұп сәтті ойнады – 6:3. Екінші сетте тай-брейкте қазақстандық-ресейлік дуэт есе қайырды – 7:6 (7:5). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:3. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Анна мен Александра 12 брейк-пойнттың тек үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 4 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті. Анна Данилина – Александра Панова финалда доданың 2-ракеткалары, чехиялық Мириам Колодзиэева – америкалық Анжела Куликовамен бас жүлдені сарапқа салады.
Ал Александр Недовесов Умаг қаласында (Хорватия) өтіп жатқан ATP 250 турнирінің жұптық сайысында жартылай финалға өте алмады. Өкінішке орай ширек финалда Недовесов эквадорлық теннисші Гонсало Эскобармен хорватиялық-словениялық Нино Сердарушич/Блаж Рола жұбынан 2:6, 6:3, 8:10 есебімен жеңіліп қалды.