banner

Анна Данилина қанша сыйақы алады?

2259

Аустралия ашық біріншілігінің биылғы жүлде қоры 54 млн АҚШ долларын құрады. Бұл рекордтық көрсеткіш.

Анна Данилина қанша сыйақы алады?

Қазақстандық Анна Данилина спорттық мансабындағы алғашқы Australian Open турнирінде финалға дейін жетті. Данилина мен оның бразилиялық серіктесі Беатрис Хаддад Майя керемет нәтижеге қол жеткізді. Матчтардың басым бөлігінде олар фаворит болмағанымен, біраз теннисшілердің жолын кесіп, теннис жанкүйерлерін таң қалдырды. Жартылай финалда олар Жапониядан келген, турнирдің екінші нөмірлі дуэтін үш сетте де ұтса, финалда чехиялық Барбора Крейчикова мен Катерина Синяковаға қарсы кортқа шығады. Барбора мен Катерина "Үлкен дулыға" турнирлерінде жұптық сайыста үш рет жеңіске жетсе, ал өткен жылы Барбора жекелей сында да "Ролан Гарроста" да үздік нәтиже көрсетті.

Australian Open-2022 турнирінің финалына шыққан жұп 255,2 мың АҚШ долларын алады. Бұл жалпы сома. Егер екіге бөлсек, әрқайсысы салықты есептемегенде шамамен 127,6 мың доллар немесе 55,7 миллион теңге сыйақыға ие болады. Бірақ жұптық жарыстың финалистерін жекелей жарыста сүрінгендердің көрсеткіштермен салыстыруға келмейді. Өйткені жекелей жарыстардың финалистері 1,11 миллион доллар алады. Турнирде Данилина мен Хаддад Майя жеңіске жеткен жағдайда екеуі 486 000 доллар (немесе әрқайсысы 239,3 мың доллардан = 104,5 миллион теңге) табыс табады. Бұл жекелей жарыстың 1/8 финалында жеңілген теннисшінің сыйақысынан сәл ғана артық.

Жалпы Данилина кәсіби мансабында 228,5 мың доллар табыс тапқан. Жеңіске жеткен жағдайда ол өзінің жалпы табысының көлемін екі есеге  арттырмақ. Айта кетейік, Аустралия ашық біріншілігінің жалпы жүлде қоры биыл 54 миллион долларды құрады және бұл Мельбурн турнирі үшін рекордтық көрсеткіш. Былтырғы жүлде қорымен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен бес пайызға артқан.

Данилина жұптық сайыстар бойынша WTA рейтингінде 53 орыннан 25 орынға дейін көтерілді. Бұл өткен жылы АҚШ ашық біріншілігінің алғашқы айналымында жеңіліс тапқан 26 жастағы қазақстандық теннисші үшін екінші "Үлкен дулыға" турнирі. Анна Данилина биылғы Аустралия ашық біріншілігінің финалына дейін жеткен жалғыз қазақстандық теннисші. Ол ертең бразилиялық теннисшімен бірге, елорда уақытымен таңғы сағат 10:00 де финалдық кездесу өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу