Қазақстандық теннисші Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачёвамен бірге Меридада (Мексика) өткен WTA 500 турнирінің финалына шықты.
Жартылай финалда олар венгриялық Тимея Бабош пен америкалық Николь Меличар-Мартинесті 3:6, 7:6, 11:9 есебімен жеңді. Алайда финалда Маяр Шериф (Мысыр) және Катажина Питер (Польша) жұбына 6:7, 5:7 есебімен жол берді.
Бұл нәтиже Хромачёваға 130 ұпай жинап, жаңартылған WTA жұптық рейтингінде 14-орынға көтерілуге мүмкіндік берді, бұл – оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіш. Данилина да 130 ұпай иеленіп, рейтингте 17-орынды сақтап қалды.
Ал, жекелей сында америкалық теннисші Эмма Наварро чемпион атанды. Ол шешуші кездесуде колумбиялық Эмилиана Арангоны 6:0, 6:0 есебімен ұтты.
Финалда жеңіске жеткені үшін Наварро 164 000 доллар сыйақы алады және 500 рейтингтік ұпайға, ал Аранго 101 мың доллар мен 325 рейтингтік ұпайға ие болды.