Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен WTA-1000 турниріндегі шешуші матчта сербиялық теннисші Анна Круничпен бірге кездесу фавориттері саналған Тейлор Таунсенд (АҚШ) / Катерина Синякова (Чехия) жұбымен кездесті.
Финалдық матч 1 сағат 35 минутқа созылып, америкалық-чехиялық дуэттің екі сетте жеңісімен аяқталды - 7:6 (7:4), 6:4.
Турнирдің финалына шыққаны үшін Данилина мен Крунич жұбы жалпы 247 870 доллар сыйақы алды. Осылайша, әр теннисші шамамен 123 935 доллардан табыс тапты. Сонымен қатар спортшылардың әрқайсысына WTA рейтингінің 650 ұпайы берілді.
Беделді турнирдегі нәтижесінің арқасында қазақстандық теннисші WTA-ның жұптық сындағы live-рейтингінде өз орнын жақсартты. Данилина жалпы еспте 6895 ұпай жинап, әлемдік рейтингтің төртінші орнына көтерілді. Бұған дейін ол алтыншы орында тұрған еді.