Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина мен ресейлік Ирина Хромачева бастапқы кездесуін ресейлік Амина Аншба – чехиялық Анастасия Детюкпен өткізді.
Ойын қазақстандық-ресейлік жұптың айқын жеңісімен аяқталды – 6:4, 6:3. Бір сағат 26 минутқа созылған матчта екеуі 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Ресейлік-чехиялық дуэт 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина – Ирина Хромачева жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Мирра Андреева – Софья Лансеремен таласады. 17 жастағы М.Андреева осы додада жекелей сында ширек финалға жолдама алды.